Бүгінде қызғалдақ туралы сөз қозғалса, көкжиегі түрлі-түсті гүлдерге толған Голландияны еске аламыз. Шын мәнінде, қызғалдақтың «тарихи отаны» асқақ Алатаудың баурайы екені ғылыми тұрғыда дәлелденген.
10 млн. жылдан астам уақыт бұрын Тянь-Шань тауының етегінде бас киім пішіндес ерекше әдемі гүл пайда болған. Осы жерден бастау алған қызғалдақ гүлі бүкіл әлемге таралды. Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың 3000-нан астам түрі кездеседі. Олардың басым бөлігі – қазақстандық қызғалдақтардың ұрпақтары.
Алматыдан бастау алған қызғалдақтар батысқа жиі ұзатылған. Алдымен Персияда, кейін Түркияда ерекше гүлдер егіле бастады. Түркияда олар алғаш рет кәсіби түрде таңдалды. Онда қызғалдақтарға «лале» деген атау берілген. Осыдан кейін түрік елінде «Лале» есімі жиі қойылып, танымалдыққа ие болған. Еуропаға қызғалдақ тұқымы алғаш рет 1554 жылы әкелініп, «Вена» дәрілік өсімдіктер бағына отырғызылған. Ал «қызғалдақтар елі» атанып кеткен Голландияға ерекше гүлдер 1570 жылы аяқ басқан. Осы кезден бастап Еуропада нағыз «қызғалдақтар маниясы» басталады.
Қызғалдақтар туралы қызықты деректер
- Қызғалдақтың кең таралған «тюльпан» атауы «тюрбан» деген сөзден шыққан. Мұндай атау гүлдің сырт пішіні бас киімге ұқсас болғандықтан және түріктер бұл гүлдермен тюрбан безендіргендіктен берілген.
- Түркияда және басқа да ислам елдерінде қызғалдақ – үйлесімділік пен рухани құндылықтың символы болып саналып, оған үлкен мистикалық мән беріледі. Осман империясы кезінде Түрік жауынгерлерінің қару-жарақтары қызғалдақтардың суреттерімен безендірілген. Мұндай сурет жауынгерді жарақат пен өлімнен қорғайды деген сенім ұялатқан.
- Араб әліпбиінде «қызғалдақ» сөзінің жазылуы «Алла» сөзімен сәйкес келетіндіктен, қызғалдақ – Тәңірдің гүлі деген мағынаға ие. Сондықтан көптеген ислам елдерінде қызғалдақтың бейнесін сәулет ескерткіштерінен және қабірлерден кездестіруге болады екен.
- XVII ғасырдың ортасында Нидерландыда қызғалдақ гүлдері қымбат бағаланған. Мысалы, бір қызғалдақ шамының бағасы орташа айлық табысы бар тұрғынның жалақысынан 10 есе көп, бай қолөнершілердің жылдық табысына теңелген. Нидерланды елінде қызғалдық әлі күнге дейін байлық пен өркендеудің символы саналады.
- Голландия елінде жыл сайын сәуір айының соңына қарай «гүлдер шеруі» өткізіледі. Мұндай мереке Түркияның Стамбул қаласында да өткізіледі. Аталған шара наурыз айының аяғы мен сәуірдің соңына дейін жалғасады екен. Онда қызғалдақтардың әртүрлі сорттары назарға ұсынылады. Мереке уақытында қызғалдақтардың әдемілігін көруге шет елден қонақтар арнайы келеді екен.
Қазақстанда өсетін қызғалдақ түрлері
Бүгінде елімізде қызғалдақтың 35 түрі өседі. Олардың 18-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Бір өкініштісі, оның сирек кездесетін түрлері жойылып кетіп жатқан көрінеді. Оның себебі – қызғалдақтар өсетін орындарға адамдар жиі баратын болған. Осы тұста Қазақстанда кездесетін қызғалдақ түрлері мен тарихына тоқталып өтсек.
Грейг қызғалдағы – қазақстандық қызғалдақтың бұл түрі алғаш рет Қаратау тауларында бой көтерген. Атауы Ресей бағбандар қоғамының президенті Самуэль Алексеевич Грейгтің құрметіне қойылған. Гүлдің бұл түрі XIX ғасырдан бері жиі өсіріліп келеді. Одан қызғалдақтың екі жүзден астам элиталық сорттары алынған. Грейг гүлі Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сондықтан қызғалдақтың бұл түрі Ақсу-Жабағылы қорығында, Жамбыл облысындағы Берқара ботаникалық қорығында және Оңтүстік Қазақстан облысындағы тағы бір мамандандырылған «Красная горка» қорығында қорғауда тұр.
Борщов қызғалдағы да елімізде «Қызыл кітапқа» енген. Оның атауы гүлді алғаш рет тапқан орыс ботанигінің құрметіне қойылған. Қызғалдақтың бұл түрі Байқоңыр өңірінде өсіріледі. Борщов қызғалдағының ерекшелігі – құмды және саздықұмды шөлдерде бой көтереді.
Шренк қызғалдағы Қазақстанның солтүстік аудандарында ғана өседі. Себебі, бұл гүл салқын ауаны жақсы көреді. Аталған сорт Грейг қызғалдағы сияқты қызғалдақтың көптеген заманауи сорттарының негізін қалаушы болып табылады. Алайда, шренк қызғалдағы Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де «Қызыл кітабына» да енгізілген. Сондықтан қызғалдақтың осы түрінің шамдарын жинауға қатаң тыйым салынады.
Сондай-ақ, елімізде Альберт (екі гүлді қызғалдақ), Зинаида, Кауфман, Колпаковский, Королкова, Лиманновский, Островский қызғалдақтары мен кеш гүлдейтін қызғалдақ түрлерін де кездестіруге болады. Біздің еліміз әлі де қызғалдақ түрлеріне бай өлке болып саналады.