Алматы алып шаһар. Мұнда тіршілік қарбалас. Қу тірліктің соңында жүріп экологиялық ахуалды естен шығарып алатынымыз рас. Сондықтан қоршаған ортаға бей-жай кейіп танытпаған жөн.
Оңтүстік астананың экологиялық ахуалын жақсартуға әрбіріміз талпынуымыз қажет. Сол бағытқта атқарылып жатқан істер де аз емес-ті. Осыған орай «Greenup.kz» қоғамдық қорының жоба жетекшісі және Алматыдағы «Recycle BIRGE» экологиялық қоғамдық қозғалысының тең құрылтайшысы, эколог маман Пакизат САЙЛАУБЕКОВАМЕН сұхбаттастық.
– Алматының экологиялық ахуалын жақсарту жолында қандай қадамдарға барған дұрыс?
– Ең әуелі қалдықтарды сұрыптай білу керек. Қажет керек жарақты орнымен тұтыну қажет. Неғұрлым тұрмыс жағдайында әртүрлі заттарды көп тұтынсаңыз, соғұрлым қалдық көп қалады.
Әлемде Zero Waste деген ұғым бар. Қазақшаға аударғанда заттарды дұрыс тұтыну дегенді білдіреді. Мысалға керек затымызды ойланып алсақ дейміз. Пластикті көп сатып алмауға тырысайық. Оның орнына экодорбаларды қолданайық. Бұл әрі таза өңдеуге ыңғайлы болар еді. Салауатты өмір сүру дағдысына осы айтқан ойларымызды қоссақ болады.
Егер экосана жақсы жолға қойылсын десек, балабақша, мектептен бастап жүйелі жұмыстардын ретін қалыптастыру қажет. Одан кейінгі этап жоғарғы оқу орындарында жүргізілсе дейміз. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Қалдықты кәдеге жаратайық
– Дүниежүзінде қалдықтарды сұрыптау технологиясы бар. Біз қашан сол деңгейге көтерілеміз?
– Ол жағын уақыт көрсетер. Шетел тәжірибесіне зер салсақ олар бізден 20-25 жылға алда. Сырт елдерде тек сұрыптап қоймай, жарамсызын жағып жібереді. Осындай тың технологиялық тәсілдер зиянды улы заттардың ауаға тарамауын қамтамасыз етеді. Бізде енді-енді қоқысты өртеу қолға алынып келеді.
Қазақ елінде орташа есеппен 15 % ғана қоқысты өңделеді. Ал қалған 85% полигонға төгіледі. Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарау қажет. Дамыған елдердің озық үлгілерін қай уақытта келеді деп қарап отырудан түк шықпайды. Сол себепті де қоқысты кәдеге жарату үшін сұрыптау әдісін жаппай енгізіп, кез келген жерді шашқандарды заңмен айыппұлға тартса, соның ішінде ең әуелгігісі санада мәдени экологиялық өзгеріс жасаса біраз шаруа түзелетін түрі бар. Егер осы бағытта бар күш-жігерді жұмылдырсақ 5 жылда таза экологияға қол жеткізе аламыз.
Сурет: pionerschool.uoirbitmo.ru
– Қоқыс полигондарына қатысты ой-пікіріңіз қандай?
– Әрине бұл күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл жөінінде әлгінде айтып өттім. Қоқыс алаңқайларында метан газы пайда болады. Ауаға улы заттар бөледі. Қатты ыстықтан шыны ыдыстар, айналасындағы қағазды күйдіріп өртеп жіберуі мүмкін.
Өткен 2023 жылы 5550 қоқыс орындары табылды. Оларды қайта қарап, мониторинг жұмыстары жасалып жатыр. Құзырлы мекемелер осы қоқыстар бей-жай шашылып жатпас үшін арнайы полигондарға жинап, көмеді. Әзірге бұдан басқа амал болмай тұр. Ол өте кір, тым лас. Ондай қалдықтарды ешкім сатып алмайды. Мамандандырылған компаниялар бұндай қоқыстарды сатып алмайды. Өйткені соны жуып тазалау көп уақыт пен қаражатты қажет етеді. Сондай-ақ орасан зор элекрт қуаты кетеді. Бұл әзірге тиімсіз болғандықтан полигондарға көміліп жатыр. Осындай істердің арқасында әр жерде жатқан қоқыс орындары азайып келеді.
Негізі көрінген жерде қоқыс тастап, қалдықтарды үйіп төгіп тастамау керек. Мысалы органикадан тыңайтқыш жасауға болады. Бұны көбісі біле бермейді. Сондықтан қоқыс атаулы сұрыпталмай, ауладағы қоқыс жәшігіне қалай болса солай тасталады. Жаман иістің шығуы – органикалық заттардан.
Мүмкіндігінше қоқыс алаңқайларына қолданылған заттарды үйіп-төге бермей, әрбіріміз сұрыптау әдісін үйренсек жақсы болар еді. Сонымен бірге қоқыс өңдейтін зауыттарды көбірек қолданысқа енгізу керек.
Сұрыптауды үйренейік
– Осы салада тың ұсыныстарыңыз бар ма?
– Бізде ауқымды түрде жобалар басталып келе жатыр. Өз тарапымыздан алдымызға қойған үлкен мәселе ол – қолдану мерзімі өткен дәрілер. Осы сұрақты зерттеген кезде бұндай пункттер тек Елордада ғана бар. Ал Алматыға бірізділік қажет. Біз белгілі бір компаниямен келісімге келдік. Осыған дейін жиналған 70 келіге дейінгі жарамсыз дәрілерді арнайы пеште өртейтін болды. Қаламыздағы Астанадағыдай утилизациялық жалғыз бекет 2 жыл бұрын жабылды. Осыны қайта жандандыру проблемасын көтеріп жүрміз. Негізгі бастама – жарамсыз дәрі-дәрмекті утилизацияға жіберетін жұмысты республика көлемінде бастауды көздейміз. Өйткені әр акцияда біз 4 сағат жұмыс істейміз. Төрт сағатта 70-80 дәрілер жинаймыз. Соның арасында таблетка, сироп, капсула бәрі-бәрі бар. Ал еліміздегі 20 миллион адамның үйінде қанша дәрі бар екендігін есептей беріңіз!
Мерзімі өтіп, қолданыстан шыққан дәрілерді полигонға тастағанша өртеп жіберсек, экологияға барынға тиімді болмақ. Жерге көміп тасталған дәрілер жер асты суымен сіңіп кетеді. Ал жер астынан шыққан суды адамзат тұтынады, жан-жануар да ішеді. Алматыда суды 40 % ғана таудан аламыз, қалған 60 % жер асты суларынан қазап, тартамыз. Енді өзіңіз ойлап қараңыз қоқыс алаңқайлары төгілген ауданда су бұрғылау станциялары тұрса, соны тұрғындар тұтынса не болады? Бұл нағыз биологиялық айналымға кері әсерін тигізері анық. Мейілінше бұндай олқылық болмағаны абзал.
Көбісі көп қабатты үйде тұрады. Сөйтіп керексіз сироп, қажетсіз дәрі сұйықтығын дәретханаға ағызады.Тіпті болмаса, қоқыс жәшігіне тастап жібереді. Қалдықтың барлығы полигон мен қоқыс орындарына төгіледі. Көрдіңіз бе, кілтипан осы да болып тұр ғой.
– Эконауқандардың пайдасы неде?
– Біздің мақсат – таза қала үшін әркетер жасау. Мұндай акциялардың тиімдігілі тек қана қалдықтар емес, сондай-ақ киім-кешек, әртүрлі заттарды әлеуметтік жобаларға, керексінген адамдарға тапсыру қажет болып тұр. Осындай бекеттерді көбірек ашайық. Бұл жағынанда біртіндеп жұмыстар атқарылып келеді.
Осы салада 5-6 жылдан бері жұмыс істеп жүрміз. Біраз нәтижелерге қол жетті. Бізге «Greenup.kz» қоғамдық қоры болғанымызға – 5 жыл, Алматыдағы «Recycle BIRGE» экологиялық қоғамдық қозғалысының жұмысына – 6 жыл толды. Біз экосенбілікке шығамыз, қалдықтарды сұрыптаймыз. Таза түрлерін өңдеуге жібереміз, жарамсыз заттарды полигонға береміз. Сол арқылы адамдары таза экологиялық жағдайға баулуға тырысамыз.
Былтыр «Тазалық ойындары» деген инициативаны бастаған болатынбыз. Бұл Ресей елінен келген франшиза. Сондай ойындарды қатарынан 5 рет өткіздік. Ойынның мақсаты қалдықтарды бәсеке сияқты тездетіп жинау керек. Ұтқан 3 құрама сыйлықтар алады. Сондай-ақ экофесттер жасаймыз.
Біздің ісіміз – экологиялық таза орта қалыптастыру. Қалдықты сұрыптау, өңдеу мәдениетін қалыптастыру, оқыту үйрету.
Ниет болса бәрі болады
– Сіздердің қатарларыңызға экологияға жанашыр жандар қалай қосыла алады?
– Біз әлеуметтік желілерде бармыз. Керек еткен ерікті болам деушілер инстаграм парақшамызға жазады. Біз ықылас танытушылармен тілдесіп, ватсап чатымызға қосып ары қарай жұмыс жасайтын боламыз.
Біздегі еріктілер көбіне эколог мамандар. Алғашқыда келгендер тәжірибе жинақтайды, біртіндеп сатылап өседі. Өзім ойым осындай науқандарға қатысып, ауыр-ауыр шыны ыдыстарды көтеріп жүрген ұл-қыздарға қаржылай қолдау білдіргіміз келеді. Әттең қорымызда артық қаржы болса, демеушілер табылса ерікті жастарға ынталандыру жасағымыз келеді.
Сіз науқанды 4 сағат көресіздер, ал волонтерлер 7 сағат жұмыс істейді. Мысал үшін құрамдағы 30 еріктіге тек қана жалақы емес, үстемақы беріп, қолдап-қолпаштап жіберегенге не жетсін! Осы ізгі ой қашан болатынын кім білсін, бірақ соған жетейік.
Алдымыздан кездескен проблемалар болды. 2 жыл бұрын акция өткізетін орынды тегін табу қиын болды. Қоғамдық қор болғандықтан 1 күн жалдап акция ұйымдастыру үшін 1 миллион теңге қаржы беруге шама келмейді. Сондықтан жомарт жандардың қолдауы зор септігін тигізеді.
Өмір жақсы болсын десек, қоршаған ортаны аялап ұстайық. Өйткені таза ауа, мөлдір су, жинақы қала, жайлы орта бәрімізге қажет.
– Көп рахмет!