ffin.kz

Егеуқұйрық көбейіп барады

Егеуқұйрық көбейіп барады newsae.ru

Олармен қалай күресеміз?


Қазір қаладағы көпқабатты үйлердің қоқыс жиналатын контейнерлерінің маңында, самса, шаурма сататын сауда орындардың айналасында егеуқұйрықтар толып жүретін болды. Бұл мәселені қала тұрғындары жиі көтеріп жүр. Мәселен, kris.p.almaty.official Instagram парақшасы егеуқұйрықтардың қаптап кеткенін бір емес, бірнеше рет жариялады. Дәлел ретінде Медеу, Жетісу, Бостандық аудандарында егеуқұйрық­тар толып жүргенін видеоға түсіріп, көпшілікке таратты.


Оларды түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес


Кris.p.almaty.official әлеуметтік желі ав­торлары Медеу ауданындағы Мәметова мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында, сон­дай-ақ «Жетісу-1» ықшамауданындағы арық­тарда егеуқұйрықтар жүргенін түсірген бір­неше видео жариялады. Басылым авторларының айтуынша, егеуқұйрықтар қаланың біраз жерінде жүр.


Әрине, қалада егеуқұйрықтармен жыл сайын күрес жүргізіліп келеді. Бірақ кеміргіштерге қарсы қанша «соғыс» жария­лағанмен, оларды түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Олардың бір ерекшелігі, кез келген ортаға, жағдайға тез бейімделіп, өмір сүріп кете алады. Егеуқұйрықтар негізінен күл-қоқыс көп жерде, не болмаса су маңында көп жүреді. Қаламыздың көрікті жерлерінің көпшілігі күл-қоқыс тастайтын мекенге ай­налғандықтан, егеуқұйрықтардың көпқабат­ты үйлер маңайын да жүретіні түсінікті жағдай.


Кеміргіштер оба ауруын таратады


Қазақ карантиндік және зооноздық ин­фекциялар ғылыми орталығының бас ғылы­ми қызметкері, биология ғылымының докто­ры Леонид Бурделов қазір егеуқұйрықтардың адамдарға шабуыл жасауының жүздеген жағдайлары тіркелгенін айтты. «Кеміргіш­термен тиімді күрес жүргізбесек, оның арты жақсылыққа апармайды. Бұрын мен мұндай кішкентай жануар адамды тістей алатынына сенбейтін едім. Бірақ олар өз­дерін қорғау үшін қарсы шабуылға барады. Қазір осындай жүздеген жағдайлар тіркел­ген. Ал Қырғызстанда екі жылдың ішінде егеуқұйрықтардан 500-ге жуық адам зардап шекті. Біздің елде де статистика жақсы емес. Тек ол көпшілікке жарияланбай отыр. Қайбір жылы түнде егеуқұйрық балаға ша­буыл жасады. Анасы сәбидің жылағанына реакция білдірмей жата берген, ал таңер­тең қараса, баланың құлағы жоқ болып шықты», – дейді Л.Бурделов сұхбатында.


Ол егеуқұйрықтар қауіпті аурулардың ошағы екендігін атап өтті. Тіпті, кеміргіштер оба ауруын таратады екен. «Егер оба қалалық егеуқұйрықтардың популяциясына еніп, онда тамыр жайса, бұл эпидемиядан құтылу оңайға соқпайды», – дейді ғалым.


 



«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ


Егеуқұйрық (крыса) – аса қауіпті дерттерді тасымалдаушы, тара­тушы ғана емес, сонымен қатар ғимараттардағы инженерлік- коммуналдық жүйелерге зақым келтіріп, маса, бүрге және шы­бын-шіркейлердің көбеюіне ықпал ететін кеміргіш. Алматыда және қала шетінде орын тепкен жеке секторларда кеміргіштер мен эктопаразиттер, кенелер көбейген. Қазіргі кезде қаладағы көпқабатты үйлердің 8 пайыздан артығының жертөлелерін кеміргіштер өз мекені етіп алған. Егеуқұйрықтардың көбеюі, біріншіден, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырып тастауынан және бір жағынан, тиісті мекеме­лердің қалдықтарды жинап, қала сыртына тасымалдауды уақы­тылы қамтамасыз етпеуінен көбейіп отыр. Олар адамға аса қауіпті аурулар (оба, безгек, сүзек, т.б.) таратады, сондықтан олар мекен­дейтін үйлер мен астық қоймаларын мезгіл-мезгіл дезинфекция­лап отыру керек.



Кәсіпкерлер артық ақша шығарғысы келмейді


Негізі егеуқұйрықтарды түбірімен жойып жіберу мүмкін емес. Бірде-бір мемлекет оларды толық жойдық деп айта алмайды. Бір кездері Будапешт егеуқұйрықтарды мәңгі жоқ қылғанын жариялаған болатын. Алайда, үш жылдан кейін қайтадан «қала аумағына тиімді өңдеу жүргізіліп жатыр» деген хабар­лама таратты.


Кеміргіштердің аналығы бір дегенде 10- ға дейін туады. Бұл олардың тез өсуіне мүмкіндік береді. Бірақ бізде өкінішке орай, егеуқұйрықтардың санын реттеу жұмыстары жеке фирмаларға берілген. Сондықтан олар­дың таратқан мәліметтеріне сену қиын. Олар өз есептерінде нәтижелерді ашық бағалайды деп айтуға ауыз бармайды. Қағаз жүзінде егеуқұйрықтармен жылына екі рет күрес жүргізіледі дегенмен, бірақ бұл істің нәти­желі орындалуы көңіл көңшітпейді. Өйткені, кез келген жекеменшік компания ең бірінші өз пайдасын ойлайды. Онымен қо са, кеміргіштермен күрес тек белгілі бір жерлер­де ғана жүргізіледі. Гүлзарлар, алаңдар дәрі­леніп жатады. Кейде тұрғындардан шағым түскенде ғана улау жұмыстары жасалады. Ал жеке кафелер, мейрамханалар, наубайхана­лар мен қоймаларда кеміргіштер көп болса, онда олар өз есебінен дератизация жүргізуі керек. Қазір мынадай пандемия, дағдарыс кезінде кәсіпкерлер қалтасынан артық ақша шығарғысы келмейді. Демек, кафе, мей­рамхана иелерінің санитарлық талаптар мен ережелерді сақтамауынан қала қауіпті кеміргіштерге толып барады.


Салғырттық сан соқтырып жүрмесін


Мамандардың айтуынша, егеуқұйрық­тарды қыру үшін ең қолайлы мезгіл – қыс. Өйткені, бұл кезеңде егеуқұйрықтар бір жер­ге жиналады және қоныс аударып кете ал­майды. Қыс мезгілінде жүргізілген дератиза­ция өте тиімді болады. Бірақ бізде бір өкініштісі, төтенше оқиға орын алмайынша, мәселеге мән бере қоймайтын салғырт мі­незіміз бар. Қайбір жылы дер кезінде жеткілікті дәрежеде қаржы бөлінбеу салда­рынан Оңтүстік Қазақстан облысында кене шаққан бірнеше адам қырым қанды безгегі­нен қаза болған еді. Мәселе ушыққаннан кейін ғана қосымша ақша бөлініп, залалсыз­дандыру жұмысы толықтай жүргізілді.


Мамандар «егеуқұйрықтардың кішкен­тай балаларға шабуылдау, ұйықтап жатқан адамды тістеу фактілері орын алады, ал олар­дың ішінде «құтырған» ауруының тасымал­даушылары да болуы мүмкін» дейді. Сон­дықтан «бөрі жоқ» демей, «бөрік астында» екенін ескергеніміз жөн. Тиісті органдар тө­тенше оқиғаның орын алуын күтпей-ақ, дер кезінде жеткілікті қаржымен қамтамасыз етіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.



Дерек


Орта ғасырда кеміргіштерді кұрту үшін бірнеше темір бөшкенің әрқайсы­сына алты-жетіден егеуқұйрықтарды қамап, апталап тамақ бермейді екен. Әбден ашығып, көзі қарайған егеуқұйрықтар амалсыздан бірін-бірі жеуге көшеді. Мықтылары әлсізін жеп қояды. Соңында әр бөшкеде ең мықты, жыртқышқа айналған бір ғана егеуқұйрық қалады. Оларды бірнеше күн аш ұстап, соңынан егеуқұйрықтар ордасына жібереді. Тұқымдастарының етін жеп дәніккен әлгі жыртқыш ордасындағы егеуқұйрықтарды шетінен жеп құртады екен.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:46

17:45

17:18

17:15

17:01

16:52

16:42

16:39

16:35

16:32

16:08

16:06

16:05

16:02

15:50

15:48

15:45

15:42

15:29

15:25

15:24

15:21

15:17

15:08

15:06