Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) Өңірлік коммуникациялар қызметінде жылдам әрі қауіпсіз аударым мен төлем жасау үшін банктердің басын қосқан жаңа инфрақұрылымдық платформа – банкаралық мобильді төлем жүйесін (МТЖ) көпшілікке таныстырды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Қазақстанның Ұлттық Банкімен бірлесіп қолға алған бұл бастама ұлттық цифрлық қаржы жүйесінің маңызды элементі болып отыр.
МТЖ екі негізгі қызметті қамтиды:
• телефон нөмірі арқылы банкаралық аударым (C2C – customer to customer);
• QR-код арқылы банкаралық төлем (C2B – customer to business).
Телефон нөмірі арқылы ақша аудару - пайдаланушыға алушы тараптың банкын көрсетіп, телефон нөмірін ғана жазып ақша жіберуге мүмкіндік береді. ММТЖ арқылы жіберуші банк шоттың бар-жоғын тексеріп, аударымды бірыңғай банкаралық стандарттар бойынша іске асырады.
Банкаралық аударым алғаш 2025 жылдың мамырында жасалды. Қазір бұл қызметке 8 банк қосылған. Олар: Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Home Credit Bank, RBK, Нұрбанк, Fortebank пен Altyn Bank.
Банкаралық QR былтырғы 30 қыркүйекте іске қосылды. Қазір бұл қызметкке 6 банк қосылып отыр. Олар: Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Home Credit Bank, RBK мен Altyn Bank. Halyk Bank пилоттық режимнен өткізіп жатыр, жыл соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
«Сервис кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы тауар мен қызметті төлеуге мүмкіндік береді. Бизнес енді бірнеше терминал орнатып әуре болмайды бұрынғыдай. Жүйе динамикалық және статикалық QR-ды қолдайды, сілтемелік формат пен антифрод қорғанысын да қолданады, бұл реквизиттердің ауысып кетуіне де жол бермейді», – дейді ҰТК төлем жүйесін дамыту департаментінің директоры Райымбек Шаймерденов.
Жүйенің экономика мен азаматтарға беретін артықшылығы:
• Ыңғайлылық пен жылдамдық. Банкке тәуелді болмай, телефон нөмірі мен QR-код арқылы оп-оңай төлем жасап, ақша аударасыз.
• Цифрлық экономиканың өсуі. Жүйе ақша айналымын тездетіп, қолма-қол ақшаға тәуелділікті азайтады, әсіресе ШОБ-ке тиімді.
• Банк бәсекелестігін дамыту. Банктер клиенттің адалдығын арттырып, транзакция базасын кеңейтіп, жаңа цифрлық өнім жасай бастайды.
• Қаржылық қолжетімділік және қауіпсіздік. Жүйе төлем қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, антифрод-бақылау арқылы алаяқтықты тыйып, ақшасыз экономикаға көшуді қолдайды.
«Қазақстан банктері жүйеге кезең-кезеңімен қосыла бастайды енді, бұл одан да көп клиенттің ыңғайлы әрі қауіпсіз банкаралық төлем мен аударым жасауына сеп болады», – дейді Ұлттық төлем корпорациясының мамандары.