ffin.kz

Дәстүрлі өнер театры біреу-ақ...

Дәстүрлі өнер  театры біреу-ақ... almaty-akshamy.kz

Елімізде кейінгі жылдары режиссура саласы қарқынды дамуда. Іскерлік пен белсенділік танытып келе жатқан режиссерлеріміз баршылық. Алайда, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеп жүргендердің саны саусақпен санарлық. Солардың ішінде адыңғы буын ағалардан үлгі алып, кейінгі толқын інілерге өнеге көрсетіп жүрген режиссерлердің бірі Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙМЕН әңгімелескен едік.



– Өмір дастаныңызға үңіл­сем, басында актерлікке бет бұрған екенсіз. Біршама жыл сол салада еңбек етіпсіз. Жал­пы, актерліктен режиссерлікке қалай келдіңіз?


– Академияда оқып жүр­генімізде бізге тапсырма бері­летін. Әртүрлі шығармалардан 5–10 минуттық үзінділерді өз бетімізше қоямыз. Текст жаза­мыз, режиссер да боламыз. Бы­лайша айтқанда, өзіміз хан, өзіміз би боламыз. Ұстаздарымыз сту­денттерге қалағандарынша ерік беретін. Кім қалай қоямын десе де өзі білетін. Мұғалімдердің сынын естідім, ескере бастадым. Осылайша режиссерлік қабі­летімнің шет жақтарын байқай бастадым. Кейіннен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 8 жылдай актерлік қызмет атқардым. Сол кездерде Жанат Хаджиев, Қуан­дық Қасымов ағаларымыз осы мамандықтың қыр-сырын үйрете бастады. Қастарында жүрдім, ассистент болдым. Сол кездерде өзімнің ойларымды да айта бас­тадым. Осылайша режиссерлікке тапсыруға бел байладым. «Бола­шақ» бағдарламасымен Ресейдің «Театр өнері» институтында (ГИ­ТИС) «режиссер» мамандығы бойынша магистр дәрежесін ал­дым. «ГИТИС – театрдың мек­кесі» деп айтып жатады. Расы­мен-ақ , қаншама мықты мамандардан білім алдым, бірне­ше театрларды тамашаладым. 2 жылдай уақытымды тиімді пай­далануға тырыстым. Таңертең­нен түске дейін сабақ, кешке дейін кітапханада уақытымызды өткіздік. Одан кейін театрларға баруды әдетке айналдырып ал­дым. 2 жыл мен үшін аз уақыт болды, барынша тиімді пайдала­нуға тырыстым. Үлгергенімше Мәскеудің барлық театрын көріп шықтым деп айта аламын. Ба­сында бәрін көресің, одан кейін таңдап көресің, кейіннен тал­ғаммен көресің демекші, Мәскеу­де жүріп театр өнерімен етене таныса бастадым.


– Бұрындары белді де бе­делді рөлдерді сомдағаныңыз­ды білеміз. Қайтадан актерлік­ке келу ойыңызда бар ма?


– Осы өнер жолында жүрген қыз-жігіттер мына спектакльден сізді көрдік, ана спектакльден сізді көрдік деп айтып жатады. Режиссер болғандықтан, әр ак­терға өзімізге ғана тән қолтаңба­ларымызды салып жіберемін. Қойылымда актерлардың әрбір деталіне, қимыл-қозғалысына ерекше мән беру арқылы өзім де ойнап жатқандай күй кешемін. Себебі, спектакль сіздің қалауы­ңыз бойынша сахналанады. Осы процестерді көріп отырып, актер болсам деген ой басыма қайта оралмапты. Қазақта бір жақсы сөз бар ғой, «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді», «Ағаш бір жерде тұрып гүлдейді». Сол секілді, осы режиссерлікке кел­гендіктен, осы салада өркен­деймін, көктеймін деп келдім. Актерлікті сағынып, іздеген сәт­терім болмаған екен. Шамам келгенше біршама рөлдерді сом­дадым, актерліктен жеткілікті ләззат алдым деп айта аламын. Өмір кітап болса, бұл саланың беттерін жауып қойдым. Бәлкім, бұрын оқыған кітапты қайта оқы­ғандай, қайта парақтауым да мүмкін. Ол бір Алланың қа­лауындағы дүние.


– Бізде театр өнері Ресейден бастау алған деп жатады, сол жайында не айтасыз?


– Әр халықтың өзіне тән мі­нез-құлқы, ұлттық дәстүрі, сана сезімі бар. Қазақ даласына театр өнері келгенде алғашында түсініспеушілік туындаған. Се­бебі, біздер сонау бір замандардан бері жыршылық, әншілік, айтыс өнерімен сусындаған ха­лықпыз. Бізге бір орында отырып тамашалау қалай болса да жат болды. Ауыл арасындағы той-то­малақ, сауық-сайранды театр баса алмады. Сол себептен де болар, қазіргі таңда да халықтың басым көпшілігі театрға келгенде тартынып қалатыны. Концертке келгенде делебеміз қозып, арқа­ланып кетеміз. Бұл біздің қаны­мыз, жанымыз, мұны бізден ешкім айыра алмайды. Енді сіздің сұрағыңызға келсек, ол кездерде де театр бізде дамыды. Әзірбай­жан Мәмбетов, Жанат Хаджиев­тер Ресейде оқып келді. Жаңа­шылдық, ерекше леп әкелді. Асқар Тоқпанов деген атамыз қазақтың театр институтын ашты, ұлттық құндылықтары­мызды театрмен қалыптастырды. Сол кездерде көп нәрсені жоғалт­тық деп айта аламын. Сондай-ақ, көп нәрсеге қол жеткізе алдық. Сол жылдарда режиссерлар ұлт­тық құндылықтарды сақтап қалу­ға еңбек етті, сол кездерде түсірілген кинолардың өзін айт­саңызшы. Біздің қазіргі уақытта­ғы ең басты миссиямыз да осы. Ұлт деген нәрсе бар, ел деген нәрсе бар, соған қызмет еткенде, біз нені сақтаушымыз, бізді мем­лекет не үшін оқытты деген нәрсе ойға оралуы керек.


– Қазіргі уақытта жастары­мыздың арасында еліктеушілік белең алып келе жатыр, осы туралы ойыңыз қандай?


– Заманауилыққа, басқаға еліктеудің кесірінен өзгелерден ешқандай да айырмашылығымыз қалмады. Әр елдің ерекшелігі дәстүрінде, тілінде, әнінде, ұл­тыңда, өнеріңде жатыр. Жалпы, өнер адамдарының басты мис­сиясы өзімен бірге қазақилығын алып жүру керек. Бірақ жаңарта отырып, елге ұсыну қажет. Құ­дайға шүкір, қазіргі заманауи қыз-жігіттерімізге қарасаң, шетелдің ритмін игеріп алған, сон­дай-ақ, бар үндерінде қазақилық­тың исі аңқып тұрады. Әндерін тыңдағанда құлақ құрышын қан­дырады. Сөз саптаулары, ұлтқа деген сүйіспеншілігі жоғары. Бізде ұрпақ жаңарып келе жатыр ғой, қазір бәрі оянып келе жатыр. Ұлт ретінде қалыптасқанымызды мақтан етуіміз қажет екендігін ұғындырып келе жатыр шама-шарқылары келгенше. Бұрын қа­зақ тілінде сөйлеуге намыстана­тындар болған. Қазір тіліміз брендке айналып келеді. Сондай-ақ, жас қыздарымыз сәнді тақияларын киіп жүр, көрсең көзің тояды. Осылай ақырындап өзгере бастаймыз. «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Енді ғана 30 жыл болды. Әлі 20 жылымыз бар – бәрі өзгереді, өз арнасына түседі деген сенімдеміз. Сол кезде ре­жиссер да, театр да өзгереді.


– Ұлттық өнерімізді ұлық­тап жүрген театрда еңбек ету­десіз, жұмысыңыз қалай? Өзіңізге ұнай ма?


– «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет жасап жүргені­ме қуанамын. Бұл театр ұлттық құндылықтарды қалыптастыра­тын академия деп айтсам, артық айтпағаным. Осы жерде жұмыс жасап жүргенімде ұлтқа қызмет жасаудың не екендігін түсіндім. Қазақстандағы жалғыз өнер орда­сы, дәстүрлі өнер театры біреу-ақ екен. Ол осы Алматы қаласында ғана. Жалғыз қалаға ғана қарай­ды. Ұлтымыздың өнерінен өнеге беретін театр бір ғана қалада болмауы керек қой. Біз ұлттық өнерімізді дамытқымыз келсе, мемлекет өз қамқорлығына алуы керек. Сонда ғана басқа шетел бізді кеңінен тани бастайды. Өнер десек, кейбіреулер филар­мониямен шатастырады, «ой, не керек, олардың саны жетеді ғой» деп айтып жатады. Дәстүрлі өнер театры филармония емес екендігін ұғыну керек. Қытайлар «Кобоки» театрын қалай бағалай­ды? Ұлттық театрына үлкен құр­мет көрсетеді. Ал біздің театры­мыз қаланың ең бір шетінде, көптің көзіне көріне бермейтін оқшау бір жерде. Осы ретте Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деген сөздері ойға оралады да үнсіз қаласың. Әрине, біз Алматы қаласының әкімдігіне ризамыз. Бізге қолдан келгенше көмектерін көрсетеді. Алайда, мемлекеттен қолдау көрсетіліп, еліміздің түкпір-түкпірінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының филиалдары ашылса деген ой келеді.


– Оқырмандарымызды өзіңіз қызмет атқаратын «Ала­тау» дәстүрлі өнер театрының жұмыстарымен таныстыра кетсеңіз.


– Театрда еңбек еткеніме бір жылдың жүзі болды. Бастапқыда «не істейміз? Қандай бағытта жұмыс жасаймыз?» деген қиын­дықтар туындады. Себебі, сол уақыттардан бастап театр өз ар­насын тапты. Салт-дәстүріміз бен ән-жырымызды, ұлттық аспапта­рымызды, биімізді қойылымдар­ға ұштастыра бастадық. Халқы­мыз мюзикл жанрындағы қойылымдарды жақсы көреді ғой, сол сарындағы қойылымдар­ды қолға ала бастадық. V мау­сымда «Балалар жылы» аясында «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған му­зыкалық қойылымын көрермен­дерге ұсындық. Сондай-ақ, қазақ халқының топтық, жеке билері­нен құралған «Әсем әуен мен көркем қимыл» сазды би кеші ұйымдастырылды. Сонымен қа­тар, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» жыры бойынша жазған музыкалық комедиясы театр сү­йер қауымға ұсынылды. Жаңа маусымға дайындығымыз сақа­дай сай. Жаңа спектакльдерді ұсыну жоспарда бар. Мәселен, көпке таныла қоймаған, көбісі естімеген күйлерімізден құрал­ған кеш ұйымдастырмақпыз. Қа­зақ халқының жыр-дастандарына негізделген қойылымдар да қо­йылмақ. Мұның барлығы алдағы күндердің еншісіндегі дүние.


– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен


Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52