Өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Ағымдағы жылы егіс және егін жинау жұмыстарына 220 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Eldala.kz сілтеме жасап.
Ол атап өткендей, 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несиелендірумен қатар, ағымдағы жылы Азық-түлік корпорациясы тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға бөлінген қаражат көлемі 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Республикалық бюджетті нақтылау барысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына тағы 70 млрд теңге бөлінеді.
«Бұдан басқа, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуды субсидиялау құнының 50% бұрын жоспарланған деңгейде сақталуда. Сондай-ақ, өткен жылдың шегінде қайта өңдеуге тапсырылған тұқымдарды, басым дақылдарды сатып алуды, су беру жөніндегі қызметтерді субсидиялау сақталады», - деп хабарлады Премьер-Министр.
Оның айтуынша, техникалық жаңарту деңгейін арттыру үшін инвестициялық субсидиялау және несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемі ұлғайтылады.
«Аграршылар сұраныс жоғары болып отырған дақылдар алаңын ұлғайтып, осы бағытты басымдықпен қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте экспортқа бағдарланған тиімділігі жоғары дақылдарды егуге де ерекше назар аудару керек. Бұл міндеттер агротехнологияларды мүлтіксіз сақтауды, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы енгізуді талап етеді», - деп атап өтті Смайылов.
Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердің әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар және жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етсін, оның ішінде шаруашылықтарды бірінші кезекте азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алуы шеңберінде ынталандырсын», - деді Смайылов.
Ол өткен жылы еліміздің кейбір өңірлерінде жемшөппен қамтамасыз етуде проблемалар болғанын еске салды.
«Биыл бұл жағдай қайталанбауы тиіс», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар, Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, барлық жазғы кезеңде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
«Индустрия министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштар өндірушілермен ішкі нарықты басым тәртіппен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізсін. Бұл жерде биылғы жылы екі есе өскен олардың бағасы да маңызды. Монополияға қарсы орган тыңайтқыш өндірушілермен мәселені пысықтасын», - деп түйіндеді Смайылов.