Алматыда Жамбыл атындағы филармония 90 жылдығында бекзат өнер жауһарларын ұсынды

Алматыда Жамбыл атындағы филармония 90 жылдығында бекзат өнер жауһарларын ұсынды Сурет: Қайрат Қонысбаев

Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығы аталып өтті.

Салтанатты гала-концертте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Президентіміздің жылы лебізін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов оқып берді.

“Бұл - ұлттық музыка өнерінің мерейлі белесі. Әйгілі Ахмет Жұбанов негізін қалаған филармонияның ғасырға жуық уақыт ішінде халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға, өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты. Ұлт руханиятында айрықша із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы киелі сахнада өнер көрсетті. Өнегелі ұжым бүгінде кәсіби шеберлігін шыңдап, аға буынның тағылымды жолын жалғастырып келеді. Төл мәдениетімізді паш етіп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген филармония қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға амандық, шығармашылық шабыт тілеймін. Құрметпен Қасым-Жомарт Тоқаев”, - делінген құттықтау хатта.

Іс-шара басталар алдында филармония ардагерлері қызыл кілеммен сән-салтанатпен жүріп өтті. Бұл сәт айтулы кешке жиналған, осынау бекзат өнерді бағындырған талант иелеріне ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлағаны анық.

Сондай-ақ, Алматы қаласы музейлерінің бірлестігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі филармония тарихы мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық мұрасына арналған көрме ұсынды. Алматылықтар мен қала меймандары еліміздегі ең байырғы музыкалық мекемелердің бірегейі саналатын филармонияның 90 жылда жүріп өткен жолынан сыр шертетін, үнсіз сөйлейтін, сирек кездесетін мұрағаттық фотосуреттер мен материалдарды тамашалады.

Сарай сахнасында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестрі, Т.Әбдірашев атындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік үрмелі оркестрі, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Классикалық гитаристердің мемлекеттік квинтеті, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік үрмелі квинтет, сондай-ақ танымал солистер, домбырашылар және пианистер өнер көрсетті.

“Осынау ғажап өнерді дәріптеп жүрген әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Ахмет Жұбановтан бастау алған мәдениет ошағының бүгінгідей үлкен деңгейге жетуінде әрқайсысыңыздың үлесіңіз бар. Классикалық және дәстүрлі қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздермен мақтанамын!” - деді қазақтың бұлбұл әншісі, КСРО-ның және Қазақстанның Халық артисі Бибігүл Төлегенова онлайн-құттықтауында.

Концерт бағдарламасы ұлттық және әлемдік музыкалық классиканың асыл жауһарларын ұсынды. Көрермендер көрнекті қазақстандық композиторлар – Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Тілес Қажығалиев, Асқар Бестібаев, сондай-ақ ұлы классиктер – Людвиг ван Бетховен, Николай Римский-Корсаков, Антонио Вивальди және Пабло Сарасаттың шығармаларын тыңдады.

Бұл кеште Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйі, «Өз елім», «Құстар әні», "О, туған жер"әндері, аңызға айналған «Аққу» күйі, Абайдың «Айтым сәлем, Қаламқасы», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан мерекелік би, сондай-ақ Людвиг ван Бетховеннің 9-шы симфониясынан фрагмент орындалды. 

Сонымен қатар, екі фортепианоға арналған шығармалар да бекзат өнердің әдемі әлемін паш етті. 

 

Гала-концерт қазақстандық музыка мектебінің дәстүрлерін, шеберлігін және 90 жылдық тарихын біріктіре отырып, еліміздің мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі болып жазылды тарих парағына.

Айта кетейік, 90 жылдан бері тарих түзген халықтық мұрамызға адал болып, классикалық заманауи музыка өнерінің де көшін сүйреп келе жатқан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы – Алматының концерттік-сахналық мәдени ошағы. Ол 1935 жылғы қаңтарда құрылған. Бастапқыда қазақ музыкатанушысы, академик Ахмет Жұбанов өлкелік көркемдік-концерттік ұйым ретінде ұйымдастырған. Ал жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі филармонияға 1938 жылы берілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

22:23

22:12

19:15

17:46

17:32

17:03

16:55

16:33

16:11

16:04

15:51

15:31

15:15

15:10

15:05

14:51

14:29

14:14

14:03

13:38

12:39

12:23

12:07

11:57

11:42