Степногорскіден Сингапурға дейінгі жол: қазақ қызы шетелдік құраманың бас бапкері болды

  • 09:16, 21 қараша 2025
Степногорскіден Сингапурға дейінгі жол: қазақ қызы шетелдік құраманың бас бапкері болды Кейіпкердің жеке архивінен

Жақында қазақ спортшысы, таеквондошы Жансель Дениз Сингапур ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Степногорскіде басталған жолы Түркия арқылы өтіп, Шығыс еліне дейін жалғасты. Бүтін бір ұлттық құраманың көшбасшысына айналған қазақ қызы оның тізгінін қалай ұстап келеді? Aqshamnews.kz тілшісі спортшыдан эксклюзив сұхбат алды. 

Жансель Дениздің шын есімі - Жансәуле. Ол Ақмола облысындағы Степногорскіде дүниеге келген. Алты жасында анасымен бірге Түркияға қоныс аударады. Себебі анасы Түркияға волейбол мен таеквондо бойынша ұлттық құраманың фельдшері қызметіне шақыру алады.

Жансәуленің анасы - КСРО құрамасы сапында күрескен тәжірибелі дзюдошы. Яғни, спорт бұл отбасында жай ғана хобби емес, өмір салтына айналған. Сондықтан болар, кішкентайынан жарыс атмосферасын сезініп өскен Жансәуле әуелі кәсіби түрде волейбол ойнайды. Тек 19 жасқа келгенде Түркияда таеквондоға бет бұрады.

"Кеш бастағаныма қарамастан бұл спорт түрін ерекше жақсы көремін. Сондықтан болар олимпиада шыңына тез-ақ жеттім", - дейді ол. 

Сингапурдан келген ұсыныс

Таеквондо мансабы қызу жүріп жатқан кезде, бір күні оған Сингапур құрамасының менеджері хабарласады. Командада бос орын барын айтып, оны жұмысқа шақырады. Алайда бәрі біз ойлағандай оңай емес. 

"Ұзақ әрі қиын болды. Сингапурдың заңдары мен тәртібі қатаң екенін білесіздер. Жұмысқа қабылдамас бұрын, екі ай бойы үздіксіз сұхбаттардан өттім. Мен ұзақ және қысқа мерзімді даму жоспарларын, дарындарды анықтау жүйес секілді құжаттарды дайындап тапсырдым. Кейін сингапурлықтар оның ұсынған бағдарламаларым мен қойған талаптарымды қабылдап, ұлттық құраманың бапкерлік штабына шақырады", - дейді ару. 

Осылайша, қазақ спортшысының өмірінде жаңа кезең басталды.

Сингапурдан ұсыныс түсер алдында Жансәуле Олимпиадаға дайындалып жүріп ауыр жарақат алып қалады, кейін оған тіпті ота жасалады. Қалпына келу кезеңі оңай болмағанымен, ол бұл уақыт бос өткізбей, өзін дамытуға бар күш-жігерін салады. 

"Дәл сол кезеңде Сингапурдан ұсыныс түседі. Ұзақ ойланып , өзіме бір ғана "Неге байқап көрмеске?" деген сұрақ қоядым. Алғашында қатты қобалжығаным рас. Бірақ бәрі ойдағыдан да керемет өтті", - дейді ол.

Жаңа ел, жаңа жүйе, жаңа мәдениет. Бірақ барлық қиындыққа қарамастан, ол өз-өзіне сеніп, бұл сынақты да еңсерді.

Спортшыдан бапкерге дейінгі жол: қызығы мен шыжығы 

Жансәуле мансабының қазіргі кезеңін әрі жаңа баспалдақ, әрі өткен жолдың жалғасы деп сипаттайды.

"Спортшы тек өзіне жауапты: не керегін, қалай дайындалу керегін жақсы біліп, соған сай жұмыс істеді. Ал бапкердің жауапкершілік бірнеше есе артады. Енді ол бір адамның емес, бүкіл команданың тағдырына шешеді. Сол себепті "ең дұрыс шешім қандай, кім үшін не пайдалы?" деген сұрақтарды өзіме күнде қойып жүруім керек", - дейді кейіпкер. 

Жансель Дениз бапкерлік мансап туралы ерте кезден ойлай бастаған. Халықаралық деңгейде шеберлік сабақтарына шақырулар да болған, бірақ тығыз жарыс кестесіне байланысты бара алмағанын айтады.

Дегенмен, Жансәуле болашақта бұл жоспарды жүзеге асыруға болады деп сенеді. Ол өз академиясын ашып, халықаралық жобалар жасағысы келетінін жасырмады. 

Әрине, көптің көкейінде "Осынша жауапкершілік пен қысымның ортасында кішкентай ғана қару қалай сынбайды?" деген сұрақ тұр. Біз бұл сауалды кейіпкерге қойдық.

"Қиын сәтте бұл жолды не үшін таңдағанымды есіме аламын. Өмірдің ғажапқа толы сәттерімен қатар, қиын кезді де қабылдай алу керек. Шын мәнінде, адамды шынықтыратын да, күреске мән беретін де - ең ауыр сәттер", - дейді ол.

Бапкер мақсат қойған кезде, алдымен оны сараптап, кейін сол мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. 

Трибунадан татамиге жол ашқан жұлдызды сәт

Жансәуленің спорт жолындағы ең әсерлі тұлғалардың бірі - Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері Али Шахин.

Ол Жансәулені алғаш рет трибунадан байқап, назар аударған. Спортшының бойынан ерекше қабілет көрген бапкер оны командаға тартады. Бар болғаны бір жарым жылдың ішінде Жансәуле Еуропа біріншілігінде алғашқы жүлдесін жеңіп алады.

Бұл - оның карьерасындағы маңызды сәттердің бірі.

Сингапур мен Қазақстан жүйесінің айырмашылығы қандай?

Сингапур - білімге айрықша мән беретін мемлекет. Бұл спорт жүйесіне де тікелей әсер етеді. Қазақстанда ұлттық құрама үшін оқу-жаттығу жиындарын жоспарлы түрде өткізіп, спортшыларды ұзақ мерзімге шақыра алады. Ал Сингапурда бұл - үлкен мәселе.

Оқуды кейінге қалдыру, сабақтан көп уақытқа босату өте қиын. Сол себепті сингапурлық спортшылар көбіне оқуы мен жаттығуларын қатар алып жүреді. Қарапайым тілмен айтқанда, олар бір мезетте екі мансапты- білім мен спортты - қатар құруға тырысады.

Бұл - бапкерлер үшін де, спортшылар үшін де үлкен сынақ.

Туған жермен байланыс туралы

Жансәуле Қазақстанмен байланыс ажырамағынан айтады. Оның елде туыстары, жақын достары, жанкүйерлері көп. Олар әр жетістігін жіті қадағалап, қолдап отырады.

"Жақындарым: “Сенің Сингапур секілді елде жұмыс істеуің - Қазақстан үшін мақтаныш. Сен - қазақсың, қай жерде жүрсең де елімізді көрсетіп жүрсің” дейді. Бұл - мен үшін үлкен жауапкершілік", - дейді ол.

"Қазақстан таеквондосы әлемнен кем емес"

Жансәуле Қазақстандағы таеквондо мектебін жоғары бағалайды. Оның пікірінше, қазақ спортшылары ешбір елден кем емес, тіпті кей жағдайда алда тұр.

"Қазақстанда өте талантты спортшылар өсіп келеді. Алайда, дүниежүзілік федерацияның ережелері мен жүйесі жиі өзгеріп отырады. Соған бейімделу кейде ауыр тиеді. Сол себепті мемлекет тарапынан тұрақты және жүйелі қолдау қажет", - дейді ол. 

Болашақта Қазақстанға бапкер болы келуі мүмкін бе?

Жансәуле болашақта Қазақстан спортымен тығыз жұмыс істегісі келеді. Ол өзі түйген барлық әдісті қазақстандық спортшыларға үйреткісі келетітін, Ұлттық құрамаға да, жасөспірімдер мен жастарға да көмектесуге дайын екенін айтты.

Спортшының бойында қандай қасиеттер табылуға тиіс?

Бапкер ретінде ол спортта ең маңызды үш қасиетті ерекше атап айтты:

- құштарлық;
- мақсат қоя білу;
- жеңіске деген шексіз ынта.

"Техниканы үйреніп, тактиканы түсініп алуға болады, бірақ спортшының жүрегі жалындап тұрмаса, оның пайдасы жоқ. Техника, психология мен тәртіп - бір-бірінен ажырамайтын үш тірек. Ал таеквондо - осы үшеуінің үйлесімі", - деді Жансель. 

Бапкердің басты мақсаты - медаль алу емес, үлгі болу

Жансәуленің сөзінше, ол, ең алдымен, жақсы бапкер ғана емес, үлгі болуға міндетті.

Үлкен амбицияларымның бірі - олимпиадалық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеп, оларды әлемдік ареналарға жеткізу. Бірақ мен үшін медаль тек жетістік емес, одан да үлкен мәнге ие. Уақыт өте келе бірнәрсені анық түсіндім. Жеңіп алған марапаттар өзімен гөрі өзгелер үшін маңыздырақ.

Жансәуленің миссиясы

Спорт әлемінде ерлерге қарағанда әйелдерге өз орнын бекіту әлдеқайда қиын. Жансәуле бұл кедергілерді "алдын ала қойылған шекаралар" деп атайды. Оның пікірінше, әрқайсымызда белгілі бір стереотиптер бар, кейде солар жолымызды бөгейді. Бірақ ол бұл қиындықтарды мүмкіндік ретінде қабылдауды үйренген. 

"Маған “сен мұны жасай алмайсың” деген сайын, мен қыза түсемін", - дейді ол.

Жансәуле спортшы тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес берді. 

"Балаларымызға сенімсіздік танытпауымыз керек. Бірақ олардың таңдауын құрметтеп, қажет кезде кәсіби мамандарға сеніп тапсыра білуіміз де өте маңызды", - деп түйіндеді кейіпкер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:18

09:16

09:04

22:23

22:12

19:15

17:46

17:32

17:03

16:55

16:33

16:11

16:04

15:51

15:31

15:15

15:10

15:05

14:51

14:29

14:14

14:03

13:38

12:39

12:23