Сүлейменнен қалған салт

Сүлейменнен қалған салт Самат Құсайынов

Аңызда Сүлеймен пайғамбардың өзі қонақтардың қолына су құйып, тоқсан тоғыз түрлі бата алғаны айтылады. Қазақ осы киелі ғұрыпты ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырып, үлкеннің алғысын алуды үлкен ырыс санаған.

Халқымыздың тұрмыс-салтында ұрпағын тазалыққа, имандылыққа, ізет пен құрметке баулитын талай ғибратты дәстүрі бар. Солардың ішіндегі ең терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор ғұрыптың бірі – қолға су құю дәстүрі. Бұл – үлкенге құрмет, балаға жауапкершілік, үй иесінің ақжүрек ниеті тоғысатын ұлттық тәрбие мектебі.

Құман көтерген бала – үйдің абыройы

Бұрындары үйге мейман келгенде, ең әуелі қолына жылы су құйып, жайлы жағдай жасау – үй иесі үшін үлкен мәртебе еді. Бұл жауапты қызметті көбінесе сол үйдің кенже ұлы атқаратын. Анасы құманын жылы сумен дайындап беріп, баласына: «Балам, бөлменің оң жағынан бастап, суды сарылдатпай, үзіп-үзіп құй», – деп әр қимылдың әдебін үйрететін. Осылайша бала үлкенге қызмет көрсетудің мәнін түсініп, алғысын алып, батасына кенеліп өсетін. «Қатарыңның алды бол!», «Көп жаса!», «Жақсы азамат бол!» деген баталы сөздер – оның рухани демеушісі.

Неге суды үзіп-үзіп құйған?

Қариялар: «Марқұмның денесін жуындырғанда суды үзбей құяды. Сол себепті тірі адамға суды үзіп-үзіп құю керек», – деп түсіндіретін. Бұл – судың қасиетін, тазалықтың ретін, әр әрекеттің өз жөні бар екенін ұрпақ санасына сіңірген тәрбиелік ереже.

Бүгінде көп жерде құдайы ас, той-томалақ кезінде сыртқа қойылған қолжуғыштар қолға су құю қызметін атқарып жүр. Тіпті үйде орнатылған қолжуғышқа да сүйеніп алғанымыз байқалады, "балаларды әуре қылып керегі не" деген ыңғайдағы пікір де бар. Бұл ыңғайлы болғанымен, талай ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрдің мәнін толық бере алмайды, баланың үлкенге қызмет етуді үйренбей қалуы да әбден мүмкін.

Ұлағатты ұстаз Айнаш Қалауова бұл жайлы былай деді:

«Үлкен кісілерді сыртқа шығарып немесе орнынан тұрғызып әуре қылмай, отырған жеріне қасына барып қолына су құю – қазақтың ұлттық әдебі. Біздің үйде бұл дәстүр әлі күнге дейін үзілген жоқ, отағасы өз балаларынан талап етті,  құман мен шылапшын әрдайым дайын тұрды. Балаларым бата алып, мәз болатын, қазір олар да есейіп өз алдына отау тікті, енді немерелерімізге үйретеміз деп ойлаймын, әлі жастары жетпей тұр. Баланы әуре қылып керегі не дейтіндердің қарияларды әуре қылуға ұялмайтынына өзім ұяламын, қолға су құйғаннан ол баланың денсаулығына зиян келмейді ғой, керісінше телефонға телмірген баланы бір мезгіл сергітуге, үлкенге иіліп қызмет етуге баулыған сауапты да пайдалы тәрбие емес пе, қазіргі жастардың мұны жақтырмайтын байқап қаламын, осы бір қарапайым ғана қызметтің өзі – бала үшін өмірлік сабақ, үлкендер үшін құрметтің белгісі деп бағалаймын».

Сүлеймен пайғамбардан қалған дәстүр

Аңыздарда қолға су құю дәстүрінің төркіні Сүлеймен пайғамбармен байланыстырылады. Жеті жасар Сүлеймен патша сарайына келген жүздеген қонақтың қолына су құйып, тоқсан тоғыз түрлі бата алғаны айтылады. Оның ғұмырының ұзақтығын, берекесін сол батамен байланыстырады. Сол себепті «Су иесі – Сүлеймен», «Сүлеймен де су құйған» деген сөздер халық арасында бекіген.

Бата – рухани капитал

Қазақта: «Батаменен ел көгерер» деген сөз тегін айтылмаған. Бұрындары алыстан келген қонақ ауылдағы көргенді қарияның үйіне арнайы кіріп, батасын алып кететін. Жолға шығарда, үлкен іске барарда жасы кішілер ақ тілек тілеп, үлкеннің батасын алатын. Алайда бүгінде осы дәстүрді көп керек қыла қоймайтынымыз да, батаны баптап, ұлағатты сөз айта алатындардың азайғаны да өкінішті.

Қолға су құю – тек гигиеналық амал емес. Бұл – үлкенді сыйлауға, қызмет етуге, батаны қадірлеуге, тазалық пен әдепке үйрететін ұлы тәрбие. Балаңыздың жүрегіне иман, бойына ізет дарытатын тамаша мүмкіндік. Үйге қонақ келсе, құман мен шылапшынды дайындап, «Үлкеннің батасын ал!» деп бағыт көрсетіп отыру – ұрпаққа жасалған ең үлкен инвестиция.

Әр нәрсенің әдебі бар

Қолға су құюдың 7 әдебіне мыналар кіреді:

шылапшынға түкірмеу,

үлкеннен бастау,

егер құрметпен кезек берсе қабыл алу,

оң жаққа қарай айналдырып құю,

суды қайта-қайта төкпей үстіне жуа беру,

су құюшының түрегеп тұруы,

аузындағы суды төсекке және жанындағы кісілердің үстіне шашыратпай еппен қолымен төгу. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:33

16:11

16:04

15:51

15:31

15:15

15:10

15:05

14:51

14:29

14:14

14:03

13:38

12:39

12:23

12:07

11:57

11:42

11:32

11:20

11:10

10:56

10:38

10:16

10:10