Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар 2021 жылы 3,8 трлн теңгеге дейін өсті және республикалық бюджет шығыстарының 27%-ын құрады.
Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Өз сөзінің басында Еңбекминінің басшысы 2020 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалғанын хабарлады. Зейнетақылар, жәрдемақылар уақытында төленді, азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
«Өткен жылы әлеуметтік қамсыздандыру шығындары 3,4 трлн. теңгені құрады, бұл республикалық бюджет шығыстарының 24%-дан астамын құрайды. Әлеуметтік қатер басталған кезеңінде жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 250 млрд. теңгеден астам мөлшерде төлемдер жүргізілді. Ағымдағы жылы әлеуметтік қамсыздандыруға арналған бюджет шығындары 3,8 трлн. теңгеге дейін өсіп, республикалық бюджет шығыстарының 27%-дан астамын құрады», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылы азаматтарды қолдау үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері екі есеге артқанын атап өтті.
«Ынтымақты зейнетақының өсімі 12% - ды, ал базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 10%-ды құрады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы қайтадан индекстелді. Нәтижесінде ынтымақты зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 5%-ға өсті», – деді министр.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделудың ақысын төлеуге немесе жеке компаниялардың басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігін беру бойынша жұмыс жүргізілді.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын БЖЗҚ-ның шамамен 1 млн. салымшысы пайдалана алады. 2021 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 1,4 трлн теңге сомасына біржолғы зейнетақы төлемдеріне 313,6 мың өтініш мақұлданды.
«2020 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен жұмыс істейтін 6,3 млн азамат қамтылды. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесінде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілді. Нәтижесінде әлеуметтік қатер туындаған кезде әлеуметтік төлемдер мөлшері орта есеппен 50%-ға арттырылды. Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына төлемдердің өсімі 69%-ды, асыраушыдан айырылу бойынша 41%-ды және жұмыстан айырылу бойынша 44%-ды құрады», – деп толықтырды Серік Шәпкенов.