ffin.kz

Баланы оңай оқытудың жолы қандай?

Баланы оңай оқытудың жолы қандай? Сурет: Family3.ru

Мектеп жасындағы оқушысы бар үйде баласының біліміне алаңдамайтын ата-ана жоқ шығар. Сондықтан да жұмыстан қалт етсе болды, баласының сабағын үйден қадағалап, үй тапсырмасын орындағанда бас-көз болады. Бірақ сол үй тапсырмасын орындату оңай шаруа емес. Балаға сабақ оқытуды оңай ету жолы қандай?


Оқулықта берілген тапсырма бала тұрмақ, үлкендерге де түсініксіз немесе қиын болып жатады. Кейде баланың оқуға қызығушылығы болмайды. Мұндай жағдайда екі жақ, яғни ата-ана мен бала қалай әрекет етулері керек? Төменде ата-аналардың жүйке жүйесін сақтай отырып, оқушының жақсы оқуы үшін қажет ережелерді ұсынамыз:


1. Жеке кеңістігін жасаңыз


Баланың сабақ оқуына ыңғайлы жеке бұрышын жасаңыз: үстел қойып,оның үстіне шам, қажетті кітаптар мен дәптерлерін қойыңыз. Жарық жақсы түсетін қолайлы жағдай жасау маңызды. Сабақты тыныш жерде орындауына мән беріңіз. Ол үшін теледидарды өшіріп, ұялы телефонды да әрірек қойған жөн. Жазу үстелінде баланың назарын бұзатын артық заттар: гаджеттер,ойыншықтар мен тәттілердің болмағаны дұрыс.


2. Әдет қалыптастырыңыз


Үй жұмысын орындау - тіс тазалау, төсек-орынды жинау сияқты күнделікті әдетке айналған іс болуы керек. Баламен бірге сабақ кестесін жасап, пән сабақтарының болу ретін анықтап алған дұрыс. Дұрысы, баланың сабағын күнделікті бір уақытта орындауы маңызды. Сабақ оқу барысы да белгілі бір дағдыға айналуы керек.


3. Оңайдан қиынға


Сабақтарды мәжбүрлеп оқытудың қажеті жоқ. Баланың сүйікті пәндерінен бастаңыз. Одан қай сабақтан бастағысы келетінін сұраңыз. Эссе, презентация, ғылыми тәжірибе – мұның бәрі байыпты, ойластырылған және кезең-кезеңмен жұмыс жасауды қажет етеді. Балаңызға көлемді тапсырманы бөліктерге бөлуге көмектесіңіз және олардың әрқайсысын кестеге толтыртыңыз. Жүктемені бөлу үлкен тапсырмалар ұзақ, қиын және қажетсіз деген сезімді жояды. Кейбір сабақтарды ойын түрінде оқытыңыз, мысалы, суретті бірге салыңыздар, ал жаттауға берілген өлеңді саябақта жүріп-ақ жаттап алуға болады.


4. Өз бетінше оқуға үйретіңіз


Баламен бірге сабақ оқуға отырған кезде басқа жұмыстарыңызды ұмытыңыз. Баланы асықтырмаңыз. Кейде тапсырманы орындау барысын тездету үшін үлкендер бала үшін үй жұмысын өзі орындай бастайды. Олай істеудің керегі жоқ. Балаға өз бетінше ойланып, сабақ орындауға мүмкіндік беріңіз. Тапсырманы өз бетінше орындау – балаға жақсы стимул береді. Бала өз нәтижесін көріп оны мақтаныш кернейді, өзіне сенімділік пайда болады.


5.Көп түзетпеңіз


Өзіңізді мінсіз адам ретінде көрсетпеңіз. Әрбір нүкте мен үтірге шұқшия қарап, жазуына бола ескерту жасай бермеңіз.  Көп түзетпеңіз, ескертуді жұмсақ жеткізіңіз, түзетудің маңыздылығы неде екенін түсіндіріңіз. Балаңыздың әлі оқушы екенін ұмытпаңыз, сондықтан бастапқыда қателесудің де қажет екенін естен шығармаңыз. Өз қатесін түсінген бала келесіде оны қайталамауға тырысады.


6. Көмектесіңіз және білмегенін айтып жіберіңіз


Егер бала қиналып отырғанын көрсеңіз, балаға жөн сілтеңіз, білмегенін айтып жіберу арқылы көмектесіңіз. Тіпті ол үшін есепті өзіңіз шығарсаңыз да, оны қалай жасағаныңызды балаға түсіндіріп беріңіз. Баланы бақылаңыз. Егер сабақ орындауда қиналатынын байқасаңыз, оны қосымшаға беріңіз.


7. Ой-өрісін дамытыңыз


Балаға сөздікті, анықтамалықтарды пайдалануды, өздігінен ізденуді үйретіңіз. Бірінші күннен калькулятор мен онлайн сөздікке үйретпеңіз. Ғаламтордан дайын шығармаларды көшіріп алуға рұқсат бермеңіз.


8. Қысқа үзілістер жасау керек


Сағаттап үстел басында отыру зиян. 30-50 минут сабақ оқығаннан кейін аздаған үзіліс жасаған жөн. Бала сәл болса да демалып, жүрек жалғап, тіпті болмаса, серуендеп алған соң, өзі-ақ жаңа деммен қайта сабақ оқуға кіріседі.


9. Негативті көңіл-күй бақылауда болуы керек


Баланы көбірек мақтап, мотивация берген дұрыс. Балаңыздың сіз үшін ең үздік екенін ұмытпаңыз. Сәтсіздіктері үшін ұрсып-ұрудың қажеті жоқ. Оны басқа балалармен салыстырмаңыз, "басқа бала одан жақсырақ" дегенді мүлде айтпаңыз. «Жаттасаң, конфет беремін» деген сыңайда баланы сатып алудың қажеті жоқ. Ол сабақты конфет жеу үшін емес, өзі үшін оқуы керек екенін естен шығармауы тиіс. Балаға кінәлау сезімін артпаңыз.


10. Шектен тыс көп іс жүктемеңіз 


Баланы бітпейтін үйірмелер мен қосымшаларға жаза берудің де керегі жоқ. Бұдан баланың физикалық түрде әрі моральді тұрғыда да шаршайтынын түсініңіз. Сол үшін балаға тек қажеттісін беріңіз, ал өзіне керек жолды ол өзі таңдайды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58