Нұртас Оңдасыновтың өмірі талайға үлгі еді
1989 жылдың күзiнде қазақ халқының абзал перзенттерiнiң бiрi жалған дүниенi артқа тастап, бақилық сапарға аттанды. Бүкiл ғұмырын елiнiң ертеңiне арнаған ақтаңгер азамат туған жерден жырақта көз жұмған. Мәскеуде. Небәрi 34 жасында елiмiздiң Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы болған бұл абзал жан Нұртас Оңдасынов едi.
Ұзақ жылдар бойы ел тiзгiнiн қолына ұстаған ол Қазақстан экономикасы мен ғылым-бiлiмiнiң, тұтас мәдениетiнiң дамуына үлкен үлес қосты. Үлес қосты деу бер жағы ғана. Себебi, бұл сөз Оңдасыновтың елiне сiңiрген еңбегiн толыққанды көрсете алмайтын сияқты.
Нұртас Дәндiбайұлының кезiнде Қазақстан картасында жаңа қалалар пайда болды. Кентау, Темiртау, Қаратау сияқты қалалардың атын атау Нұртастың есiмiн айтқанмен бiрдей. Шағын қалалар – өндiрiс ошақтары түтiн түтеттi. Елiмiз экономикасына жан бiттi. Бiрақ Оңдасынов орта жолда тоқтаған жоқ. Бар зейiн-зердесiмен ел iшiне үңiлген. Ол кезде қазақтың атын әлемге танытар ақиық-сұңқарларымыз ел iшiнде жүр едi.
– Нұртас Дәндiбайұлы еңбек сiңiрген үлкен бiр сала – ғылым саласы. Халық Комиссарлар Кеңесiнiң төрағасы болып тұрған кезiнде рухани мәселелерге ерекше көңiл бөлдi. Елiмiзде Ғылым академиясының құрылуы, оған Қаныш Сәтбаевты табуы, оны бекiттiруi бiрден-бiр осы Нұртастың еңбегi. Сондай-ақ, ел iшiнен Жамбылды тауып, оның Жамбыл Жабаев болып көтерiлуiне, сонымен бiрге оның Ленинград пен Грузияға баруына Оңдасыновтың жекелей көмегi көп тидi. Ел үшiн жасалған осындай игi шаруалардың бәрi Нұртас Оңдасыновтың есiмiмен тiкелей байланысты болды, – дейдi Оңдасыновтың рухани iнiсi, жазушы Бейбiт Сапарәлi.
Өз ұлтын жанындай жақсы көрген Оңдасынов ел басында жүргенде Отанымыз ауыр жылдарды басынан өткерген едi. Алдында ғана болған ашаршылық жылдарынан ес жиып үлгермеген халқымыз саяси қуғын-сүргiннiң тағы бiр құйынына тап болған. Нұртас Дәндiбайұлы үкiмет басына осы кезде келдi. Бұл 1938 жыл болатын. Қара мәшине мiнген «үш әрiп» жаналғыштарының дегенi жүрiп тұрған кез. Екiнiң бiрiнiң үстiнен арыз-шағым қарша борап тұрғанда, үкiмет тiзгiнiн ұстап тұру айтуға ғана оңай. Ол өзi небәрi отыз төртте едi.
Ел iшiн үрей билеген. Екiнiң бiрi жау көрiндi. Сыбырлап сөйлесiп, абайлап айтатын кез. Оңдасынов оған қарамады. Адалдықтың ақ жiбiн аттап көрмеген ол 50-жылдардың басына дейiн бiр орнынан тапжылмай, әдiлдiктiң барын айғақтап жүрдi. Өзгелер «халық жаулары» мен «бай-феодалдарды» қолдан жасап жатқанда, ол кеуде кере қарсы тұрды.
– Осындай ойран-топан жылдар басынан өткен соң, адам қанша дегенмен қатты ойланады емес пе, бiр күнi сөз арасында маған «Мен үш нәрседен тазамын: ел алдында арым таза. Қаншама жыл билiк басында жүрiп, бiреуден бiрдеңе дәметiп немесе пара алған адам емеспiн. Бұл – ел алдындағы арымның тазалығы. Екiншi, ел алдында жүзiм таза. Мың сан адаммен араласып жүрiп, бiр адамның руын сұрап, бөлген емеспiн. Үшiншiден, қолым таза. Кейбiр жұрт айтқанға көнбей, бiреулердi «халық жауы» деп атап жатқанда, олар атылып жатқанда, мен бұндай құжаттардың бiрде-бiреуiне қол қойған емеспiн» деп едi Нұртас ағам, – дейдi Оңдасыновтың тағы бiр рухани iнiсiнiң бiрi, Түркiстан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы болған Жарылқасын Әзiретбергенұлы.
Оңдасынов жеке басының адалдығы мен тазалығын көрсетiп қана қоймай, өзгелердiң де солай болуын қалаған. Сол үшiн жанын салып, күресiп бақты. Бүкiл Кеңестер Одағы астаң-кестең заман мен қаһарын төккен соғыс жылдарын бастан өткергенде, сұсынан адам сескенетiн Сталиннен бiрде-бiр ескерту алмаған. Сталиннiң ықыласы түскен бiрнеше ғана қазақтың бiрi болды.
Арқаға аяздай батқан ақтаңдақ жылдар. Бiреуге жақсаң, бiреуге жақпайсың. Екi оттың ортасынан өзiн ғана емес, елiнiң көшiн аман алып шығу жүзден шыққан жүйрiк пен мыңнан шыққан тұлпарлардың бәрiне бiрдей бұйыра бермеген. Оның үстiне, саяси қуғын-сүргiннiң тозақ отына бiрнеше мәрте қақталып үлгерген Мұхтар Әуезовке байланысты әдiлдiктiң салтанат құруы мүмкiн еместей едi. Оңдасынов мүмкiн еместiң мүмкiн болуына мұрындық болған.
– Қилы-қилы кезең болды ғой, Абайды бай-феодал деп, Мұхтар Әуезовтiң басына қиындық төнiп тұрғанда, республика бойынша үлкен жиын жасап, бұл әңгiмеге түпкiлiктi соңғы нүктесiн қойдырған да осы Оңдасыновтың еңбегi болатын. Елiмiздiң сонау бiр түкпiрiнен болашақ мүсiншi Кәкiмжан Наурызбаевты тауып алып, оны Алматыға әкелдiрiп, оқытып-тоқытып, бүкiл әлемге аян Алматыдағы Абай ескерткiшiн жасауға мұрындық болған Нұртас ағамыз болатын, – дейдi жазушы Бейбiт Сапарәлi.
Шынында да, оның еңбегiн сан-саладан байқауға болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған. Айтқанда ауыз қиналмайды. Ал бұған қол жеткiзу белдi үзгенмен бiрдей едi. Тапқан-таянғанның бәрiн алдыңғы шепке жiберiп, жартылай жалаңаш, ашқұрсақ жүрген елдi ұлы iске жұмылдыра бiлудi көзсiз ерлiкпен пара-пар деуге болады.
Сол бiр жылдары Қазақстан қол жеткiзген табыстардың бәрiнде Оңдасыновтың өзiндiк қолтаңбасы бар. Анау-мынауға мойын бұрмайтын «халықтар көсемi» атанған Сталиннiң оған қолдау көрсетiп жүруiнiң де бiр себебi осында жатса керек. 1951 жылы Мәскеуге оқуға түсiп, оны бiтiрiп шыққанша бұрынғы Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасы болып жүргендегi жалақысын сақтатып, бергiздiрiп тұруының өзi осының айғағы. Алайда, Оңдасынов тек шаруашылық пен өндiрiстiң жетегiнде кетпеген. Бұрынғы Гурьев облысында бiрiншi хатшы болып жүрiп, 1962 жылы зейнеткерлiкке шыққан соң, бiржола Мәскеуге көшедi. Сонда жүрiп өзiнiң негiзгi саласына мықтап ден қойған.
– Мәскеуде жүргенде бұл кiсi ерекше жағдайда болған. Қызметтен кетсе де, қызметке кеткен сияқты галстугiн тағып, үйiндегi жұмыс бөлмесiне кiретiн болған. Содан түскi үзiлiске ғана шығып, кешке тағы жұмыс iстеп жүрiп, жиырма жылдан астам еңбек етiп жүрiп, артында 10 томдық еңбек қалдырған. Бұл – 1969 жылы шыққан арабша-қазақша сөздiк, 1974 жылы шыққан парсыша-қазақша сөздiк, не керек, өмiрiнiң соңына дейiн он томдық еңбек дайындап кеттi. Бұл – әркiмнiң пешенесiне жазыла бермейтiн ерлiк, – дейдi жазушы Бейбiт Сапарәлi.
Бiр өзi бiр академияның жұмысын атқарған Оңдасыновтың бiр өкiнiш, бiр арманы болды. Екi көзiнiң қарашығындай болған екi ұлы – Ескендiр мен Генрихтiң қазақы тәрбие ала алмай, ана тiлiнiң қайнар бұлағынан сусындамағанына өкiнген. Зайыбы – Валентина Васильевна Астапова мен екi ұлы өзi дүниеден қайтса, Мәскеуге жерлегiсi келерiн бiлген. Ол «Ажал алады-ау деп қорықпаймын, Мәскеуде мәңгi қаламын-ау деп қорқамын» деген ойын Қазақстанда қалған рухани iнiлерi келген сайын жасырмаған.
Оңдасыновтың өкiнiшi заманымыздың өкiнiшi болатын. Ол жеке адамға тән емес, бәрiмiзге ортақ өкiнiш. Ал туған жерде жатсам деген арманын артындағы ел-жұрты адал орындады.
– Үлкен баласы тарих ғылымының докторы едi, соған «Егер ауылдан келiп сүйегiмдi алып кетемiн десе, сендер қарсылық жасамаңдар» деп айтқан екен. Ол үйiндегi басқа кiсiлерге айтып, Оңдасыновтың мүрдесiн арнайы ұшақпен Шымкент қаласына алып келдiк. Ол кiсiнiң Мәскеуден келу тарихы осындай, – дейдi Жарылқасын Әзiретбергенұлы.
Нұртас Оңдасыновтың артында қалған ұлан-асыр еңбегi жеке бiр әңгiмеге арқау болатын өз алдына бөлек тақырып. Мәңгi өшпес үлгi-өнегесi перiштедей пәк жанның рухын әлi де биiктерге көтере бередi. Ақ болудың жолы қиындап, қаралы күйе жағылмау мүмкiн болмаған жылдары таза болып қалу оңай емес едi. Оған Оңдасынов қол жеткiздi. Бiреу сенсе, бiреу сенбес. Алайда, ол солай болған.