ffin.kz

Азиядағы жаңа ойыншы: Үнді–Қытай қатынасы аймаққа әсер етуі мүмкін

Азиядағы жаңа ойыншы: Үнді–Қытай қатынасы аймаққа әсер етуі мүмкін qamshy.kz

Халықаралық геосаяси жағдайлардың талабына ілесе Қазақстанды қамтыған біртұтас геосаяси аймақтың маңыздылығы жоғарылап келеді. Аймақпен түрлі бағыттағы қатысуын арттырғысы келетін ірі ойыншылар қатары да көбейді. Мәселенки, Орта Азия бұрын Ресейдің дәстүрлі ықпал ету аймағы саналса, қазір АҚШ, Еуропа және Қытай секілді күштер «5+1» форматында аймақ елдерімен диалогты дамытуға күш салуда. Олардың қатарына алдағы уақытта Үндістан, Иран және араб елдері секілді аймақтық державалар да қосылуы мүмкін.


Үрдіс бізге осы күштер арасындағы тең­герімді сақтау және олардың өзара қарым-қа­тынасын ұдайы назарда ұстау сынды міндеттер жүктеп жатқандай. Бұл міндеттің бірі болып Үндістан да тұр. Таяу болашақта Үндістанның Орта Азиямен жан-жақты қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі деген болжамдар бар. Өз кезегінде Үндістанның ішкі мәселелерінен тартып, Үндістан–Пәкістан, үнді–қытай қа­рым-қатынастары да отандық сарапшылар мен зерттеушілердің назарындағы тақырыпқа айна­лары даусыз.



ҮНДІСТАНДЫ ОРТА АЗИЯҒА ҚАРАЙ ИТЕРМЕЛЕЙТІН СЕБЕПТЕР


Әрине, қазіргі таңда Үндістан біздің аймақ­пен белсенді күйде байланысты дамытып отырған ел емес. Бірақ жақын болашақта бұл ел мен аймақты қарым-қатынастың белсенді күйі­не бастайтын факторлар жарыққа шығуы мүмкін. Соның бірі – Үнді-Тынық мұхитында­ғы державалар бәсекесі. Дәл қазіргі кезде бұл аталған алып аймақта АҚШ және Қытай сынды екі алыптың айқасы жүріп жатыр. Бұл тікелей қарулы шайқас болмаса да, саяси, экономика­лық және әскери бәсекелестік тұтас мұхит ел­деріне әсер етуде. Үндістан сынды осы аймақ­тағы маңызды күш екі тараптың да басты назарында тұр. Бұл жағынан келгенде, Үндіс­тан мен Орта Азия елдерінде белгілі деңгейде ұқсастықтар да бар. Айталық, көп уақыттан бері сыртқы қатысуы әлсіз болып келген Үндіс­танды сыртқы жағдай мен ішкі проблемалар жетектей отырып, аймақтағы геосаяси жүріс­терде белсенділікке шығарды. Теңіз-мұхиттағы бәсекелестік Үндістанды түрлі елдер мен ай­мақтарға қарата белсенді қарым-қатынас құра отырып, алып аймақтағы өзінің ұлттық мүд­десін қамтамасыз етуге итермеледі. Үндістанға тиесілі бұл үрдісте Қытай және Пәкістан фак­торы да бар екені анық.



Жаңа Делиді белсенділікке алып келген тағы бір маңызды себеп, елдің әлеуметтік-эко­номикасындағы дағдарысқа жақын салмақты проблемалар. Халық санының қарқынды әрі тұрақты артуы мемлекеттің экономикалық саясатына мұрса бермей келеді. Өткен ғасыр­дың 60–70 жылдарынан бері Дели билігіндегі әрбір үкімет үшін ел халқының ауыр әлеу­меттік жағдайы басты міндет ретінде қаралып келді. Соңғы он жылдықтарда Үндістанның әлеуметтік-экономикалық даму стратегияла­ры миллиондаған адамның ашаршылық пен аштықтан құтылуына мүмкіндік берді. Бірақ үнді халқының санымен қарағанда мұның өзі жеткіліксіз болып қала берді. Міне, бұл жағ­дай іштегі еңбек күштерінің толассыз сыртқа ағылуын қалыптастырып келеді. Бұрынғы уақытта Үндістаннан басталған эмиграция көбінше Еуропа мен АҚШ-қа бағытталатын болса, кейінгі кезде жаңа елдер мен аймақтар да Үндістаннан келетін иммиграцияның анық әсерін сезе бастады. Бұның ішінде халық саны аз, территориясы кең Орта Азия да тұр.



Егер тіпті де алыс болашақтан қарағанда, климат өзгерісінің өзі Оңтүстік Азиядан Орта Азияға бағытталатын ұлы қоныс аудару сын­ды қауіпті болжамдар да жасалған. Осы және өзге де себептерге орай Үндістан болашақта­ғы әлемнің басты мәселесінің біріне айналуы бек мүмкін.



БІЗДІҢ АЙМАҚ ҮШІН ДЕ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ АРТУЫ МҮМКІН


Үндістан мен Қытай – әлемдегі халқы ең көп екі ел. Екі елдегі халық санын қоссақ 3 миллиардқа жуықтап, Жер тұрғындарының бестен екі бөлігін ұстайды. Бірақ Азиядағы екі алып мемлекет қай-қай жағынан да бір-біріне баламалы күш болып келеді. Шешім таппаған шекара мәселесі қазірдің өзінде Бейжің мен Дели арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі орнықты етпей тұр. Екі елдің 3500 шақырым­дық шекарасы бар және аумақтық егемендікке қатысты даулы аймақтары қарым-қатынасты шиеленістірген.



1962 жылы Қытай мен Үндістан арасында шекаралық дауға байланысты соғыс та болған. Ұзаққа созылмағанымен, тараптардың қарым- қатынасына үлкен дақ қалдырды. Бітпеген жара 2020 жылдың маусым айында тағы жа­рылып, Ладах аймағындағы Галван аңғарында қытайлық және үндістандық сарбаздар қақты­ғысты. Нәтижесінде екі жақтан кемінде 24 сарбаз қаза тапты. Келіссөздерден кейін екі жақта әскерлерін кері қайтарды, бірақ әскери аңдысу ұзақ уақытқа дейін қалып қойды. Ал былтыр желтоқсанда Гималайдың шығысын­дағы шекарада қытай-үнді сарбаздары тағы да қақтығысты. Адам өлімі жайында нақты ақпа­рат таратылмады, бірақ кісі өлімі болғанын бейресми ақпарат көздері хабарлады.



Дели мен Бейжің де, сырт ел сарапшыла­ры да шекара аймағында бейбітшілік пен ты­ныштық орнамай тұрып, Үндістан мен Қытай қарым-қатынасын қалыпқа келтіру қиын екенін мойындайды. Бірақ ішкі-сыртқы себеп­терге байланысты екі ел де шекара бөлінісінде бір-біріне жол бергісі жоқ. Жақында Қытай СІМ жетекшісі болып қайта тағайындалған Уаң И Қытай және Үндістан басшылары Ши Жіңпің (Си Цзиньпин) мен Нарендра Моди ортасында екі жақты қарым-қатынасты реттеу бойынша «маңызды консенсусқа» қол жеткіз­гені туралы мәлімдеген. Әңгіме былтыр қара­шада Ши мен Модидің Балидегі кездесуі тура­сында айтылған. Алайда, Үндістан СІМ өкілі Ариндам Багчи консенсусқа келгені туралы мәліметті терістеді. Мұның өзі тараптардың пікір алшақтығын көрсететіндей.


Тарихи терең қайшылыққа ие Қытай мен Үндістан біз мүше болып отырған ШЫҰ мү­шесі. Биыл көктемде Дели мен Бейжің екі елдің қарым-қатынасын ұйым ішінде реттеуге ыңғай танытқан. Бірақ бұл орайда нақты қа­дам жасалған жоқ. Қазіргі жағдайдан қараған­да Бейжің Үндістанмен ынтымақтастықты дамытып, екі ел қарым-қатынасын ретке келтіруге көбірек мүдделі. Бұл Қытай тарапы­нан жасалып жатқан құлшыныстардан да байқалады. Екі елмен жекелеген және көпжақ­ты байланысымыздың артуы үнді-қытай қаты­насын ұдайы қадағалауға итермелейді. Тіпті, алдағы уақытта үнді-қытай қатынасының біздің аймақ үшін де маңыздылығы артуы мүмкін.


«Аlmaty-akshamу», №91,  1 тамыз, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07