«Мирас-2025»: Қырғызстан жауһарларымен таныстырған жолсапар

«Мирас-2025»:  Қырғызстан жауһарларымен таныстырған жолсапар Сурет: Алматы консулдығы

Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының бастамасымен Қырғызстанның туристік бағыттағы жетістіктерімен танысу мақсатында ұйымдастырылған үш күндік «Мирас-2025» халықаралық турына Қазақстан атынан біздің «Alatau-aqparat» медиахолдингінің тілшісі де қатысып қайтты. 

Аталған сапардың құрамында Алматы қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдері болды. Тур делегациясы табиғаты тамылжыған Ыстықкөл облысының бірнеше жерін аралап қайтты.  

 

Қаттаманың дәмі

Астан үлкен ешкім жоқ. Экскурсия мүшелерінің ең бірінші ат басын бұрған жері – «Апамның шайы» («Апамдын чайы») дәмхана-кешені болды. Қырғыз шекарасына өткен кез-келген турист осында, Мира апайдың дәмханасына аялдайды екен. Мұнда ұлттық нан өнімі – қаттамадан дәм татады. Ол – пияз қосылған, бірнеше қатпарлы орама нан. Туристер тұрмақ, жергілікті тұрғындардың өзі жолға шыққанда қаттамамен қарын тойдырып шығуды дәстүрге айналдырған екен. Ішке ел қонып, көңіл жайланған соң кез-келген ісің де оңға басады деп ырымдайды. Сондықтан туристерге де міндетті түрде сүтті шаймен қаттама ұсынады. Айтпақшы, «Апамның шайы» дәмханасының қаттамасына риза болған БАӘ-нің шейхы Ира апайды өз еліне қонаққа шақырған екен. Қаттаманы дәмді пісіретін қырғыз апа шейх аспаздарына «шеберлік сабағын» өткізіп қайтқан көрінеді.

 

Қолөнершілер фестивалі

Ыстықкөл көлінің оңтүстік жағалауындағы туристік индустрияның бірегейі болып саналатын «Ертегі» шатқалы маңынан қоныс тепкен «Royal Gate» этно-кешеніне келдік. Мұнда «Ton fest» халықаралық мәдени фестивалінің құрметті мейманы болдық.

Бұл – қолөнер шеберлерін, Тон ауданының тұрғындарын және туристердің басын біріктіретін фестиваль. Біз мұнда қырғыздың танымал әншілерінің өнерін тамашаладық. Этно-бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған, «Жер-ана» деп айдар тағылған ашық аспан астындағы инсталляциялардың тақырыбы да әралуандығымен бізді баурап алды.

– Біз «Алтын оймақ» халық шеберлерінің қоғамдық қорын 1999 жылы ресми тіркеттік. Бірақ сонау 96-жылдан беріп жұмыс істеп келеміз. Біздің киізден және былғарыдан жасалған бұйымдар қырғыз жерінде ғана танымал емес, өзге мемлекеттерден келетін туристердің де құрметіне ие болған. Бізге болашақ ұрпақ үшін ұлттық мұрамызды сақтау міндеті жүктелген. Сондықтан облысымызда туризмнің дамуын әрқашан қолдаймыз. Оның ішінде бірегей өлкеміздің табиғатына зиян келтірмейтін және халықтық қолөнерді, мәдениетті және тұрғындарымыздың әл-ауқатын дамытатын экологиялық туризмнің дамуына атсалысамыз, – дейді жергілікті қолөнерші, «Алтын оймақ» орталығының директоры Жаңыл Баишева.

 

Ал Тон ауданының әкімі Бақтыбек Осмоновтың айтуынша, бұл өңірде туристерге сапалы қызмет көрсету үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Дәл қазіргі күні Ыстықкөл айналма жолының құрылысы қарқын алған. Жағалауда заманауи қонақ үйлер бой көтеруде. Киіз үйлер сап түзеуде. «Біздің жайлы киіз үйлеріміз 2028 жылға дейін брондалып қойылған», – деді «Royal Gate» орталығының директоры Әсел Дилдеева.

 

Сырға толы «Ертегі»

«Ертегі» шатқалы – Қырғызстандағы бірегей орын. Ғасырлар бойғы эрозиядан пайда болған ерекше жартастардың бірі саңырауқұлаққа, енді бірі жануарға және басқа да фантастикалық тіршілік иелеріне ұқсайды. Шатқалдың ұзындығы шамамен 2 км және қабырғаларының биіктігі 100 метрге дейін жетеді.

Жеті өгіз қаласынан 60 км қашықтықта орналасқан «Ертегі» шатқалы түрлі-түсті реңктерімен де танымал. Мәселен, көкке шаншылған жартастар көбіне қызыл, қызғылт сары, сары, жасыл және ақ түсті болып келеді. Осынау  ерекше жартастардың фонында суретке түсу – туристер үшін мәртебе.

Сондай-ақ арнайы соқпақпен ақырын аяңдай, серуендеп келе жатып, айналадағы таулар мен Жеті өгіз өзенінің аңғарының әдемі көріністерін тамашалай аласыз.

 

«Манастың тостағаны»

Барскоон – Ыстықкөл облысының Жетіөгіз ауданындағы ауыл. Бұл ауыл туристерге Барскоон шатқалымен, «Барыстың көз жасы», «Манас тостағаны», «Аққайнардың атқылауы» және «Қарияның сақалы» сынды сарқырамаларымен және қою шыршалы ормандарымен танымал. Бұл жерге кезінде ең алғаш болып көкті бағындырған ғарышкер Юрий Гагарин де келіп демалған екен. Соның құрметіне ескерткіш те орын тепкен.

Барскоон шатқалының ұзындығы шамамен 30 шақырымды құрайды. Ал асулардың биіктігі 4000 метрге жетеді деседі. Шатқалға еш қиналмай көтерілесіз. Жолы сапалы.

 

«Жеті өгіз»

Көкпен таласа орналасқан «Жеті өгіз» деп аталатын тау шатқалының да көркемдігі таңдай қақтырады. Бұл Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында, Қарақол қаласынан батысқа қарай 28 км жерде орналасқан. Көптің көңілінде көкпеңбек ашық аспанымен, төбесінде қалықтаған мақтадай ақша бұлттарымен, қарағайлы орманымен, саф ауасымен есте қалары сөзсіз.

Мұндағы «Жаралы жүрек» жартасы да, әсіресе жастардың жиі келетін қасиетті мекеніне айналған. Ертеде бір хан өмір сүріпті. Оның сұлу қызы болыпты. Ару өгіз бағатын жігітке ғашық болыпты деседі. Әкесінің рұқсат бермесін білген екі ғашық қол ұстасып қашады. Ал хан қызын тауып әкелуге жасақ аттандырады. Алысқа ұзай қоймаған екі жас табылып, ханның сарбаздары қыздың көз алдында өгізші жігіт пен оның жеті өгізін өлтіреді. Бұл қасіретке шыдамаған қыз сол жерде жүрегі жарылып, жантәсілім еткен екен. Ал махаббатқа толы жүрегінен тамған қан екіге бөлініп, сол орында жарты жүрек пайда болыпты. Өлтірілген жеті өгіз әп-сәтте қызыл тастарға айналып, қайғылы мекенді тізбектеле қоршап қалған екен дейді қырғыз аңызы.

Шатқалда суы шипалы бұлақ көздері бар. Сондай-ақ киіз үйлерде тынығып, атпен серуендеуге барлық мүмкіндік жасалған.

«Санжыра» музейі

Жеті өгіз ауданындағы Оргочор ауылынан ашылған К.Жетимишбаев атындағы «Санжыра» тарихи-генеалогиялық мұражайының да тыныс-тіршілігімен таныстық. Ұядай ғана жып-жылы шағын ауылдың осындай салмақты музей ұстап отырғаны қуантады. Бір қызығы, мұндағы күбі, келі, келсап, диірмен, астау, қазан сынды тұрмыстық заттардың бәрі біздің қазаққа да тән бұйымдар. Сондықтан да көзге жылы ұшырайды.

 

– Мен бір жылдары Қазақстанның Жетісу облысына арнайы барып, Шоқан Уәлиханов жерленген жер мен мемориалдық музейінде болдым. Ол өмірінің соңғы кезеңінде Тезек төремен жақын қарым-қатынаста болған. Сол тұлға туралы мәліметтер жинадым. Жетісудың әйгілі сұлтаны болған Тезек төренің әйелі Төретай – қырғыздың қызы. Сол сапарымда Тезек төренің жүзігінің көшірмесіне, өзге де біз үшін тың құжаттарға қол жеткізіп қайттым, – дейді «Санжыра» тарихи-генеалогиялық мұражайының директоры Мұрат Қаленұлы.

 

Бізге бұл күнгі дәм Ырдык ауылынан қоныс тепкен дүнгендер ауылынан бұйырды. «Мурас-2025» турының делегациясы қабырғасының қаланғанына 150 жыл болған үйден түскі ас іштік. Ыстық ықыласпен ұсынылған дүнген тағамдары көңілден шықты.

 

– Біз ертеде тұрғызылған көне үйлерді сол қалпында сақтауға тырысамыз. Туристер үшін қонақ бөлмелерді сол заманғы жиһаздармен жабдықтаймыз. Біздің ауылдағы кейбір тұрғын үйлер сонау 19-ғасырда салынған. Бұл үйлер біздің дүнген халқының тыныс-тіршілігінің, мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі, – дейді «Қызыл жар» қауымдастығының өкілі Гүлзат Қадыралиева.

 

Түскі астан соң туристер әжелер ансамблінің өнерін тамашалады. Олар 40 метрлік матадан жасалатын кимешектің (элечег) ақ самайлы әженің басына байлану әдісін көрсетті. Матаны басқа орауға жарты сағаттан бір сағатқа дейін уақыт кетеді екен. Кимешек сонау көшпелі замандарда бас киіммен қатар, дүниеге сәби келгенде жөргек те, жол үстінде адам көз жұмса кебін де, жарақат алғанға жарасын таңатын орауыш та болған. Кимешек біздің қазақтың да ең көркем бас киімдерінің бірі. Оның осындай қызметі болғанын естіген шетелдік туристер таңданысып жатты. Ал ер азаматтарға аттың ері ағаштан қалай жонылатыны, оны қалай, қандай терімен қаптайтыны жөнінде «шеберлік сабағы» ұйымдастырылды.

 

Жәдігерлер «сөйлейді»

Қырғызстанның Қарақол қаласы тарихи музейлерімен, бай жәдігерлерімен танымал. Солардың арасында ағашпен өрілген көне Троицк шіркеуі мен Қытайдан арнайы қалап шақыртылған шебердің бірде-бір шегесіз салған дүнген мешіті өткеннен сыр шертіп тұр. Бой көтергеніне жүз жылдан асқан екі ғибадатхана да әлі күнге тұрғындарға қызмет етуде.

Қарақол жерінде маңызды орын алатын тарихи орындардың бірі – Николай Пржевальский музейі. Саналы ғұмырын Орталық Азияны зерттеуге арнаған әйгілі орыс саяхатшысы осы Қарақолда ұзақ аялдап, өмір сүріп, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Орталық Азияға ұйымдастырған 5-ші экспедициясы кезінде Ыстықкөлдің жағасында, 49 жасында қайтыс болған. Ғұмырын тек саяхатқа, ғылымға арнаған саяхатшы үйленбеген. Өзін осы жерде жерлеуді аманаттаған екен. Бейіті Қарақолда. Музейі де, ескерткіші де еңселі.

– Биылғы шілдеде Қарақол қаласының156 жылдығы аталып өтті. Біздің өңір – саф ауада демалғысы келетін әуесқойлар үшін тамаша орын. Қарақолда шаңғы трассалары, емдік қасиеті бар ыстық бұлақтар бар. Ал бізден небәрі бірнеше шақырым ғана жатқан әйгілі Ыстықкөл көлі әлемге танымал. Қырғызстанның туризмі бүгінде мүлдем жаңа арнаға түскен, жаңа деңгейге көтерілуде, – дейді Қарақол қаласының мэрі Қаныбек Адиев.

 

«Санташ» қорғаны

Түп ауданының аумағында орналасқан «Санташ» (көп тас деген мағына береді) қорғанының да айтары бар. Ұзындығы 4 м, ал диаметрі 56 м болатын қорғанда мыңдаған тас тау болып үйіліп жатыр. Археологтардың болжауына сүйенсек, «Санташқа» 3500 куб. м-ден астам тас кеткен.

Жергілікті аңызға сүйенсек, сонау жаугершілік заманда Темірлан қолбасшы әскери жорыққа аттанып бара жатқан әрбір әскеріне осы жерге бір тастан тастап кетіп отыруды бұйырған деседі. Ал соғыстан қайтқан кезде әрқайсысы сол жерден бір тастан алып, екінші бетке тастап кетіп отырған. Ондағы мақсат – жорыққа аттанған әскерінің санын білу. Бірақ аңыз соғыстан аман-есен оралғандардан гөрі қайтпай қалғандар санының көптігін айтады. Оған дәлел осы тау болып үйілген сан тас.

Қазіргі күні Қырғызстан үкіметі «Санташ» қорғанын ерекше қорғауға алып, айналасын қоршап, туристік аймаққа айналдыруды көздеп отыр.

Қорғаннан кейін тынысы кең әйгілі Қарқыра жайлауына табан тіредік. Мұндағы заманауи үлгіде жабдықталған «Хан тәңірі» демалыс базасы бірден көз тартады.

 

– Табиғаты әсем Түп ауданында аграрлық секторды дамыту, тамақ өңдеу өнеркәсібі және туризм үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған.  «Хан тәңірі» демалыс базасына келетін туристердің де, жергілікті тұрғындардың саны жыл санап артып келеді. Таяу арада тау-шаңғы курорты ашылады. Демек бізде туристік маусымды жыл он екі ай жүргізуге мүмкіндік мол, – дейді Түп ауданының әкімі Тимур Мадияров.

 

«Ақ кеме»

Айтпақшы, Түп ауданындағы қарағайлы тау ойпатында орналасқан тағы бір шағын нысан бар. Ол – қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасының желісімен түсірілген осы аттас көркем фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі, адамгершіліктің, ізгіліктің символы ретінде бейнеленетін Момын ақсақалдың көзі тірісінде тұрған екі бөлмелі шағын үйі. Қарияның немересі қайтыс болғасын үй қараусыз қалған екен. Биыл жергілікті басшылық демеушілер тартып, баспананы қалпына келтірді. Болашақта бұл нысан да мұражайға айналмақ. Себебі, Қарқара жайлауына бет түзеген туристер айдаладағы тұрған осы бір шағын үйге арнайы ат басын бұрып, аялдап, дұға-тілек бағыштап, естелік суретке түсіп жататын көрінеді.

Міне, Польша, Моңғолия бас консулдықтарының, Нигерия, Австрия, Германия елшіліктерінің, БҰҰ-ның өкілдері және журналистер қатысқан «Мирас-2025» туры осылайша өз мәресіне жетті.

 

– Қырғызстанның жүрегі саналатын Ыстықкөл – Орталық Азияның жауһары. Ал оның оңтүстік жағалауы – туристік әлеуеті зор бөлігі. Біз сіздерге Ыстықкөл облысының сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және туристік бағыттағы жетістіктерін көрсеттік. Бұл экскурсиялық сапар өңірдің халықаралық ынтымақтастығын арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды деп ойлаймын. Мұндай турлар шетелдіктердің қырғыз тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуіне, Қырғызстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге жәрдемдеседі. Өңіраралық байланыстарды кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды, өзара халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашады деп білемін, – дейді Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулы Женишбек Асанкулов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:32

17:16

17:08

16:52

16:31

16:26

16:15

15:35

15:17

15:08

14:23

14:01

13:01

12:48

12:20

12:01

11:20

11:16

11:03

10:52

10:35

10:19

19:42

17:41

17:30