Түтінге қарсы қала: Алматы таза ауаға жол ашпақ

  • 21:18, 22 тамыз 2025
Түтінге қарсы қала: Алматы таза ауаға жол ашпақ сурет: Қайрат Қонысбаев

Алматы атмосфералық ауаны қорғауда жүйелі тәсілді енгізген Қазақстандағы алғашқы қала болмақ. Жаңа "Ауаны қорғау ережелері" жобасы ластану деңгейін төмендетуге және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың кешенін айқындап отыр, деп хабарлайды Aqshamnews.kz. 

Бұл құжатты Алматы қаласының әкімдігі сарапшылармен, қоғам өкілдерімен және депутаттармен бірлесе әзірледі. Ол ашық талқылаудан өтіп, енді қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылмақ. Жоба мегаполистің экологиялық саясатының құқықтық негізі болмақ.

Не өзгереді?

Жоба бірден бірнеше бағытты қамтиды:

  • автокөлік;
  • жылу энергетикасы және өнеркәсіп нысандары;
  • жеке тұрғын үйлер.

Әрбір категория бойынша ауаны ластаушы әсерді азайтуға арналған шаралар қарастырылған:

автокөліктерді экологиялық жіктеу, техникалық жағдайды қатаң бақылау, өнеркәсіп нысандарына жаңа талаптар енгізу, қолайсыз метеожағдай кезіндегі әрекеттер, сондай-ақ мониторинг жүйесін дамыту.

Маңызды құралдардың бірі – төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізу. Бұл тәжірибе әлемнің жүздеген қаласында тиімділігін дәлелдеген. Мұндай аймақтар қаладағы ең жүктемелі аудандарда зиянды шығарындыларды азайтуға көмектеседі.

Сарапшылар не дейді?

Алматы үшін ауа сапасы ұзақ уақыттан бері ең өткір экологиялық мәселенің бірі болып келеді.

EcoNetwork жобасының негізін қалаушы, эколог Евгений Мұхамеджанов ең үлкен жүктеме автокөліктен түсетінін айтады:

"Алматыда шамамен 600 мың автокөлік тіркелген, оған қоса күн сайын тағы 400 мыңға жуық көлік кіреді. “Еуро 0” стандартына сай келетін көліктер автопарктің бар болғаны 17 %-ын құраса да, олар шығарындылардың 84 %-ына дейін береді. Сондықтан автокөлікке бақылауды күшейту – басты міндет. Техбайқау ережелерін қатаңдату, экологиялық постардағы жаңа талаптар нәтижесін бере бастады. Бірақ бұл жеткіліксіз" деді.

Оның пікірінше, төмен шығарындылар аймағын енгізу жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін:

"Бұл жоба ақылы жол жүйесі сияқты жұмыс істеуге тиіс: барлығы автоматты түрде, қағазбастылық пен жемқорлық тәуекелінсіз. Алдымен пилоттық режим болады, кейін статистикаға қарай кіруді тарификациялау қолға алынады».

"Таза ауалы Алматы" бастамасының модераторы, эколог Әсет Наурызбаев мұндай аймақтар көлік көп шоғырланған жерлерде аса қажет екенін атап өтті:

"Қыста Райымбек даңғылының маңы нағыз экологиялық тұзаққа айналады. Мұнда зиянды заттар ерекше көп жиналады. Төмен шығарындылар аймағын құру – дамыған елдердегі қалыпты тәжірибе. Алматыға да мұндай шараларды енгізетін уақыт жетті" деді ол.

Заңгер Ерлан Бузурбаев әлемнің 300-ден астам қаласында осындай аймақтар барын еске салды. Онда экологиялық стандарты төмен көліктердің кіруіне шектеу қойылған, ал ережені бұзғандар айыппұл төлейді немесе қоғамдық көлікке көшеді. Лондон, Париж, Берлин тәжірибесі мұндай шаралардың нақты нәтиже беретінін көрсетті.

Алматылықтар немен тыныстайды?

"Ренессанс" компаниясының зерттеулері бойынша Алматының барлық аудандарында зиянды заттардың шекті мөлшерден асқаны анықталған:

  • Азот оксидтері (NO, NO₂): 6,9 есеге дейін (Түрксіб ауданы);
  • Күкірт қосылыстары (SO₂, H₂S): 2,0 есеге дейін (Алмалы, Жетісу аудандары);
  • Көміртек оксиді (CO): 4,8 есеге дейін (Жетісу, Медеу аудандары);
  • Аммиак (NH₃): 3,2 есеге дейін (Түрксіб, Наурызбай аудандары);
  • Ұсақ дисперсті шаң (PM₂,₅ және PM₁₀): 4,7 есеге дейін (қала бойынша барлық аудандарда).

Ауаны ең көп ластайтын көзі – автокөлік.

"Ренессанс" компаниясының директоры Асет Тазабеков былай дейді:

"Қаладағы ең таза уақыт – таңғы бес-алты шамасы. Бірақ көлік қозғалысы басталған сәттен-ақ көрсеткіштер күрт нашарлайды. Автокөлік 60 %-ға дейінгі ластануды береді, қалғаны қазандықтар мен қатты отын қолданатын жеке сектор үлесіне тиесілі".

Оның айтуынша, автокөліктің әсері тек ауа сапасымен шектелмейді, ол топырақты және су нысандарын да ластайды.

Қалаға берері не?

Жаңа ережелерді қабылдау қыс мезгілінде қара тұман деңгейін төмендетуге, ауа сапасын жақсартуға және денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді. Экологиялық таза көлік, кәсіпорындарды жаңғырту және кешенді бақылау жайлы өмір сүруге жағдай жасайды. Ал қолдау шаралары халық пен бизнестің заманауи технологияларға біртіндеп көшуін жеңілдетеді.

Алматы тәжірибесі болашақта еліміздің басқа қалалары үшін үлгі бола алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
1
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:33

16:29

16:04

15:19

15:05

15:03

13:02

12:20

12:17

10:44

09:39

19:04

19:02

18:58

17:45

17:28

17:11

17:07

16:50

16:32

16:10

15:52

15:33

15:24

15:01