2025 жылғы 11-20 желтоқсан аралығында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің 7 қызметкері Сеул және Кенджу қалаларының (Корея Республикасы) жетекші музейлерінде кәсіби біліктілігін арттырып келді.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру Сеул қаласы музейлер бірлестігі тарапынан тегін негізде жүзеге асырылды. Бұл халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Оқу бағдарламасы музей қызметінің негізгі бағыттары, атап айтқанда, экспонаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде қолайлы климаттық жағдайларды (температура, ылғалдылық, жарық) бақылап, реттеу, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу, тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақталуын қадағалау бойынша теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды.

Тағылымдама аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлері Сеул және Кенджу қалаларының жетекші музейлерінің жұмыс тәжірибесімен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, Кореяның Ұлттық музейі, Корея Ұлттық фольклор музейі, Сеул қаласы тарихы музейі, Сеул қолөнер өнер музейі, Седжон патша музейі, Адмирал Ли Сунсин музейі, Кореяның Ұлттық сарай музейі, Кенджу Ұлттық музейі, Кенджу Ұлттық паркі, Кенбоккун сарайы, Чхонгечхон музейі, Ханяндосон бекініс-қамалы музейі. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген ашық аспан астындағы Кенджу археологиялық кешенінің қызметімен танысып, озық тәжірибелерін зерделеді.
Айта кетейік, 2022 жылы Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Сеул қаласы тарихы музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы келісім аясында 2022 жылы Сеул қаласы тарихы музейінде Алматы музейінің «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі, ал 2024 жылы Алматы қаласында Сеул қаласы тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» көрмесі ұйымдастырылды.