2025 жылдың басынан бері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағынан тыс бірқатар маңызды мемлекеттік және жұмыс сапарына шықты. Президент сапарларының географиясы Таяу Шығыс, Орталық Азия, Еуропа, Америка және Азия-Тынық мұхиты аймағын қамтып, Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі орнын нығайтуға бағытталды. Aqshamnews.kz редакциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы маңызды кездесулері жайлы шолу жасап көрді.
Халықаралық сапарлардың хронологиясы
2025 жылдың басынан бері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 халықаралық сапар жасады. Оның ішінде 5 ресми сапар, 2 мемлекеттік сапар және 13 жұмыс сапары бар.
Жыл басындағы алғашқы сапар қаңтарда БАӘ-ге жасалды. Абу-Дабиде Мемлекет басшысы бірқатар мемлекет көшбасшысымен кездесіп, "Абу-Даби тұрақты даму апталығы" саммитіне қатысты. Бұл сапар инвестиция, жасанды интеллект, тұрақты даму және жасыл экономика мәселелеріне басымдық берілгенін көрсетті.
Ал ақпанда Президент Иорданияға ресми сапармен барып, король Абдалла II-мен келіссөздер өтті. Сапар саяси диалогпен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Мемлекет басшысы сәуірде Самарқандта өткен "Орталық Азия-Еуропалық одақ" саммиті Қазақстанның өңірлік көшбасшылық рөлін айқындады. Президент Еуропалық одақтың жоғары басшылығымен және халықаралық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесулер өткізді.
Мамырда Мемлекет басшысы Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, халықаралық іс-шараларға қатысты, сондай-ақ Венгрияға сапар жасап, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты.
Жазда Президент Беларусь, Түркия және Түрікменстанға сапарлады. Анкарадағы ресми сапар аясында Қазақстан-Түркия стратегиялық ынтымақтастығының институционалдық негізі нығайтылды. Авазада БҰҰ алаңында өткен конференция өңірлік ынтымақтастықтың жаңа қырларын ашты.
Күзде Президент Қырғызстанға, Қытайға, АҚШ-қа, Әзербайжанға және Тәжікстанға бірқатар сапар жасады. Қытайға ресми сапар мен ШЫҰ саммиті, Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы және Вашингтондағы "Орталық Азия - АҚШ" саммиті Қазақстанның жаһандық процестердегі белсенділігін көрсетті.
Қараша-желтоқсан айларында Ресейге мемлекеттік сапар, Өзбекстанға мемлекеттік сапар, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО аясындағы кездесулер, сондай-ақ Жапонияға ресми сапар жүзеге асырылды. Жыл аяғында Санкт-Петербургте ТМД мемлекет басшыларының бейресми кездесуі өтті.
Ерекше атап өтерлік маңызды кездесулер
2025 жылғы халықаралық сапарлар аясында өткен бірқатар кездесулер Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын айқындауда шешуші рөл атқарды.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу Қазақстан-Қытай қатынастарының стратегиялық сипатын нақтылай түсті. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, өндірістік кооперация, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ұзақ мерзімді жобалар талқыланды. Бұл кездесу Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік және экономикалық серіктес ретіндегі орнын бекітті.
Еуропалық одақ басшыларымен келіссөздер (Урсула фон дер Ляйен, Антониу Кошта) ЕО-ның Орталық Азияға стратегиялық қызығушылығын көрсетті. Климаттың өзгеруі, жасыл экономика, көлік дәліздері және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық Қазақстанның Еуропамен байланысын жаңа деңгейге шығарды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу түркі мемлекеттері арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастықты күшейтті. Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы екіжақты қатынастарды институционалдық тұрғыда бекітті.
АҚШ Президентімен кездесу Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші серіктес ретіндегі рөлін айқындады. Аймақтық қауіпсіздік, инвестиция тарту және экономикалық әртараптандыру мәселелері талқыланды.
Сарапшылардың пайымынша, жалпы, Вашингтонға сапар, саммитке қатысу және қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен АҚШ серіктестігіне қарқын берді. 17 млрд АҚШ долларына мәмілелер Қазақстанның экономикалық дамуына ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанға 100 млрд АҚШ доллардан астам инвестиция салған ірі инвестор ретінде АҚШ-тың ықпалының өсуін көрсетеді.
Президенттің айтулы әрі маңызды мемлекеттік сапарларының бірі 2025 жылғы 11 қарашада Мәскеуге баруы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарға Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен барған еді.
Ақорда жазғандай, Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді. Қала көшелерінде Қазақстанның туы мен Тоқаевтың суреттері ілінді.
“Қазақстан Республикасының Президенті, жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Ресей Федерациясына қош келдіңіз”, – деген жазу екі тілде үлкен билбордтарда орналастырылды.
Ресей Президенті Владимир Путинмен мемлекеттік деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Ресей қатынастарының прагматикалық және одақтастық сипатын көрсетті. Интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимыл негізгі назарда болды.
Еске салайық, қарашадағы кездесуден кейін осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның бейресми саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургкте болды. Бұл сапарында да ол Ресей президентімен жүздесті.
"Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, биылғы жыл, еш күмәнсіз, табысты болды. Екіжақты қатынастардың тұрақты түрде өрлеу бағытымен дамығанын айтуға болады. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым толық табыспен аяқталды. Қазақстан үшін стратегиялық әріптестік пен одақтастық аясындағы ынтымақтастық – сөзсіз басымдық. Біз азаматтардың күнделікті өміріне қатысты барлық мәселелер бойынша да, Қазақстан мен Ресейге ортақ өзге де бағыттарда бірге болуымыз қажет. Себебі бұл ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған ортақ жұмысымыз екі ел халқының түбегейлі мүдделеріне толық сай келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуде.
Президенттің жыл аяғына қарай жасаған ресми сапарларының бірі - Жапония болды. Жапония Императоры Нарухитомен кездесу Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы беделін арттырып, технология, инновация және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты. Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары мазмұнды әрі нәтижелі болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Император Нарухито мен Жапония Премьер-министрінің бір күнде қарсы алуы және ілтипат көрсетуі Мемлекет басшысының халықаралық қоғамдастықтағы беделі зор екенін байқатады.
Жапон дипломатиясында мұндай протоколдық шаралардың кезектесе ұйымдастырылуы таңсық жағдай, сонымен қатар мейманға шексіз құрметтің белгісі ретінде бағаланады.
Бұдан бөлек, Президент Токио губернаторымен жүздесті.
Кездесуде қала басқару ісінде Smart city технологияларын дамыту және инновациялық шешімдер енгізу мәселелері қарастырылды. Делегация мүшелері Қазақстан мен Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Бұл сапарлар Қазақстанның сыртқы саясатындағы сабақтастықты, теңгерімділікті және ұлттық мүддеге негізделген прагматизмді айқын көрсетті. Мемлекет басшысының жоғары деңгейдегі келіссөздері Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, экономикалық даму, инвестиция тарту, өңірлік қауіпсіздік және жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру бағытындағы ұстанымын нақтылады.
Президенттің халықаралық аренадағы белсенді қызметі Қазақстанның әлемдік және өңірлік саясаттағы сенімді әрі жауапты әріптес ретіндегі орнын одан әрі бекіте түсті.