2026 жылдан бастап Алматыда 11 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша диагностика, бақылау мен емдеу жағы сақтандырылған мәртебесіне қарамастан тұрғындардың барлығына қолжетімді болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лайла Иманғалиева осылай деді.
Спикердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне туберкулез, АИТВ-инфекциясы, қатерлі ісіктер, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлықтағы ауытқулар, орфандық аурулар, эпилепсия, инсульт пен жедел миокард инфаркті, сондай-ақ жүйке жүйесіне қатысты біраз ауру кіріпті.
«Маңызды өзгерістің бірі – әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан жағдайда науқастың сақтандырылған мәртебесіне қарамастан қажетті диагностикалық тексерулер тағайындалады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік туберкулез немесе АИТВ-инфекциясын жұқтырды деген күдік болған кезде ғана қарастырылған еді», – деді Лайла Иманғалиева.
Ол 2025 жылғы қыркүйектен бастап Алматының барлық тұрғыны онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулерден тегін өтетінін де еске салды. Бұрын мұндай мүмкіндікке сақтандырылған азаматтардың ғана қолы жететін.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап МӘМС пакеті де кеңейтіледі. Оған диспансерлік есепте тұрған созылмалы аурулары бар науқастар, оның ішінде қант диабеті, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, бүйрек, тыныс алу ағзалары, тірек-қимыл жүйесі аурулары мен басқа да дертпен ауыратын азаматтар енгізіледі.
«Бұл пациенттерге дәрі-дәрмекпен қамтылып, амбулаториялық және стационарлық жағдайда емнің барлық қажетті түрін, оның ішінде қымбат препараттар алуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті Лайла Иманғалиева.