Алматының аптасы

Алматының аптасы коллаж: Нұрбосын Өріс

Алып шаһардың осы аптадағы маңызды жаңалықтарына шолу.

Баспаналы болу – басты қажеттілік

Апта бастала сала мегаполисте жастарға арналған қаржылық кеңес беру бағдарламасы басталды. Бұл жоба алып шаһардың жастарына айрықша маңызды, себебі Алматыда өмір сүру үшін баспаналы болу басты қажеттілік.

Отбасы банкпен бірлесіп жасалған бағдарлама жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, өз қаражатын тиімді басқаруға көмектесуге бағытталған.

Кеңес алуға комьюнити орталықтардың жұмыс кестесіне сәйкес келуге болады. Кеңес беру күнін білу үшін өзіңізге ыңғайлы комьюнити орталыққа барып, толық ақпарат алуға болады.

 

Мегаполис метросындағы қауіпсіздік

«Райымбек батыр» станциясында метрополитеннің заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін жаңа уақытша қоршаулар орнатылды.

Олар екі негізгі қызмет атқарады: жолаушылар үшін қорғаныс құралы болып табылады және жарнамалық құрылым ретінде пайдаланылады.

Қазіргі уақытта бұл қоршаулардың жел жүктемесіне төзімділігі тексерілуде. Барлық қажетті сынақтардан өткеннен кейін осындай қоршаулар метроның басқа станцияларында да орнатылатын болады.

 

Қайта түлеген «Целинный»

1964 жылы салынған «Целинный» кинотеатрының ғимараты Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз заманауи өнер ордасына айналады.

Алматылық көпфункционалды заманауи өнер ордасына айналуда. Жобаның сәулетшісі британдық Асиф Хан ғимараттың негізгі архитектуралық ерекшеліктерін сақтай отырып, оны заманауи стандарттарға сай бейімдеді. Ғимараттың толқынды пішіндегі қасбеті арнайы фибробетонмен қапталып, петроглифтерге ұқсас бедерлі элементтермен әрленеді. Асиф Ханның айтуынша, бұл шешім суретші Евгений Сидоркиннің кеңестік кезеңдегі кескіндемелік шығармасына негізделген, ол қазақтың дәстүрлі тұрмысын бейнелеген.

 

Мопедің тіркеулі ме?

Тіркеу науқаны басталғалы бері 500-ден астам мопед қолданушы бұл процедурадан өткен: олар көлік құралының мемлекеттік нөмірін, техникалық төлқұжатын алды және жол қозғалысының басқа қатысушылары сияқты заңды жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар мопед жүргізушілерінің А1 жүргізуші санаты болуы керек. 5 сәуірінен бастап мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Осы күннен бастап мопедтерді полицияда тіркелгеннен кейін және тиісті жүргізуші куәлігі болғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

 

Алматы - Smart City

Жүргізушісі жоқ таксилер, қоғамдық көліктер, көлік кептелісіне қарай реттеп тұратын «ақылды бағдаршамдар»... Қазіргі ірі мегаполистерді мұндай жаңа технологиясыз елестету қиын. Smart City, яғни «ақылды қаланы» құру бағытындағы жұмыс Алматы қаласында да қарқынды түрде жүріп жатыр. 

«Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасының басты міндеті – барлық қалалық бейнебақылау камераларын бір платформада біріктіру және алынған бейнематериалға нақты уақыт режимінде сараптама жасау.

Биыл қазақстандық студенттер ойлап тапқан JolQal.ai жобасы таныстырылды. Жоба бойынша жасанды интеллект жолдағы шұңқырлар мен ойықтарды анықтауға көмектеседі. Бейнекамералар автобустарда, жедел жәрдем көліктерінде, полиция қызметкерлерінің көліктерінде орнатылып, автоматты режимде түсірілген бейнежазбаларды өңдеп, қала көшелерінің қай бөлігінде ойықтар бар екенін көрсетеді.

 

Нөпір көлікті Алматы

Қаламызға күн сайын қанша көлік кіріп шығады? Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, күн сайын 300 мыңнан астам көлік кіріп шығады. Ағылған көлік ағынын азайту үшін қоғамдық көліктің санын арттыру маңызды.

 Қазір шаһарда 201 тұрақты маршрут ұйымдастырылған, оның 147-сі қалалық, 54 қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер. Ал оның ішінде әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне тек 178 маршрут енгізілген.

 

Шарықтаған шырақ

Алматы тұрғындары жылу тарифтерінің күрт қымбаттағанына шағымданғаннан кейін, "Алматы жылу жүйесі" ЖШС жаңа тарифтерді қалай есептейтінін түсіндірді.

Алматылықтар жалпыүйлік есептеу құралдарына сәйкес, пәтер аумағына қарай топтарға бөлініп төлем жасайды:

1-топ – жылыту ауданы 100 м² дейін.

2-топ – 100-ден 200 м² дейін.

3-топ – 200 м² жоғары.

Егер үйде жалпыүйлік есептеу құралы болса, жылу мен ыстық суға тұрақты төлем болмайды. Тариф сыртқы ауа температурасы мен нақты тұтыну мөлшеріне байланысты.

 

Туристерді тамсандырған Алматы

Тұйық Су шатқалында заманауи туристік орталықтың құрылысына 380 млн.теңге бөлді. Жобаны қаржыландыру басым бағыттардың бірі ретінде туризмді қолдау шеңберінде «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

Визит-орталық қонақ үймен, кафемен, дәріханамен, жабдықтарды сатып алуға және жалға алуға арналған дүкенмен, кәдесый дүкенімен және шығармашылық іс-шаралар өткізуге арналған аймақпен жабдықталады.

Жобаның негізгі мақсаты-жергілікті экотуризмді дамыту үшін жағдай жасау, халықты жайлы рекреациялық демалыспен қамтамасыз ету, Алматының туристік тартымдылығын арттыру.

 

Жеңімпаздар мекені

Алматы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлерін қарсы алды.  

Олардың қатарында - Шерзод Хаширбаев, Асылхан Асан, Евгений Кошкин, Аяна Жолдас, Ардана Маханова, Кристина Силаева бар. Алматы халықаралық әуежайында Харбин қаласынан қанжығалы келген қазақстандық спортшыларды салтанатты қарсы алу рәсімі болды. Оған қала әкімшілігінің өкілдері, жанкүйерлер мен спортшының туған-туыстары қатысты.

 

Халқыңа жақын бол!

Бейсенбі күні Алматы қаласының әкімі Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесті.

Ерболат Досаев халықпен кездесу барысында аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі нәтижелер мен жоспарлар туралы айтты. Ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы оң серпін көрсетті. 2024 жылы аудан бюджеті 27%-ға өсіп, 21,4 млрд теңгеге жетті.

Ауданда заманауи инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Боралдай көшесінде 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Ол биылғы қыркүйекте ашылады.

Маусым айында Кемел ықшамауданында 12 га жағалауды абаттандыру жұмыстары басталады, қыркүйек айында Айнабұлақ шағын ауданында 10 га саябақ аймағын абаттандыру жобасы қолға алынады. Маусымда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы аяқталады.

 

Алматыда жасалған әлемдік рекорд

Шаһардың Әуезов ауданына қарасты №116 мектептің 11-сынып оқушысы Сая Қыдырәлі IELTS емтиханында 9 балл алып, әлемдік рекордқа қол жеткізді. 

«Негізінен, мен IELTS-ты өзімнің мүмкіндігімді, білімімді сарапқа салу үшін тапсырған едім. Жалпы, мұнда тыңдау және сөйлеу кезеңдері барлығына бірдей. Reading және Writing-ке келетін болсақ, олардың бағдарламасы үміткер­лердің IELTS тапсыру арқылы қол жеткізгісі келетін мақсаттарына қарай таңдалады. Ал General Training-ті егер сіз ағылшын тілінде сөйлейтін елге көшуді немесе сол жерде жұмысқа орналасуды жоспарласаңыз, ал Academic-ті (академиялық тест) ағылшын тілінде сөйлейтін университетте оқығыңыз келсе тапсырасыз. Ағылшын тілін еркін сөйлесем де мен жоғары балл алу үшін бұған дейін халықаралық емтиханды 20 рет тапсырдым», деді «ALATAU AQPARAT» ұжымына арнайы келіп, қуанышымен бөліскен Сая Қыдырәлі.

 

Ескірмеген әндер

Алматыда Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған ерекше концерт өтті. «Айналдым елім» атты концертте  композитордың көптеген шығармасы орындалды. Оның әндері ұлттық құндылықтарды дәріптеп, Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Ескендір Хасанғалиевтің әндері тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының жүрегіне жол тапты. Оның шығармашылығы ұлттық бірлікті нығайтып, халықтың рухани мұрасын сақтауға септігін тигізді. Бұл концерт – композитордың 85 жылдық мерейтойына арналған құрметтің көрінісі ретінде, оның өнерін әрі қарай насихаттауға үлкен мүмкіндік туғызды.

 

Кітапхана – мекені парасаттың

Қаламыздағы Ұлттық кітапханаға Ғазиза Құдайбергенқызы директор болып тағайындалды. 

Ғазиза Құдайбергенқызы – мәдениет саласында үлкен тәжірибесі бар, кітапхана ісін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген білікті маман.

Ұлттық кітапхана – тек кітап сақтау орны ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу, мәдени және білім беру орталығы. Жаңа басшының келуімен бұл мекеме жаңа жобалар мен бастамалардың алаңына айналатыны сөзсіз.

 

Жауыз тәрбиеші

Алматыда баланы тұншықтырған балабақша тәрбиешісіне қатысты іс қозғалды. Әлеуметтік желіде оқиғаның бейнежазбасы тарады.

Кадрлардан тәрбиешінің баланы орындыққа күштеп отырғызып, тұншықтырғанын байқауға болады. Бала сол сәтте бөлмеде отырған екі тәрбиешіден көмек сұрайды. Алайда олар мән бермей отыра береді. Бала ата-анасына жағдайды өзі жеткізген. Сосын ата-ана бейнебақылау камерасын ашып қараған. Нәтижесінде полицияға арыз жазған.

Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:44

17:33

17:09

16:18

14:24

13:13

12:42

12:28

12:12

11:41

11:11

10:50

10:10

09:09

08:13

07:17

20:17

18:57

18:38

17:59

17:48

17:37

17:21

17:15

17:06