Алматыға шетелдік «ұшақ аулаушылар» неге қызығады?

Алматыға шетелдік «ұшақ аулаушылар» неге қызығады? Сурет: Жансар Маратұлы

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде ерекше хобби түрі  – «ұшақ аулау», яғни споттинг пен осы іспен айналысатын споттерлер туралы жазған болатынбыз. Бұл тақырыпқа қайта оралып, қалада споттингтің қалай дамығаны, оның қазіргі жағдайы мен споттерлердің жұмысы туралы кеңірек тоқталғанды жөн көрдік.

Аталған хобби авиацияға деген ерекше құмарлықтан туған.  Ол тек суретке түсіру емес, ұшақтардың түрлерін тану, ұшып-қонып жатқан рейстерді бақылау және сәттерді таспалау өнері. Споттинг бұрын Еуропа елдері мен Америкада кең тараса, кейінгі жылдары біздің елде, әсіресе ең үлкен мегаполис – Алматыда да біртіндеп дамып келеді. Алматы халықаралық әуежайы – еліміздегі жүктемелі әуежайлардың бірі. Байқасаңыз, күн сайын көптеген халықаралық рейстер мен сирек кездесетін ұшақтар ұшып қонып жатады. Жүк тасымалдайтын үлкен ұшақтар, жолаушылар лайнерлері, чартер рейстер, тіпті кейде әскери ұшақтар да әуеден  көрінеді. Яғни Алматы – споттингке өте қолайлы қала.

Қалалықтардың көбі әуежайдың маңында арнайы орын барын, споттинг клубтары мен қауымдастықтары жұмыс істейтінін білмейді. Қазір қалада ерекше ұшақтарды суретке түсіріп, авиация фотографиясына қызығатын белсенді жастардың шоғыры қалыптасқан. Арнайы клубтары бар. Сенбі, жексенбі күндері жұмыстан не оқудан қол босағанда жиі бас қосып, Алматы әуежайына арнайы барады. Клуб мүшелері елімізде споттинг мәдениетінің қалыптасуына және авиацияға қызығушылық танытатын жастар қатарының артуына үлес қосып келеді. Олар фотоға түсіру үшін ұшақтардың әр қозғалысын бақылап, тіпті, сол сәтті қалт жібермес үшін сағаттап күтіп тұрады.

Біз әуе кемесін фото мен видеоға түсіруден ләззат алатын жандармен сөйлестік. Сұхбаттасып, олардың қызықты оқиғаларын, үздік кадрларын және авиацияға деген ерекше махаббаттарын білу үшін бірге споттингке шықтық. Хоббиден кәсіпке айналған қызығушылықты өмірінің бір бөлігіне айналдырған «ұшақ аулаушы» – споттерлердің тыныс-тіршілігіне үңілдік. Қазақстан споттерлер клубының мүшелері әуежай маңындағы ұшақ аулауға ыңғайлы нүктелерді жақсы біледі. Әрине, қауіпсіздікке байланысты әуежай аумағында рұқсатсыз суретке түсіруге болмайды. Сондықтан Алматы споттерлері қолайлы жерлерді әуежай маңынан іздейді.

Алматылық споттерлер бұл саланы кәсіби деңгейге жеткізуге атсалысып жүр. Олардың кейбірі халықаралық авиациялық форумдарға қатысып, үздік суреттері шетелдік сайттарда жарияланып жүр. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде де парақшалары авиацияға қызығатын қауым арасында кеңінен танымал. 

ДЕРЕК ЖӘНЕ ДӘЙЕК

*Алматы әуежайы – халықаралық споттерлер үшін де қызықты.  Бірнеше шетелдік авиация фотографтары Алматыны ерекше нүкте ретінде атап өткен. Мысалы, әлемдік танымал авиациялық фотосайттарда (JetPhotos.net және Airliners.net) біздің әуежайда түсірілген мыңдаған сурет бар.

*Германиялық фотограф Маркус Майнка сайтқа Алматыда түсірілген бірнеше Silk Way, Lufthansa Cargo және Antanov сериялы ұшақтардың суреттерін жариялаған.

*Ал польшалық Томас есімді споттер Алматы әуежайында сирек келетін Ил-76, Ан-124 сияқты ұшақтарды түсіріп, Airliners.net пен басқа платформаларда жариялаған.

* TikTok желісінде танымал, Украинадан шыққан ұшқыш әрі блогер Андрейдің Алматы туралы бірнеше бейнеролигі бар. Онда ол әуежай маңындағы инфрақұрылым мен логистиканың ерекшелігін айтады. Сондай-ақ, бір сөзінде жүк рейстерінің көптігін, Түркия, Катар, Әзербайжан сияқты елдердің карго лайнерлерінің жиі ұшатынын атап өтіпті.

*Жарты миллионнан астам оқырманы бар «Skyships» YouTube каналының авторы Алматы арқылы өтетін жүк және чартерлік рейстер туралы контент жариялап жүр. Басқа  қалалармен салыстырғанда Алматыда ұшақ түрлері алуан түрлі екенін атап өтеді.

 

Қазақстан споттерлер клубының мүшесі әуесқой фотограф, жас споттер Жансар Маратұлымен сұхбаттасқан едік. Ол Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 гимназияда 10-сыныпта оқиды. Жасы – 16-да. Қазақстан споттерлер клубына 2023 жылы қосылған. Жансардың суреттері авиациядағы ең танымал Planespotters.net, JetPhotos.com сайттарында жарияланған. 

Жансар МАРАТҰЛЫ, жас споттер: Маған шабыт беретін хобб

-Жансар, споттерлікке қалай келдіңіз? 

-         Споттингке алғаш рет 12 жасымда қызыға бастадым.  Сол уақыттан бері осы хоббимен белсенді айналысып келемін. Бұл – мен үшін нағыз шабыт сыйлайтын, ерекше әсер мен қуаныш беретін сүйікті хобби. Ұшақтарды бақылап, суретке түсіру маған ләззат сыйлайды. «Ұшақ аулау» оқу үлгеріміме кедергі келтірмейді. Тек бос уақытымда, сабақтан тыс кездері ғана айналысамын.

Осының арқасында мен көптеген шетелдік споттерлермен таныстым. Олардан авиация жайында ақпарат алып қана қоймай,  шет тілдерін де дамытып жүрмін. Әсіресе, ағылшын тілінде тәжірибемде жиі қолданамын.

-Суретке немен түсіресіз?

-Қазір Canon 650D фотоаппаратымен түсіремін. Сонымен қатар, ұзақ қашықтықтан сапалы кадр алу үшін Canon 100-400mm L сериялы объективін қолданамын. Бұл техника ұшақтарды алыстан, анық әрі нақты түсіруге өте қолайлы. Бұрын телефонмен де түсіретінмін, бірақ қазір кәсібилікке бір қадам жақындай түстім десем болады.

-Өзіңізге ұнайтын суретіңіздің тарихымен бөліссеңіз...

-Бір күні қатты жаңбырдан кейін ауа-райы бірден жақсарып, таулар тұнық көріне бастады. Мен бірден споттингке шығып, сол сәтті пайдаланып қалуды шештім. Суретті Талғар шыңының фонында түсірдім. Бұл шыңға менің атам – Тленшиев Нақысбек 1935 жылы бірінші болып көтерілген. Шыңның солтүстік жағынан түсірдім. Талғар шыңы ұшақтарды суретке түсірген кезде әдемі көрінеді. Сол сәтте «Air Astana A321LR»  ұшағын дәл осы фонында түсіріп үлгердім. Бұл кадр мен үшін ерекше естелік болып қалды. Сонымен қатар, ұшқыштарды суретке түсіргенде олар бізге қол бұлғап, ризашылықпен қарайды.

-Қазақстанда бұл хобби қаншалықты дамыған?

-Меніңше, споттинг Қазақстанда өте жақсы дамыған. 2012-2019 жылдары бұл хобби негізінен ересектер арасында танымал болды, бірақ қазір, әсіресе, 2023 жылдан бастап жастар арасында да қызығушылық арта бастады. «Kazakhstan Spotting Club» клубы осы бағытта біраз жұмыс атқарып, көптеген жастарға көмек көрсетті. Оның үстіне, кейінгі жылдары Қазақстанға шетелден споттерлер келіп, біздің елде ұшақтарды түсіруге қызығушылық танытуда. Қазақстанның табиғаты мен әуежайлары ерекше сурет таспалау үшін қолайлы. Туристердің көбі Ан-24 ұшағына қызығушылық танытады, себебі олар кеңестік кезеңдегі әуе кемелері туралы жақсы біледі.

-Сіз үшін ұшақ аулауға қай мезгіл ыңғайлы?

-Споттингтің ең белсенді кезеңдері жаз және көктем мезгілдерінде болады. Себебі күн жылы, әрі ұзақ уақыт бойы ұшақтарды түсіруге мүмкіндік береді. Мен үшін ауа райы кедергі емес, себебі мен әртүрлі ауа райында ұшақтарды түсіруге дайынмын. Қатты аяз, қар немесе дауыл болса да, мен өзіме ұнайтын хоббимен айналыса беремін.

-Сәтті кадр үшін қандай жерлер ыңғайлы? Алматы әуежайында түсіру үшін арнайы рұқсат керек шығар?

-Алматы әуежай маңында ұшақтарды суретке түсіру үшін арнайы рұқсат қажет емес. Бірақ біз басқа споттерлерге әуежайдың шекараларынан тыс, заңды орындардан түсіруді ұстанамыз. Споттинг үшін орындар көп. Дегенмен, бәрі ұшақтың бағытына және жарықтың қай жақтан түсетініне байланысты. Әдетте, дұрыс жарық түсетін орындар жақсы суреттер үшін тиімді болады.

-Алматы әуежайы қаншалықты қолайлы?

- Біздің әуежайда споттингке арналған арнайы алаң жоқ. Бар болғаны бір қарау алаңы бар, бірақ ол споттингке арналмаған. Кейде жақсы кадр алу үшін бізге тастар мен батпақтар арқылы өтіп, өзіміз үшін ыңғайлы орын табуға тура келеді. Алматы әуежайы 2011 жылы споттинг турларын ұйымдастырып, споттерлерге арнайы мүмкіндіктер ұсынған болатын. Алайда, кейін әуежайдың басшылық құрамының ауысуына байланысты бұл іс-шаралар тоқтатылды. Болашақта Алматы әуежайы споттинг турларын қайта ұйымдастырады деп үміттенемін.

 

Ербол ЕСБОЛ, Қазақстан споттерлер клубының жетекшісі: Әуесқойлықтан – кәсіби клубқа дейін 

Авиация саласында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мамандығым - халықаралық логист. Қазақстан споттерлер клубы 2014 құрылды. Клубтың құрылтайшылары – менің достарым – Дамир Қаһарманов, Роман Петров және мен. Әуесқойлықтан кәсіби клуб ашуға дейін жеткізген ортақ мақсатымыз болды.  Клуб ашу идеясы сол жылы әуежайға барғанымызда фотографтар мен балалардың суретке түсіргенін көрдік. Содан барлығының басын қосып, споттерлер клубын ашпасқа деген ой келді. Өз елімізде де осы хоббиді дамытуға бел будық. Жыл өткен сайын біртіндеп клубымыз кеңейе бастады. Ресми іс-шараларға шақыртулар алдық, авиашоулар мен презентацияларға қатыстық. «Air Astana» және «FlyArystan» сынды өзге де қазақстандық әуекомпаниялары бізге тегін билеттер ұсынып, қолдау көрсетті.

Planespotters, JetPhotos, Airliners авиациялық сайттары арқылы Қазақстанның өзге де қалаларында споттерлер бар екенін білдік. Қостанай, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Астана, Шымкент, Алматы да бар. Әр қаладағы споттерлер бір-бірін танымаса да, сайттарда суреттерімен бөлісіп, тәжірибе алмасып тұрады. WhatsApp арқылы байланысып, фотоаппарат баптауы, суретті өңдеу, Photoshop, Lightroom бағдарламаларын жастарға үйретеміз.

Еліміздегі ең ірі және танымал клуб — «Қазақстан Споттинг Клуб». Шетелдік споттерлер Instagram, Facebook және түрлі сайттар арқылы бізге жиі хат жолдап тұрады. Алматыға келгенде ұшақ түсіруге ыңғайлы локациялар, ауа райы, рейстер туралы алдын ала ақпарат сұрайды. Қазақстан бойынша шамамен 50-60 споттер бар, олардың жартысы  біздің клубтың мүшелері. Кейінгі жылдары клубымызға Алматыдан жастар белсенді қосылып жатыр. Көбі ата-анасымен бірге келеді, алдымен қарапайым цифрлық камерамен бастайды. Flightradar24 сияқты бағдарламалар арқылы біздің суреттерімізді көріп, танып жатады.

Алатау баурайындағы әсем табиғат пен түрлі ливриядағы ұшақтар кадрда ерекше көз тартады. Шетелдік ұшақ аулаушыларды қызықтыратын және оларды Қазақстанға тартатын басты факторлардың бірі деп осыны айта аламыз. Өйткені споттинг дамыған  Еуропа елдерінде және АҚШ-та мұндай әдемі әрі табиғи фондар сирек кездеседі.

Әуежай аумағына кіру үшін арнайы рұқсат қажет. Ол үшін әуежай мен әуекомпанияларға хат жолдап, қатысушылар тізімі, күні, құрал-жабдықтар және сапар мақсатын көрсету керек. Ал күнделікті түсірілімдер үшін қоғамдық жерлердегі алаңдарда суретке түсіреміз, оған рұқсат талап етілмейді. Қазір әуекомпаниялар мен әуежай басшылығы споттерлерді қолдайды.  2024 жылы клубқа 15-тен астам мүше қосылып, қазір тұрақты түрде түсірілімге қатысып жүр.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:33

17:12

16:57

16:53

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30

11:25

11:07

11:04