Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған негізгі салтанатты іс-шаралар өтті. Бұл тарихи күні ардагерлер, қала басшылығы және қала тұрғындары жиналып, бейбітшілік сыйлаған батырларға тағзым етті.
Алматы әкімі Ерболат Досаев соғыс ардагерлерімен бірге Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ, Алматыда Б.Момышұлының монументіне, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасына, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Нұрмағамбетов ескерткіштеріне, С.Луганский бюстіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік» және «Отан үшін қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдары мен соғыс батырларына арналған мемориалдық тақталарға гүл қою рәсімі өтті.
Гүл қою рәсімінен кейін Ерболат Досаев майдангерлермен және олардың жақындарымен бірге 9 мамыр қарсаңында ашылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясын аралады.
Саябақта ерекше атмосфера орнады – халық көп, көңіл-күй де көтеріңкі. Соғыс ардагерлері, олардың жақындары мен жиналған қала тұрғындары ақ тілегін айтып, әсерін бөлісті.
«Мен Қазақстанда тұратыныма қуанамын, өте бақыттымын. Баршаңызға бейбітшілік пен татулық тілеймін», – деді ҰОС ардагері Александр Журавлев.
Жетісу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкірова тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлеріне ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.
«Жеңіс күнінің маңызына баға жетпейді. Егер тарихымызды ұмытсақ, балаларымызды ешқашана патриотизм мен адамгершілікке тәрбиелей алмаймыз. Сондықтан бұл көз жасымен, самайдағы ақ шашпен келген ерекше мереке. Соғыста болғандардың барлығы батырлар. Ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін», – деді ол.
Азаматтық авиация ардагері Александр Смирнов жыл сайын Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға қатысатынын айтты.
«Жеңіс күні – өте маңызды мереке. Жыл сайын 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоямын. Баршамызға ашық аспан тілеймін. Адамдар әрқашан бақытты өмір сүріп, қаза тапқан батырларды естен шығармауы керек», – деді ол.
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағысаябақта әскери техника көрмесі өтті, қалатұрғындары мен қонақтары үшін далалық асхана ұйымдастырылды, мерекелік концерт болды. Онда қазақстандық артистер майдан және соғыстан кейінгі жылдар әндерін орындады.
Жеңіс күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында да аталып өтті. Мұнда «Батырларға тағзым» акциясы бастау алып, оның соңғы аялдамасы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы болды. Бұл іс-шараға 30 мыңнан астам алматылық қатысты. Шеруді әскери оркестр, құрмет қарауылы ротасы және ардагерлер ұйымдарының өкілдері бастап жүрді.
Алматылық Любовь Ивановна Шмалькоакцияға ата-анасының портретімен келді.
«Екеуі де соғыс көрді, қиындықты бастан кешірді. Бірақ кейін шаңырақ құрып, бес бала тәрбиеледі. Біз оларды мақтан тұтамыз. Олар үнемі «ең бастысы – бейбітшілік» деп айтатын. Жас буын осы сыйдың қадірін біліп, ұмытпаса екен тілеймін», – деді ол.
«Батырларға тағзым» акциясының ең жас қатысушыларының бірі бес жастағы Аслай Абай.