ffin.kz

«Әкенің үйден бір кіріп-шыққанының өзінде сес болу керек»

«Әкенің үйден бір кіріп-шыққанының өзінде сес болу керек» Almaty-akshamy.kz

Бүгін – Әкелер күні. Бұл мереке мамырдың екінші жексенбісінде аталып өткен Аналар күнінің ізін ала, үшінші жексенбіде тойланады. Аталған ерекше мереке отбасы институтын нығайтуға, аналар мен әкелердің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, бір-біріне деген құрмет-ықыластың берік орнығуына және шаңырақтағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді.

Осынау ерекше мейрам күні профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері Күләш ОҢАЛБАЕВА ханымның әке беделі, ана рөлі, жалпы, ерлі-зайыптының қарым-қатынасы, олардың отбасындағы келбеті қандай болуы керек деген тұрғыдағы ой-пікірлерін назарыңызға ұсынамыз.

– Ерлі-зайыптыға бірінші кезекте не керек дейсіз бе? Екі жасқа болаттай беріктік, анау-мынауға шағыла қоймайтын шыдам, таусылмас төзім керек. Мен өзімше былай бөліп қойғанмын: 20-30 жастың аралығы – махаббат кезеңі, 40 жас – балаларды өсіру, жеткізу, 50-ге таяғанда немерені айналып-толғану кезеңі. Ал 60 жас – осының бәріне есеп беретін кез. Ең алғаш бір-біріңді сүйіп қосыласың, ол махаббатыңның нағыз жалындап тұрған шағы. Уақыт өте келе сезімің сыйластыққа ұласа бастайды, еріңе (зайыбыңа) қанша жерден ренжіп тұрсаң да сағын сындырғың келмейді, соның ығына жығыла саласың. Сосын сыйластығың бірте-бірте қимастыққа ұласады. Одан соң мүлдем ештеңеге қимайсың. Бұрқылдап сөйлеп жүрсе де, онысын қандай оймен, нені меңзеп тұрғанына шейін біліп, бағамдап тұрасың, сондықтан онысына мән де бермейсің. Менің отбасылық тәжірибемнен ұққаным осы. 

Шалым мені бір көзқарасымен-ақ бағындыратын, сонысымен ықтырып жіберетін, сосын бәрін түсіне қоямын. Оң қасын көтергенде нені меңзеді, ал сол қасын қайшылағанда не ұнамады, соның бәрін жаттап аласың. Менде де мінез жетіп-артылады, бірақ отағасыма ешқашан қарсы келген адам емеспін. Қасиетіңнен айналайын қазекем еріңді, әкеңді сыйла демеп пе еді. Ерлі-зайыпты ренжіскенде бірі сабырға түсе қалуы тиіс, әйтпесе от шығады.

Ол кісі облыс деңгейінде жұмыс істеді, әрі ауыр, күш құрылымы саласы, қызмет бабында небір күрделі оқиғалар болып жатады. Баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп келе жатқандағы аяқ алысынан-ақ көңіл күйін біле қоятынмын. Мазасы қашып келе жатқанын сезе қойсам, балаларға: «Дереу жиналыңдар, әкелерің келе жатыр!» – дегенімнің өзі-ақ жеткілікті болатын. 

Қызметіне көлеңке түсірмес үшін үйдің ұсақ-түйегін ешқашан оған білдірткен де, араластырған да емеспін. Ағайын-туыстың кейбір мәселесін де білмей қалатын кездері болды, бәрін ың-шыңсыз өзім шешуге тырысатынмын. Мен өз дастарқаныма, ол өз босағасына ие бола білді. Әрқайсымыз өз жұмысымызды, өз орнымызды білетінбіз. Тыңкеңді үйбасты қылғаным жоқ, елдің, халықтың адамы болды. Ал қазіргі ажырасып кетіп жатқан кейбір жастарға бәлкім шынайы сезім жетпей жатқан шығар. Риясыз сүйсең, сен сол адамның жолында бәріне төзесің, бәрін құрбан етесің, – дейді Күләш Оңалбаева.

***

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұра ма, қандай жағдай болып жатса да Күләш апай жарына бірде-бір рет «сенің анаң...», «сенің туысың...» деген әңгіме айтқан емес. «Күйеуімнің туысы – ендігі жерде менің де туысым» – Күләш апай солай қабылдады. Қайта енесі өзіне ұрысып жатса, Тыныбек естімей, білмей қалсыншы деп қолды-аяққа тұрмай безек қағып кететін.

Анарбүбі тәтесінің (кіші енесі) де мінезі қызық болатын, қазір бұрқ-сарқ қайнай қалса, онысы «жібек орамал кепкенше». «Әй, Күләш, бері кел», – деп өзі тігісін жатқыза қойып, бауырына тарта кететін. 

Ол кісі келінін риясыз жақсы көрді. Күләш келгенше аузына ас алмайтын. Есік ашылса: «Күләш, келдің бе?» – деп балаша қуанып кететін. Анарбүбі тәте Күләш келсе болды, бәрі орын-орнына келе қалатынын жақсы біледі. «Шаршап келдің ғой, иә, әй-и-и, шай қоятын адам жоқ-ау саған, ә», – деп жұмыстан қазір ғана оралған Күләшті аяп отыратын. Шайнекті әндеткізіп шай қайнатып қояйын десе өзінде қауқар жоқ, денесін меңдеген ауыр кеселден екі аяқ та кесілген, төсекке таңылғанына біраз жылдың жүзі болған. Отағасы да жұмыстан күніне бір-екі рет телефон шалып: «Тәтем қалай отыр, көңіл күйі дұрыс па, ас-суын ішті ме?» – деп қадағалап отыратын. 

 «Мен бақытты енемін, өйткені жұмақта отырмын. Ал саған кейін осылай жағдай жасала ма, жасалмай ма, кім білсін», – деуші еді марқұм Анарбүбі шешей. Күләш та ол кісі сияқты тапқан табысын үлкен ененің алақанына тиынына дейін санап әкеліп салатын. Жас болып көңіліне ұнаған көйлегін кім өзі алғысы келмейді дейсің, бірақ тәртіп солай болатын. Сонда да үлкендердің сыртынан ғайбат, сыпсың сөз, өсек айту деген мүлдем болмайтын. Әсілі, жаманды жасыру, жақсыны асыру – тек қазақтың ғана келіндеріне тән қасиет-ау.

***

Тыныбек пен Күләш қол ұстасып жүріп барды да, жоқты да бірдей көрген. Өткенге көз жүгіртсе, «Өз үйі – өлең төсегі» болғанша он сегіз рет баспана ауыстырыпты. Нан жаярда ылғи көрші-қолаңнан оқтау сұрап жүретін Күләштің: «Шіркін, өз оқтауым болса ғой, оқтауы бар адам сірә бақытты шығар-ау», – дей беретін болуы керек, бірде Тыныбек екеуі жұмыстан шыға сала көлікпен «Шаруашылық заттары» дүкенінің алдына келіп тоқтады. «Сенің армандағаның осы шығар», – деп отағасының жер қазатын күректің сабындай оқтау алып бергені бар.

– Қазіргі жастардың басым көпшілігіне әке-шешесі несие алса да бәрін өздері құрап береді. Бірақ ажырасуы тез. Бәлкім өздерінің маңдай тері сіңбеген дүниенің қадірін білмей жатқан шығар. Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі. Ер азаматыңның үйден бір кіріп-шыққанының өзі отбасы мүшелеріне сес болып тұруы керек. «Нан әкеп бере салшы, мусорды ала кетші», – деген әйелдің тірлігін құптамаймын, бәріне өзі үлгеруі керек. Оның үстіне бүгінгідей сым-тетік атаулының бәрі бір нүктеге, техникаға бағындырылған заманда қазіргі әйел-келінге бәрі дайын. Иығына сүйеніп келген азаматыңды сыйла; үй деп келген атаңның босағасын сыйла; сол үйді бақытты етемін деп келгін. Өзімнің қыздарымның құлағына құйғаным да осы сөздер. Қандай да бір өзекті мәселе алқымыңнан алып тұрса да, жұмыстан келген еріңе алдымен шайыңды, ыстық сорпаңды беріп болып, айтатыныңды содан кейін айтқын, – дейді Күләш апа. 

***

Тыныбек атаның көңілі жайланғанда: «Айнұр балам (келіні), шай ішейік», – дейтіні бар-ды кешкілік. Сосын бәрі кең де жарық асүйге дастарқан басына жиналады. Түздегі түсі суық генерал Тыныбек үйде кәдуілгі ақжарма көңілді отағасы һәм әке ретінде бүгін кім қандай шаруа тындырды, қайда барды, не нәрсеге қол жеткізді, тіпті кейбірінің қабағының неге салыңқы екендігіне дейін сұрап, бәріне мән бере, жеке-жеке тоқталып отыратын. Әзіл-қалжыңға да ерік берілетін. Көпті көрген азамат өткен-кеткен өмірінен сыр шертіп, ақылын айтып, дастарқан басын бір келелі кеңес ошағына айналдырып та жіберетін. Сонда Тыныбек Темірбекұлы шөліркеп шай ішкісі келіп емес, балалар арасындағы сыйластықтың артуын, ауызбіршіліктің нығаюын, бауырмалдық жібінің үзілмеуін қадағалап, оларды осылай дастарқан басына жинайды екен.

Міне, Әкелер күні осындай құндылықтарды дәріптеу үшін! Ал жоғарыда сөз болған қазақы құндылықтар сөзсіз Күләш секілді аналар мен Тыныбек сынды әкелердің өнегесімен қалыптасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51