Алып шаһардың төріндегі Almaty theatre сахнасында 2 күн бойы аншлагпен өткен «Зулейха» қойылымы жазушы Гузель Яхинаның «Зулейха открывает глаза» романының желісі бойынша сахналанған.
Қойылым басталғаннан сахнаға шыққан алғашқы кейіпкер – Зулейханың енесі аштықтан 3 перзентінің біреуі – ұлы Мұртазаны ғана тірі алып қалу үшін 2 қызын өлтірген ана.
Сахнада тұрған мұз кесектері – туа сала шетінеп кеткен Зулейханың 4 қызы, оларды мұз кейпінде көрсету, экранда көрініп тұрған түрлі көздер, қойылымның басынан аяғына дейін қайта-қайта жиналып, жайыла беретін кілем, ұзатылатын қызға сәукеле кигізер адамның болмағаны, туылмаған баланың аяғындағы екі түрлі аяқкиім, әйелге әскер жігіт ұсынған тәтті тосап, мұз кесектерін балталап бұзу – осының бәрі шығармашылық топтың сөзі мен қимылы аз қойылымдағы реквизит арқылы көп мағына берген өзіндік шешімі.
Жасы біразға келгенше қызға не айту керегін білмейтін ұлына оны сүймейтін жетім қызды әйелдікке алып беріп, келінінен тек ұл тууды ғана талап еткен, «ұл тумасаң өз қолыммен қылғындырып өлтіремін» дейтін қатал ене, шешесінің шешімімен өмір сүретін ынжық ұл, сөйте тұра әйелін сабап ашуын шығаратын күйеу, тағдырына мойынсұнып, қамшысын ала жүгірген күйеудің таяғынан қаша алмайтынын біліп өзі дайындалып тұратын әйел, анасының таяқ жегенін қаламайтын, оны ұрып-соғатын адамнан арашалағысы келіп, «кетші мына күйеуден, сүйген адам ұрмайды» деп тіл қатқан әлі өмірге келмеген бала, замана керуені кері айналғанда қазақ даласына жау болып келіп, жеріне, қала берді әйеліне көз тіккен әскер – бұл қойылымды алып шыққан кейіпкерлер осы ғана.
Енесінің ойы әу бастан белгілі, 3 баладан тірі алып қалған ұлының ұрпағы жалғаспай қала ма деген уайыммен Зулейханы кінәлап, жетім қыздың өмірін тозаққа айналдырып жібереді. Анасы алдына жығып әкеп берген қыздың «сені сүймесем де, жиіркенішті болсаң да, әйелің болуға дайынмын» деп ұсынған қолын алуға жарамайтын ынжық бола тұра, ашуы келсе әйелін сабап, ізінше кешірім сұрап, «жақсы көремін» дейтін Мұртаза, сүймеген адамымен бірге өмір сүріп, 4 қызынан айырылса да ұл тумағанына «жазықты», таяқ жегеніне өзін кінәлі санайтын Зулейха, 2 аяғына екі түрлі етік киіп екі өмірдің ортасында елші болып жүрген, әлі дүниеге келмеген, ешкімге шамасы жетпесе де анасын таяқтайтын күйеуден құтқарғысы келетін бала, қазақ еліне жау болып келіп, Мұртазаны өлтіріп, Зулейхаға әйел бақытын сыйлаған орыс әскері – зал толы көрерменді тырп еткізбей ұстап отырған қойылым осы 5 кейіпкердің арасында өрбіді. Қыз күнінен бал жалап өспеген жетім қыз тұрмыс құрса да көзінің жасы кепкен жоқ, демін ішінен алған көрерменнің біразы қойылымның соңында орыс әскеріне әйел болған Зулейхаға қарап, Ананың, Әйелдің бақыты үшін қуанса, кейбірі түсінбей қалғандай көрінді.
Дегенмен продюсердің жеке қаражатына жасалған дүниенің аншлагпен сахналануы, шығармашылық адамының белгілі бір театрға басыбайлы болмауы сияқты қадамдар театрсүйер қауымды қуантты.
Салтанат – ғажап актриса
Шығарма авторы Гузель ЯХИНА:
«Біздің көргеніміз режиссер Әлібек Өмірбекұлының және актерлік құрамның шығармашылығының жемісі, қойылым сәтті сахналанды деп есептеймін, өзім қатты әсерлендім. Ал Салтанаттың ойынына өз басым қатты риза болдым, сөз жоқ, ол – ғажап актриса.»
Зулейха мені қартайтып жіберді
Қойылымның продюсері әрі басты кейіпкердің образын сомдаушы актриса Салтанат БАҚАЕВА:
«Режиссер маған оқып көруге бірнеше шығарма ұсынған, соның ішіндегі ең ауырын таңдап алдым десем болатын шығар, бірақ ол үшін өкінбеймін, өзім алғаш оқығаннан бұл туындыға ғашық болдым. 10 жасқа қартайған сияқтымын, қазір өзімді 45 жастағы әйел құсап сезініп тұрмын.»
Алғаш рет әйелдің рөлін ойнадым
Азамат САТЫБАЛДЫ:
«Актер үшін бос жүру – өліммен тең. Осы ұсыныс түскенде алғашқы сұрақты режиссер кім және каст, яғни актерлік құрам туралы қойдым. Қоюшы режиссер Әлібек деген соң, бірден келістім. Ал партнерлерге келсек, Бекжан аға, Салтанаттың өзі және Рауан, бұл кісілермен сахнаға бір қойылымды алып шығу – үлкен бақыт.
Бұл қойылымда 2 рөлді қатар сомдадым, мұндай тәжірибе менде бұрын мүлдем болмаған. Жынысы бөлек, жасы жағынан да қарама-қайшы 2 рөлді бір мезетте ойнау өзім үшін үлкен тәжірибе десем болады. Қартаң әйел мен жас жігіттің образын қатар шығару өте қиын болды.
Кейіпкер ретінде Зулейха маған ешкімді өзгертуге ұмтылмаған, басқаның өміріне қызықпаған, өзінің барына шүкір еткен, тағдырына мойынсұнып, түбінде жақсылыққа жеткендігімен ұнады.»
Режиссерлікпен қош айтыса жаздадым
Қойылымның қоюшы режиссері Әлібек ӨМІРБЕКҰЛЫ:
«Осы қойылыммен жұмыс барысында бойымды қатты толқыныс пен уайым биледі. Егер бұл жұмысым көңілден шықпаса, көрерменнің жүрегінен орын алмаса, онда режиссерлікті қоя саламын ба деген де ой болғанын жасырмаймын. Бірақ нәтижесі мені қуантты, көңілім толды. 4-ақ актермен 2 жарым сағаттық спектакльді алып шығу деген оңай шаруа емес. Біздегі театр өнері баяғыдан өмір сүріп келеді, дегенмен бұл жұмыс – заманауи әлемге аттаған алғашқы қадам деуге болады.»
Қыздың құны арзандап кеткендей...
Осы қойылымды көруге арнайы келгенін айтып, әсерін бөліскен көрермен Сәуле апай:
«Басында көп нәрсе түсініксіз көрінді, қойылым барысында ойланып отырып, өзімше талдап түсінуге тырыстым. Салтанатты әнші ретінде жақсы көремін, қойылымға да осы қызымның өнері үшін келдім. Қарапайым көрермен болғасын көп жайтты аңғара алмаған шығармын, бірақ маған Зулейханың күйеуін өлтірген ұлты бөтен жігіттен бақыт тапқаны, оның бақытын 1 банка варенье арқылы көрсету – қыздың құнын түсіргендей жағымсыз әсер қалдырды. Өзіме ұнамаған осы бір тұсы болмаса, қойылымның жалпы барысы жаңаша, дәстүрлі спектакльдерден бөлектігі көңіліме жақты.»