стратегиялық бағдарларға серпіліс беру үшін жақсы мүмкіндік
Биыл 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі мен 5 маусым – жалпыхалықтық референ[1]дум өткізілген тарихи даталар қатар келді. Ел өміріндегі екі маңызды оқиғаның қатар келуінің ерекше символдық мәні бар. Бұл жүріп өткен жолымызды егжей-тегжейлі талдау арқылы болашақ стратегиялық бағдарларымызды бекемдеу үшін жақсы мүмкіндік.
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР –
Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтары
Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы өзінің жаңа ой-толғамдарын білдірді: «Біздің көк паспортымыз бен Көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы. Біздің паспортымыз этникалық шығу тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, адамды Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі құқықтармен және міндеттермен толық қамтамасыз етеді. Біздің паспортымызды иелену халықаралық аренада беделді елдің азаматы болу және дүние жүзін кедергісіз шарлауға мүмкіндік алу, өзіңді қазіргі әлемнің ажырамас бөлшегі ретінде сезіну дегенді білдіреді. Демек, бұл – азаматтарымыз әрдайым және барлық жерде өз мемлекетінің қорғауында болады деген сөз.
Өз кезегінде Көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс».
Қазақстанның барлық азаматы мемлекетіміздің өткеніне, бүгініне және болашағына, ұлтымыздың рәміздеріне және оның мәдени өзегіне қатысы бар екенін сезінуі керек. Әрбір отандасымыздың бойынан шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтық жауапкершіліктің, өз ісіне деген адалдықтың үлгісін көреміз. Дәл осы қасиеттер Жаңа, Әділетті Қазақстанды сәтті құрудың кепілі болып табылады.
ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ
Еліміздегі түбегейлі өзгерістер бастауы
Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерген болатын. Көп ұзамай өткен жылы 5 маусымда халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді.
Бұл – 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум болды. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бастауында тұрдық. Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық. Дәл осындай тарихи сәтте халықтың бірауыздан қолдау білдіруі өте маңызды болды.
Жалпыхалықтық референдум өткізілгеннен бері елімізде түбегейлі оң өзгерістер жасалды. Саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Билік өкілеттіктерін Президенттен Парламентке, орталықтан өңірлерге дейін орталықсыздандыру жұмысы жүргізілді. Жеті жылдық мерзімге бір рет президенттікке сайлану туралы норма заңнамалық тұрғыда бекітілді. Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас моделі енгізілді. Парламенттің бақылаушылық қызметі күшейтілді, заң шығару рәсімдері оңтайландырылды. Партияларды тіркеу процесі жеңілдетілді. Депутаттық мандатты қайтарып алу механизмі енгізілді. Облыстардың әкімдері мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде тағайындала бастады. Нәтижесінде азаматтардың елімізді басқаруға атсалысу мүмкіндігі айтарлықтай артты.
ӘКІМШІЛІК РЕФОРМА
Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кезең-кезеңімен орталықсыздандыру басталды. Үкіметтің 500-ге жуық функциясы министрліктерге берілді.
Әкімшілік реформаның екінші кезеңі басталды, ол функцияларды министрліктерден әкімдіктерге беруді көздейді. Шешімдерді жергілікті жерде, халыққа, олардың қажеттіліктеріне жақынырақ қабылдау қолға алынып жатыр. Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін одан әрі жалғастырудамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ.
Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтардың, ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің нәтижесінде азаматтар жергілікті билікке нақты ықпал ете алатын шынайы тетіктер пайда болды. Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң- мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесі енгізіледі. Ал әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі екені белгілі.
ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ
Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталығы құрылады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды.
Мұның үлгісін Президенттің өзі және Президент Әкімшілігі көрсетіп отыр. Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ы кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылданған. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда екі есе өскен.
Бүгінде Президенттің тапсырмасымен Әкімшілік Үкіметпен бірлесіп, орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен азаматтардың тікелей байланысының стандарттарын белгілейтін Бірыңғай Азаматтарды қабылдау орталығын іске қосуға дайындық үстінде. Әкімдер жер-жерлерде осындай жұмыстарды ұйымдастыруы керек. Халықпен байланыстың барлық жоғарыдан төмен атқарушылық сапасын Үкімет қамтамасыз етуі керек. Әдістеме мен бақылауды Президент Әкімшілігіне тапсырды.
Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Конституциялық соттың құрылуы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілуі құқық қорғау саласын түбегейлі күшейтті. Қазір әлеуметтік салада жүйелі өзгерістер жасалып жатыр.
САЯСИ ЖАҢҒЫРУ: МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы нақты жұмыс істей бастады.
Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша ауқымды саяси өзгерістердің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықты. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру қолға алынды. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр.
Реформалардың нәтижесінде елімізде көп нәрсе өзгерді. Мысалы, алғаш рет Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынды. Мұны саяси жаңғырудың тағы бір маңызды қадамы деуге болады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы нақты жұмыс істей бастады. Саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашып берді. Экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізі қаланды.
Осы реформалардың барлығы, ең алдымен, мемлекеттілікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Саяси реформалар бағдарламасы барлық этносты бір ұлтқа біріктірудің шынайы әрі тартымды жаңа платформасына айналды. Біз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам бастық. Қоғамда жаңа идеялар, жаңа институттар, жаңа қоғамдық қатынастар белсенді қалыптасып келеді. Қоғам мен мемлекеттің бейнесін өзгертетін нағыз реформа дегеніміз – осы.
ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҚАТЫСТЫ БІР ҰСТАНЫМ
Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан
Былтырғы референдум және сайлау науқандары бірлігіміздің бекем екенін айқын көрсетті. Сондай-ақ, мемлекет пен қоғамның өзара сенімін нығайтты. Барша қазақстандықтардың ел болашағына қатысты ұстанымы бір екенін танытты.
Бір жылдың ішінде атқарылған жұмысқа зер салсақ, былтырғы референдумның тарихи маңызы зор екеніне көз жеткіземіз. Бұл Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болды. Бұл байыптамамыздың түйінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзімен тұжырымдасақ: «Жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алатынын көрсетті. Референдумның түпкі нәтижесі және халқымыздың басты жетістігі – осы». Осылайша Қазақстан өз геосаяси аймағында ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатқан, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір елге айналды.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы.