Дәл бүгін, 1 сәуір – Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Әрі халқымыздың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның дүниеге келгеніне тұп-тура 100 жыл толды. Ол – Қазақ музыкасының алтын қоржынына мол мұра қалдырған ұлы композитор. Өзінің қайталанбас ұлы шығармаларымен, асқан дарынымен, таңқаларлық талантымен ел жүрегінде мәңгіге сақталып қалған халқының сүйікті перзенті. Ұлт мақтанышына айналған тұлғаның ғасырлық тойы қарсаңында біз Алматыдағы Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұха ШАЙМЕРДЕНОВТІ сөзге тартқан едік.
– Нұрмұха Рысбайұлы, әңгімемізді өзіңіз қызмет етіп келе жатқан Нұрғиса Тілендиев мемориалды музей үйінен бастасақ. Мемориалдық кешен қашан құрылып еді? Мұнда тұлғаны еске түсіретін қанша жәдігер қойылған?
– Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музей-үйі 2014 жылы 16 мамырда Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған еді. Бұл дара дарынға көрсетілген зор құрмет әрі өте заңды бастама дер едім. Өйткені, бұл үйде саңлақ сазгердің талай өлмес мұралары дүниеге келді. Қабырғасында үні, еденінде ізі қалды. Дәл осы үйде Нұрғиса Атабайұлы 1979 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1998 жылға дейін тұрды. Ал мұнда дарын иесіне қатысты 3224 экспонат қойылған.
– Ғасырлық той қарсаңында қандай жоспарларыңыз бар?
– Ұлы композитордың туғанынына 100 жыл толған мерейтойына орай, өнер иесінің ұрпаққа үлгі болатын өнегесін, қайталанбас шығармашылығын кеңінен дәріптеуді мақсат етіп отырмыз. Осы бойынша бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып, оң қадамдар жасалып отыр.
Айталық, алғаш рет мемориалдық-тұлғалық материалдар кешенін жетілдіру мақсатында музей-үйін жаңарту жұмыстары қолға алынды. Нұрғиса Атабайұлының композиторлық қырына үңіліп, бүгінгі ұрпақтарының шығармашылық мұрасына қызығушылығын арттыру, оқып- білуге, тани түсуге ынталандыру, олардың санасында қазақстандық патриотизм сезімдерін қалыптастыру үшін зиялы қауым өкілдерімен, жоғары оқу орындары, мектеп, балабақша, т.б. қалың қауыммен тығыз қарым- қатынас жасап жатырмыз. Соның нәтижесінде бүгінгі күні музейге келушілер саны артып, түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіле бастады.
Тағы да бір жаңалығымыз – мемориалдық музейдің көшпелі көрмесі ұйымдастырылады. Осында атқарылған іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі телеканалдар арқылы көрсетіліп, баспасөз беттерінде кеңінен насихатталып жатыр. Мемориалдық-тұлғалық материалдар кешенін жетілдіру арқылы Нұрғиса Тілендиев және қазақ ұлттық дәстүрлі музыкасы, «Отырар сазы» этнографиялық оркестрінің ерекшелігі, оркестрде қолданатын қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ, кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар туралы мәліметтер кеңінен қамтылды. Әлі де толықтырып жатырмыз.
Менің бір байқағаным, мұражайға келушілерді ең алдымен ол кісінің өмірі, балалық шағы қатты қызықтырады. Сондықтан композитор туралы мәліметтерді әлі де толықтырып жатырмыз.
– Оқырмандарымызға сол мәліметтерден бөлісе кетіңізші?
– Білесіздер, заңғар дарын иесі 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген ғой. Қазір бұл елдімекен «Нұрғиса Тілендиев» ауылы деп аталады. Ол кісінің әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да өлең айтып, сырнайда ойнаған өнерпаз жан. Екеуі де қағылез ұлының ерекше қабілеттерін ерте танып, жасынан баулыған ғой. Мысалы, әкесі Нұрғисаға бес жасында домбыра тартуды үйретіп, анасы болса оның ноталық сауатын ашқан.
Бала күнінде мынадай қызық оқиға болған. Бір күні ұлы композитор Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұратын үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Қағыс пен тартыстан-ақ шеберлігін біліп, кім екенін білмек боп барса, әлгі «күйші» алты жасар бала екен. Содан анасына жолығып, «ұлыныз тағы бір рет домбыра тартып берсе» деп сұрайды. Бұған шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды. Ахмет Қуанұлы баланың ойнағанын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады. Сөйтіп, атақты композитор А.Жұбанов болашақ сазгердің ұлы тұлға болып қалыптасуына жол ашқан екен. Әрі оның ұстазы болды.
Ол кісінің майдангер болғанын да жұрт біледі. 1943 жылы Нұрғиса Тілендиев майданға аттанған. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жастағы жігіт өзінің төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап, Берлинді алғанға дейінгі жолымен жүріп өтеді. Ол соғыста бірнеше рет жараланады. Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған ғой. Ол кісі сол кезде әскери қызметті жалғастыруды да ойласа керек. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген сұраныстың жоғары екенін жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылған. Міне, мұражайда осындай керемет тарихи оқиғаларды айғақтайтын құжаттар, сарғайған хаттар мен ескі суреттер де бар.
– «Нұраға «Отырар сазы» оркестрін сәбиіндей аялайтын еді» дейді көзкөргендер...
– Ол рас. Бұл оркестр өнер иесіне ерекше шабыт берді. Оркестрмен жұмыс барысында ол кісі ерекше арқаланып кететін еді дейді. Оған өзіміз де куә болдық. 1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырады. Басында шығармашылық ұжым шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды. Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз- сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды.
1984 жылы оркестр Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы үлкен концерт залында өнер көрсетіп, 1985 жылы Бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты атанды. Иә, ерекше дарын иесі Н.Тілендиевтің арамыздан кеткеніне де біраз уақыт өткен екен. Осынау уақыт ішінде Нұрағаңның көзіндей болған «Отырар сазы» өз биігінен бір саты да төмендеген емес. Қайта оның өнері хас таланттың мінезіндей тасып, биіктеп барады. Ізін басқан ұрпағы Дінзухрасы барда Нұрғиса Тілендиевтің отының өшпесі, өнерінің өлмесі анық.
– Жақында Анкарада Тілендиев жылы басталды. Анадолы жұрты қалай қабылдады?
– О-о-о, бұл бір керемет өнер мерекесі болды. 2023 жылы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы «2025 жыл – Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялағаны белгілі. Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы мен Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қазақ халқының аса көрнекті композиторы, КСРО халық әртісі, «Халық Қаһарманы» қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына байланысты үлкен іс-шара ұйымдастырды. Бауырлас түрік мемлекеті Нұрғиса шығармашылығына ерекше құрмет көрсетті. Өнер иесінің шығармалары түрік жерінде де орындалды. Тілендиев атындағы мұражай ұжымы осынау атқарылып жатқан жұмыстарға зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, Ұлы тұлғаның қайталанбас шығармашылығы баршамызға ортақ, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.
Әңгімелескен Рая ЕСКЕНДІР.
«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Нұрғиса Тілендиев – 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Осынау мол мұраның қатарында ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар.
1968–1981 жылдары Нұрғиса Тілендиев «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редакциясының бас редакторы болды.
Қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазды. Сондай-ақ, ол «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» сияқты қазақ фильмдерін де әуенмен әрледі.
Бүгінде еліміздің өңірлерінде КСРО Халық әртісі, «Халық Қаһарманы», композитор, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің атындағы музыка мектептері, музей, Орталық, көше бар. Алматының орталығында Тілендиевтің тұлғалы ескерткіші орналасқан.
"Аlmaty aqshamy", №27 (6589) 1 сәуір, 2025 ж