29 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёевпен Алматыда кездесті. Екі ел басшысы бірге қаладағы бірқатар нысанды аралады. Атап өтер болсақ, президенттер Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты, «Медеу» спорт кешеніне және AlmatyFairai көрмесіне барды. Сонымен қатар, Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туындыларын тамашалады. Мұның бәрі сапардың ресми тұсы. Ал бейресми форматтағы кездесудің негізгі мәні неде? Тараптар қандай тақырыпта пікір алмасты? Осы сұрақтар төңірегінде талдау жасап көрелік.
Аймақтағы интеграциялық процесс күшеймек
Тараптардың Алматыдағы кездесуі бейресми формата өткендіктен, жиын жайлы ақпарат жалпылама берілді. Ақорданың және Өзбекстан президентінің ресми сайттарында да бірыңғай жалпылама ақпарат берген. Алайда, қысқа мәліметті талдап талқыланған мәселелер жайлы болжауға болады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылаған. Оның ішінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Себебі, 18-19 наурызда Алматыға Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева келді. Елімізге сапары барысында Өзбекстанның Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайта түсуге ниетті екені байқалды.
Тараптар өнеркәсіптік кооперацияға да ерекше назар аударуда. 27 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстың сауда-саттықпен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Болашақта бірлескен кәсіпорындар ашылады деген сөз. Өнеркәсіптік кооперация шекара маңындағы сауданың дамуына, инвестиция айналымына, екі ел азаматтарының еркін жүріп-тұруына, туризм саласына серпін бермек.
Осы жерден мынадай маңызды сұрақ туындайтыны сөзсіз: Халықаралық өнеркәсіптік кооперация «Қазақстан– Өзбекстан өнерәсіптік кооперациясы» деп аталса да болар еді, не үшін «Орталық Азия» деп аталады?
Бұлай атаудың басты себебі – жоба болашаққа арналған. Орталық Азия елдері тұтастай осы жобаны қолдайды деген ниетпен жоспарланған жоба болуы мүмкін. Тіпті, ұзақ уақыттық перспективада Орталық Азия экономикалық одағы да құрылса, таң қалмаймыз.
Маңызды жиындар
алдындағы пікір алмасу
Бізге бейресми кездесуде талқыланған саяси мәселелер қызық. Ол қандай мәселе болуы мүмкін?
Біріншіден, биыл «Орталық Азия+» форматында бірнеше халықаралық саммит өтеді. Соның бірі «Орталық Азия+ЕО» саммиті.
27 наурызда Түрікменстанның астанасы Ашхабадта Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси ведомство өкілдерінің 20-кездесуі өтті. Оған Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанның Сыртқы істер министрлері, Қазақстан мен Қырғызстанның Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары және Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Каллас қатысты.
Кездесуде тараптар 2025 жылдың 3-4 сәуірінде Өзбекстанның Саманқанд қаласында өтетін «ОА-ЕО» саммитіне дайындық барысын талқылаған. Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Алматыдағы кездесуде осы маңызды саммит бойынша да пікір алмасқан болуы әбден мүмкін. Себебі, аймақтағы интеграциялық процесс екі елдің сыртқы саясатына байланысты дамиды. Бұдан бөлек, 28 наурызда Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кая Каллас ресми кездесу өткізгенін атап өткен жөн.
Екіншіден, биыл Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуі өтеді. Маңызды жиын Өзбекстанда өтпек. Тараптар бұл бағытта да алдын ала пікір алмасуы әбден мүмкін. Аймақ елдері басшыларының консультативтік кездесуінде нақты қандай мәселе көтерілетіні қазірге анық емес. Алайда, екі тарап та «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының тәжірибесі алға тарта отырып, аймақтағы экономикалық байланысты нығайту бастамаларын көтеруі ықтимал. Міне, осындай елеулі қадамдар туралы қаламыздағы жүздесуде сөз түйіні тарқатылды деп болжауға болады.
Үшіншіден, 31 наурызда Тәжікстанның Худжанд қаласында маңызды үшжақты кездесу өтті. Кездесуге Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев және Қырғызстанның президенті Садыр Жапаров қатысты. Онда үш мемлекет шекара дауын толық шешуге ниетті екенін білдіріп, маңызды құжатқа қол қойды. Бұған дейін Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері шекараны демилитациялау туралы шартқа қол қойған еді. Бұл екі құжат тұтас аймақтың дамуы мен интеграциясына оң әсер етпек. Алматыда өткен кездесуде президенттер осы мәселе бойынша пікір алмасқан болар.