ffin.kz

Бітпес дау, толассыз қантөгіс..

Бітпес дау, толассыз қантөгіс.. Сурет ашық дерек көзінен алынды

Орта Шығыс ұдайы қақтығыс орталығы болып келсе де, бірер жыл бұрын тұрақтылыққа бет алғандай көрінген. Солай ойлауға негіз көп еді. Өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топқа қарсы біріккен коалиция қарулы операцияларын аяқтады. Ирак пен Сирия жеріне бекінген террорлық ұйымның соңғы бекіністері талқандалды, жетекшілерінің көзі жойылды. Осыдан кейін АҚШ аймақтағы әскерлерінің санын қысқартты. Ирактан, Сириядан, тіпті Ауғанстаннан әскерін кері шығарып жатты. Оның сыртында ұзақ уақыт жауласып келген Израиль мен бірқатар араб елдері татулыққа бет бұрды. Бұндай жағдай Иран мен араб елдері арасын­да да байқалды. Әуе қатынасы ашылып, дипломатиялық алмасу­лар жиіледі. Алайда, бұның бәрі аймақтың баянды тыныштығы болмай шықты. Қоздап жатқан ескі ошақтардан қайта жалын қаулады. Бітпес дау, толассыз қантөгіске қайта кірді.


Қазір аймақтағы болып жатқан оқиғалардың жиілігі жоғары. Сәл назарың тайса болды, қым-қуыт із­дерден көз жазып қалатындай. Сон­дықтан соңғы оқиғалардың бірі ретінде Орта Шығысқа қайта бір те­реңдей назар салып, ондағы тартыс­тардың тамырын басып көрмекпіз. Себебі, бір-біріне байланысты әлемдік үрдістердің бізге де тигізетін тіке және жанама әсерлері бар.


ҚАҚТЫҒЫС АУА ЖАЙЫЛЫП БАРАДЫ


Израиль мен ХАМАС-тың со­ғысы бұрқ ете қалғанда көптеген сарапшылар қақтығыстың аймаққа жайылып кетуіне алаңдаған. Се­бебі, оның салдары ауыр. Енді міне, сол қауіп барған сайын үдей түскендей. Әу баста ХАМАС-ты жақыннан қолдаушы ретінде Хез­болла көрінген. Шекарасы жақын, әрі Батысқа ашық қарсылық таныт­қан ықпалды ұйым қай тұстан соқ­қы ұрады деп күтілді. Алайда, Хезболладан гөрі Йемендегі Хусит­тер жылдам және нақты әрекетпен кірісті. Олар ХАМАС-ты қолдай­тынын білдіріп, Қызыл теңізден өтетін сауда кемелеріне қарсы ша­буыл бастады. Бұл аймақтағы жағ­дайды жаңа деңгейге көтерген оқиға болды.


Осы арада АҚШ пен Британия бастаған елдер үшін мәселеге ара­ласпауға жол қалмай қалды. Қызыл теңізді қорғауға жөнелтілген теңіз күштері қазір Хуситтерге тиесілі дрондар мен ұшақтарға, зымыран­дарға «аңшылық» жасап жүр. АҚШ бастаған бұл коалиция күштеріне 10 ел қолдау көрсеткен. Британия да Қызыл теңіздегі сауда жолын қорғауға әскери теңіз күштерін жұмсап отыр. Америкалық екі со­ғыс кемесі Жерорта теңізінде тұ­рып, ұдайы соғыс ұшақтарын, зы­мырандарын және тікұшақтарын пайдаланып, Араб түбегі мен Аф­рика құрлығы арасындағы тар теңіз жолын күзетуде.



Жұрт назары Баб әл-Мандаб бұғазы мен Суэц каналы арасында тұрғанда күтпеген жерден Йорда­нияда тағы бір оқиға болды. Онда­ғы АҚШ-тың әскери базасына ша­буыл жасалып, 3 америкалық жауынгер қаза тапты. Ақ үй бірден жауап қатып, қатал әрі пәрменді әскери жауап болатынын айтты. Сөздің ұшы Иранға бағытталды. Теһран бұл айыптауды «саяси мақ­саттағы жала жабу» деп сипаттады. Егер бұны сылтауратып АҚШ тара­пынан Иран жеріне қандай да бір соққы болса, Теһран оған қарсы барлық мүмкіндігін пайдаланады деп кері ескерту берді. Йордан жеріндегі АҚШ базасына шабуыл 30 қаңтарға қараған түні жасалды. Көптеген сарапшылар АҚШ-тың жауабы 48 сағат ішінде жасалуы мүмкін делінген. Алайда, біз осы сараптаманы дайындап болғанға дейін Құрама Штат тарапынан Иранға немесе оның қолдауындағы өзге күштерге бағытталған шабуыл мәліметі шықпады.



ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА  МЕН САУДАҒА ДҮМПУ  АЛЫП КЕЛДІ


АҚШ пен Британ кемелері неге Қызыл теңізді қорғауда белсенділік танытты? Себебі, аталмыш су жолы халықаралық сауданың ма­ңызды күре тамыры. Азия мен Еу­ропа арасындағы ең қысқа су тасы­мал жолы. Халықаралық сауда тасымалының 12–15 пайызы Қы­зыл теңізден өтеді, жылына 1 трил­лион АҚШ доллары көлеміндегі тауар өтіп тұрған су жолы. Егер бұл су жолы жабылып, Азия мен Еуро­па арасындағы тауар айналымы Африка құрлығын айналып өтетін болса, зат жеткізу он күнге ұзарады және кез келген тауар бағасы 4 па­йыз қымбаттай түседі. Өйткені, әлемдегі ірі тасымал компанияла­рының қорғаныс шығындары мен жол шығындары көбейеді. Бұл біртіндеп тұтас дүниежүзілік на­рықтағы тауар бағасына әсер етеді.



Қызыл теңіздегі Хуситтердің әрекетіне жауап қайтармау деген сөз, әлемдегі осы маңызды су жо­лын Иранның бақылауына берумен тең. Бұндай шегініске АҚШ пен Британия секілді ірі державалар қалайда барғысы келмейді. Оның үстіне Суэц каналы мен Қызыл теңіздегі сауда ағыны Батыс ел­дерінің энергияға деген тәуелділігі­не де қатысты.



Тауар бағасы өсіп, энергия қымбаттаған жағдайда, Украина мен Израильге қолдау көрсету НАТО, ЕО және АҚШ үшін күрделі мәселеге айналады. Бұл тұрғыда Қызыл теңіздегі тұрақсыздық Иран мен Ресейге тиімді көрінеді. Ал Қытай үшін Қызыл теңіз қос жүзді қанжар сынды. Батыстағы өзінің стратегиялық қарсыластарының әбігерге түсуі стратегиялық жақтан тиімді, алайда импорт-экспорттың буыла бастауы экономика үшін тиімсіз. Сондықтан Бейжің қазір істің соңын бағуда. Сауда жолы мүлде тосылса, онда Иран мен ху­ситтерге Бейжің өз ықпалы арқылы «қысым» жасауы мүмкін.


ЖАНЖАЛ ҚАУПІ  КҮШЕЮДЕ


Йорданиядағы әскери базаға ша­буылды кейбір бақылаушылар АҚШ- Иран арасындағы тікелей қақтығыс­қа жол ашады деп те болжаған. Алайда, жалпы жағдайдан қарағанда бұның қисыны азырақ. Себебі, қақ­тығыс ауқымы кеңейіп, тікелей әлемдік және аймақтық державалар соғысқа араласса, бұл жағдайдың бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Оның салдары тіптен ауыр. Қазіргі күйде соғысқа тіке араласу АҚШ пен Иранның мүддесіне бірдей сай кел­мейді. Сондықтан АҚШ уәде еткен пәрменді жауап Иран қолдауындағы ықпалды күштерге қарата жасалуы мүмкін.



Анықтап қарасақ, қазір Орта Шығыста Иран қолдауына сүйен­ген қарулы топтар аса белсенді. Хуситтер де, Хезболла ұйымы да, тіпті ХАМАС та Иранның түрлі деңгейдегі қолдауын көреді. Бұл күштердің белсенділікке шығуы­нан және қазіргі оқиғалардың тіз­бегінен терең бір жайтты көре ала­мыз. Біріншіден, аймақт ағы Батыстық ойыншылар қалайда Иранды соғыс батпағына қарай тартуға тырысуда. ХАМАС-қа ба­ғытталған рақымсыз шабуылдар, Хуситтерге жасалған пәрменді қайтарма соққылар түптің түбінде Иран қолдауындағы барлық топ­тардың аймақтағы белсенділігін оятады. Турасын айтқанда, бел­сенді болмасқа шарасыз жағдай туғызады. Бұның бәрі Иранды қа­ласа да, қаламаса да өз мүддесін сақтап қалу үшін соғыс шығында­рына тартыла түсуге итермелейді.



Екіншіден, Иран қолдаған күш­тердің көбі исламның шиттік бағы­ты. Шит күштерінің аймақтағы белсенділігі «Ислам мемлекеті» секілді бұғып қалған өзге күштерге түрткі болады. Бұл түптің түбінде аймақ суниттік және шиттік ұста­нымдағы мұсыландар арасындағы өзара жанжалға жол ашады. Сырт­қы ойыншылар үшін бұл әлемнің өзге аймақтарындағы мәселелерді (Украина, Тайвань) өз пайдасына шешуге орай тудырады. Әрі аймақ­тағы өз мүддесін жүзеге асыратын мүмкіндіктер жасап береді. Осы­лайша Орта Шығыс әлі де әлемдегі басты ойын алаңы болып қала бермек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30