Шығыстың ұлы ақыны әрі ойшылы Низами Гәнжәуидің шығармашылығы сондай бай да сан қырлы, оған қанша рет үңілсең де, қай қырынан қарасаң да, толық меңгеру, түбегейлі ұғыну мүмкін емес.
Бұл кездейсоқ емес: Низами Гәнжәуи бүкіл әлемде, соның ішінде түркі дүниесінде – Түркияда, Қазақстанда, Өзбекстанда және басқа елдерде сүйіспеншілікпен қабылданып, кеңінен насихатталып, қайта-қайта басылып шығып келеді.
Кеше Бакудегі Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының орталық штаб-пәтерінде ұйым қызметкері, ақын, Әзербайжан Жазушылар одағы Жастар кеңесінің төрағасы Фәрид Хүсейннің ұлы ақын Низами Гәнжәуидің «Хамсасындағы» өлім сәттеріне арналған «Ақибетнама» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
«Ақибетнама» – Низами Гәнжәуидің «Хамсасындағы» өлім тақырыптарына қатысты әдеби түсіндірмелерден құралған эсселер жинағы.
Іс-шараға TÜRKPA-ның бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Әзербайжанда аккредиттелген түркі елдерінің дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен әдебиет әлемінің өкілдері, БАҚ қызметкерлері қатысты.
Шарада сөз сөйлеген Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қор түркі халықтарының бай мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Қордың бастамасымен дайындалған басылымдар мен түрлі халықаралық іс-шаралар түркі халықтарының бай әдеби және мәдени дәстүрлерін кең аудиторияға жеткізуге қызмет етеді. Бұл бағытта Фәрид Хүсейннің еңбегі зор. Ол қордың көптеген шараларына қатысып, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және басқа елдерде қорды табысты таныстырды. Оның редакторлығымен жарық көрген басылымдар түрлі кітап көрмелерінде қойылды», – деді А. Райымқұлова.
Шараның модераторы, Әзербайжан Жазушылар одағының Халықаралық байланыстар жөніндегі хатшысы, ақын әрі аудармашы Сәлім Бабуллаоғлы қордың басылымдары мен шараның маңызы жөнінде ақпарат берді. Ол қордың бастамасымен жарық көрген басылымдар тек қана классикалық және заманауи әдебиеттің таныстырылымы емес, сонымен бірге түркітілдес елдер арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына да қызмет ететінін айтты.
Сәлім Бабуллаоғлы Низами мұрасын оқыту мен насихаттауда бұл басылымның құнды дереккөз ретінде үнемі пайдаланылатынына сенім білдірді.
Әзербайжан Ататүрік орталығының директоры, академик Низами Жәфаров Фәрид Хүсейннің шығармашылығы туралы айта отырып, ақынның еңбектерінде ұлттық құндылықтардың сақталуы мен түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасының насихатталуы айқын көрінетінін атап өтті.
“Ақибетнама” оқырмандарға адам тағдыры, руханият пен мәдениет тақырыптарын тереңінен таныстырады. Шығармадағы әңгімелер мен талдаулар ұлттық құндылықтардың сақталуын, адам болмысының қыр-сырын және қоғам мен жеке тұлға арасындағы қарым-қатынастарды кеңінен бейнелейді», – деді академик.
Кітаптың редакторы, филология ғылымдарының философия докторы, доцент, низамитанушы Зәһра Аллахвердиева мен филология ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Камал қордың бастамасымен жарық көрген басылымдардың оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырып, түркітілдес халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететінін атап өтті. Олар Фәрид Хүсейннің еңбектерінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен адам тағдырын шеберлікпен бейнелеуімен қатар, түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасын насихаттауын жоғары бағалады.
Низами Гәнжәуи атындағы Әзербайжан Әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының философия докторы Мехман Хәсенов пен ақын Қисмет басылымның әдеби-философиялық артықшылықтарын атап өтіп, жас автордың шығармашылығын жоғары бағалады.
Іс-шара барысында Фәрид Хүсейннің өлеңдері белгілі көркемсөз шеберлері Турал Ахмед, Гүнел Хамидова, Сабира Абдуллаеваның орындауында оқылды, жас ақынның өлеңдеріне жазылған әндер Эльгиз Алиев, Айшен Мехдиева, Яғут Халилзаденің орындауында тыңдалды. Әншілерге тарда Сәхавәт Мәmmәдов, қылқобызда Тоғрул Қасымов, пианинода Агарәхим Салах сүйемелдеді.
Шара соңында Ф. Хүсейн оқырмандарға кітаптарына қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.
Иә, ұлы Низами Гәнжәуи жүздеген, мыңдаған кітапқа арқау болды, әрі бола береді. Ақынның «Хамсасын» бір рет парақтасаң жеткілікті.