Әлемде ат үстінде орындалатын 30-ға жуық спорттық жарыстың ішінде Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген танымал түрі бар. Ол – конкур. Бұл сөздің мағынасы француз тілінен аударғанда, «ат жарысы» дегенді білдіреді. Ең қауіпті спорттың ондығына кіретін конкурда шабандоз ат үстіне отырып, түрлі кедергілерден секіру керек. Конкурмен кәсіби түрде айналысып жүрген спортшылардың бірі, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі – Шыңғыс МӘЛІКАЖДАР. Конкурдан спорт шеберімен әңгімелесіп, олимпиадалық жарыс туралы білгіміз келді.
Олимпиадаға қатысып, бағын сынағысы келетін спортшының жетістіктері аз емес. Бірнеше сайыстың жеңімпазы, Әлем чемпионатының алтын медалін иеленген. Шыңғыс ат спортымен 9 жасынан бері шұғылданады, жарыстарға сол кезден бастап қатыса бастаған.
Әр сәтті жақсылыққа балайтын халқымыз үшін баласының алғаш атқа отыруы – үлкен қуаныш әрі елеулі оқиға. Кейіпкеріміз болашағы арғымақпен байланысты болатынын сезді ме екен?!
Шыңғыс:
Алғашқы бапкерім – әкем
– Ат спортына деген қадамым бәйгеден басталды. Конкурдан бұрын республика деңгейіндегі аламан бәйгелерге қатысып жүрдім. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ірілі-ұсақты бәйгелер жиі ұйымдастырылып тұратын. Біразына қатысып,жүлде алып, атым бәйгеде оза бастады. Бірнеше мәрте жүлдегер атанып, көлік те ұттым. Бәйгеге дайындала жүріп, конкурды да үйренгім келді. 16 жасқа толғанымда салмағым ауырлап, бойым өсті. Бәйгеге қатысу қиындай бастаған соң, конкурспортына қызыға бастадым. Шетелден конкурғаарнайы аттар әкелініп, енді-енді көңіл бөлініп жатқан кез еді. Ең алғаш жарысқа Сариез деген ақалтекемен қатыстым. Бала кезден атқа құмар болған адам үшін конкур дегеніңіз жат спорт емесекен. Бірақ алғашқы кезде аттарды тыңдата алмайқиналдым. Себебі, жаттықтырушылар маған үнемі мінезі қиын, басы қатты аттарды беретін. Ал басқалары болса жарысқа қатысып жүрген, көнбісаттармен секіретін.
Менің әкем – үш сайыс бойынша Кеңес Одағының спорт шебері, сол тұста Оңтүстік Қазақстан облысындағы ат спорты бойынша аға жаттықтырушы болып қызмет етті. Жұрттың бәрі әкеме: «Өзіңнің қолыңда тұрған нәрсе ғой. Балаңа неге дұрыс ат бермегенсің?» деп жиі айтатын. Мен де әкеме сөз келмес үшін ешқашан конкур алаңына шығып көрмеген, мінезді аттарды таңдайтынмын. Әкемнің «Балаңды аясаң, аяма!» деген ұстанымынкейін түсіндім ғой. Сондай қиындықтан өтіп, қазіргідей жетістікке жеткенім әкемнің арқасы деп білемін. Әкем – конкурдағы алғашқы бапкерім. Әлі күнге дейін білгенін үйретіп, ақылын айтып отырады. Жарысқа шығарда маған қарағанда, сол кісі көбірек уайымдайды. Келесі жарысқа шыққанша, секірген сәттерімді видеодан қайталап көруден жалықпайды. «Мына жерде дұрыс жасапсың», «ал ана жерінде қате жіберіпсің» деп айтып отырады. Дұрыс секіре алмай қалсам, «атың шаршап қалды ма екен, қандай жем беріп едіңдер?»деп қателіктің себебін іздейді.
Конкурға дайындаған алғашқы тұлпарым – Радгаймен 2016-2017 жылдары бірнеше жарысқа қатысып, 120-130 сантиметр биіктік бойынша Қазақстан чемпионы атандым. 2019 жылы ат спортынан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсет Толкумбеков мені командаға шақырып, конкурдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болдым. Бастапқы кезде атымның да бойы кішкентай, конкурда тәжірибесі аз болатын. Осындай екі атты дайындадық. Үздіксіз дайындықтың арқасында екеуі 140–150 сантиметрге емін-еркін секіре алатындай дәрежеге жетті. Әбден дайындалып, екі атты кезек-кезек алмастырып, сайыстарға қатысып жүрдім. Екеуі де ақалтеке тұқымды еді. Жарыста тез шаршаса да, барын салып секіретін.
Анықтама:
Спорттың ережесі мынадай: Арнайы конкур алаңында немесе манежде түрлі бағыттарға, биіктікте кедергілер қойылады. Әр бағытта 9-дан 13-ке дейін кедергі болады. Биіктігі 100 см-ден 160 см-ге дейін жетеді. Конкуршы тақымындағы арғымағымен жүру тәртібін сақтап, алаңдағы кедергілерді құлатпай, секіріп өтуі керек.
Тілші:
– Конкурдың халықаралық дәрежесі қандай? Шабандоз бен конкур атына қойылатын талаптар туралы айтып өтсеңіз.
Шыңғыс:
Тұнып тұрған математика
– Әлемде бұл спорт түрі әлдеқашан дамып кеткен. Тіпті, шетелде футболдан кейінгі екінші орынға конкурды жатқызады. Өте қызық, психологиялық жағынан қиын спорт. Шабандозға бәрінен де бұрын темірдей жүйке керек.
Иә, кедергілер әр айналымда биіктей береді. Кейде спортшы өзі таңдайды. Олимпиадалық спорт болғандықтан, бағыт бойынша секіреді. Барлық кедергіден тұяқ серпітпей өту керек, яғни секіргенде аттың тұяғы кедергіге тиіп кетпеуі керек. Жылдамдықпен келіп, бар күшімен кедергіден аттайды. Аттың тұяғы тиіп, бірақ кедергі құламаса, бәрібір ұпай беріледі. Кедергіден сәтті секіріп, жерге түскен кезде тепе-теңдікті сақтауға көп дайындық керек.
Жарыс алаңы сырттай қарағанда тек топырақ төселіп қойған сияқты көрінеді. Бірақ топырақпен бірге ағаш жоңқаларын да араластырады. Себебі, жарыс кезінде алаң ат пен спортшыға жайлы әрі қауіпсіз болуы керек. Аттарға ыңғайлы, жұмсақ болу үшін алаңға топырақ пен ағаш жоңқалары төселеді.
Кедергіге дейін шауып келгенше, спортшы аттың адымын есептей алуы керек. Конкур – тұнып тұрған математика. Қателесуге болмайды, бір ғана қате бәрін құртады. Аттың басын дұрыс бұрмасаң, кедергіні қағып кетеді.
Басты ереже – атты үш реттен артық қамшылауға болмайды. Жарыс алаңына кірген кездегі талап – амандасу. Сәлем бермей тұрып, бастауға болмайды. Міндетті түрде басқа шлем кию керек. (Шлем – конкурға қатысатын спортшылардың бас киімі).
Жарыс кезінде ат ақсамай, төрт аяғын тең басу – негізгі талаптардың бірі. Сайыстың бірінші күнінде жылдамдық пен тазалыққа қарайды. Тазалық – кедергілерді құлатпай, ережеге сай шауып өту. Ең маңыздысы – уақыт. Жарыстың соңғы күні әртүрлі бағытқа кедергілер қойылып, уақыт береді. 80–90 секундтың ішінде барлық кедергіден секіріп өту керек. Ал финалда қайта секіруге болады. Ол кезде де уақыт пен тазалыққа мән береді. Аттың аузы қанамауы керек. Егер қанаса, жарыстан шеттетеді. Конкурдың өзге спорт түрлерінен тағы бір ерекшелігі, ерлер мен әйелдер қатар бәсекеге түсе алады.
– Бір емес, екі ақалтекені конкурға дайындап, бірнеше жарыста жеңдім дедіңіз. Естуімше, спорттық аттың бұл түрі конкурға жарамайды екен. Негізі, қандай аттар бейім? Конкурға атты таңдарда неге назар аударған жөн? Жасына, тұқымына, мінезіне, тағы...
–Иә, ол рас. Ақалтекелер конкурға арналмаған. Бұл спортқа неміс тұқымды аттар лайық. Бізге Германияда туған аттар әкелінеді. Ақалтекенің мыңнан бірі ғана конкурға қатыса алады деп ойлаймын. Ал неміс тұқымды аттарды қарасақ, екінің бірі секіреді. Алты жыл бойы жарыстарға қатысқан Таймас деген ақалтекем болды. Көбі бір атпен осынша уақыт дайындалғаныма таңқалады. Таймас сол мыңның бірі болды-ау деймін.
Конкурға ат таңдарда алдымен, тұқымына, бойына, дене бітіміне мән беремін. Барлық ат спортына жинақы, жеңіл жүрісті аттар епті болып келеді. Ер-тұрманның ішінде ең қажетті тұрмандарының бірі болып саналатын ауыздығына да мән берген жөн. Кейбір аттарға жұмсақ ауыздық салсаң, тыңдамай, қаттылықты талап етеді. Ал енді бірі жақсы секірсе де, ауыздықтың жұмсақ болғанын жақсы көреді. Жұмсақ тақсаң, тыңдамайды, қаттысын жақтырмайды. Кейбірі өте жылдам және оларғақатты жылдамдықпен секірген ыңғайлы. Енді бірі асықпай секіргенді ұнатады. Негізі, бәрі аттың үстінде отырған шабандозға байланысты. Мысалы, менің қазір конкурға қатысып жүрген Корде Лавиль деген атым өте жылдам. Басында бұл атпен секіруге тәжірибем жетпеді. Оның жылдамдығынан адымын есептеп үлгере алмайтынмын, тізгінге бағына бермейді. Көп ізденіп, шетелдік тәжірибелі конкуршылардың секіргенін, тізгінді ұстағынан көріп, мұны да үйретіп алдым. Жалпы, конкурда спортшылардың көбі осындай жылдам аттарды жақсы көреді. Себебі, жарыста уақытқа мән бергендіктен, астыңдағы арғымағың жүйрікболғаны дұрыс. Алаңға шығып, қатты жылдамдықпен шапқанда, ойлануға уақыт жетпейқалады. Шықтың, алдыңда – кедергі. Бірден шешім шығарып, аттың адымын есептеп үлгеру керек. Есептей алмасаң, атың қанша мықты болса да, сәтті секіре алмайды. Тіпті, кедергілерден секіріп, жерге түскен кезде тепе-теңдікті сақтау керек. Ол үшін көп дайындық пен уақыт қажет.
Осы спортқа лайықталған арғымақтың тұяғы тегіс болуы маңызды. Ат тағалау оңай шаруа сияқты көрінгенімен, әр аттың тұяғы әртүрлі. Конкур аттарының тұяғын тағалау үшін айына бір рет Астана қаласынан арнайы тағашы шақыртамыз. Себебі, біздің аттардың күтімі басқаларына ұқсамайды. Ерекше әдісі бар – таға тұяғына дәл түсуі керек. Секіріп, жерге қонған кезде аттың аяғына салмақ түседі. Мұндайда аяғындағы таға дұрыс болмаса, жарақат алып қалуы мүмкін.
Аттарды жылына 2 рет медициналық тексерістен өткіземіз. Ветеринар дәрігерлер беліне дәрі салады. Сосын тістерін үшкірлеп, аяқтарын рентгенге түсіреді.
– Конкурдың аттары ірі денелі, бойы ұзын болып келеді екен. Алаңда бағындыру оңай емес шығар. Аттан құлаған кезіңіз көп пе?
–Иә, талай құладық қой. Конкурды классикалық спорт түрлерінің ішіндегі бекзат өнер деуге болады.Тұлпардың қасиетін де дәл осы спортта сезінемін. Аттан құлаған сәт сіз ойлағандай қатты қорқынышты емес. Жылқы – киелі жануар. Аяғының астына құлаған кезде де, адамды аяғымен таптап өтпейді. Сырт көзге аяғымен басқандай болып көрінеді. Бірақ иесін бар күшімен баспайды.Аттар ірі, ауыр салмақты. Сол салмақпен басып өтсе, осы уақытқа дейін бұлай жүрмес пе едік?!Жаттығу кезінде де аттан құлаймыз. Құлаудан қорқып, күрделі жаттығу жасамасақ, ешқандай нәтиже болмайды.
Басты қарсыласымыз – Өзбекстан
– Әлем чемпионатынан жүлде алу – жерлестеріміз үшін жақсы нәтиже.Халықаралық бәсекелерде ұлттық құраманың қанша мүшесі ел намысын қорғап жүр?
– Ұлттық құрама сапында жалпы 8 спортшы жарыстарға қатысып жүр. Олардың ішінде 4-еуіміз маңызды құрамда, ал қалғаны – қосалқы құрамдағы спортшылар. Жалпы құрамада 20-дан астам конкуршы бар.
Биыл Чехияда өткен Париж олимпиадасының іріктеу кезеңіне барған жоқпыз. Себебі, аттарымыз олимпиадаға дайын емес, деңгейі сәл төмендеу. Әлемдік деңгейге шығу үшін бізге әлі уақыт керек. Орта Азиядан бірде-бір ел Париж олимпиадасына жолдама ала алмады. Турнирлерде жүлдегер болып жүрген спортшыларымыз жоқ емес, бар.
Орта Азиядағы елдердің арасында конкурдан ең мықтысы – Өзбекстан құрамасы. Олар екі рет Әлем чемпионатында бақ сынады. Кейінгі үш жылда өзім қатысып жүрген жарыстарға үнемі қатысып жүр. Былтыр өткен бір жарысқа мықты конкуршылары қатысты. Команда болып, қарсыластарды жеңу үшін бар күшімізді салдық. Алаңдағы бағыттың схемасы күрделі болды. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп жоғары нәтиже көрсетуге тырыстық. Сөйтіп, ең мықты команданы екі жыл қатарынан жеңдік.
Ендігі белесім – олимп шыңы
– Спорттық мансабыңыздағы ең үлкен арманыңыз қандай?
– Конкур спортшыдан төзім мен қажыр-қайратты талап етеді. Әр спорттың өзіне тән қиындығы мен ауыртпалығы болады деп ойлаймын. Бұрын арманым – Қазақстан құрамасына кіру болатын. Қазір ұлттық құрама мүшесімін. Ендігі арманым – Әлем чемпионатына қатысу, олимпиадаға жолдама алу. Биыл Корде Лавиль есімді атпен 135 сантиметрге секіріп, ел кубогын еншіледім. Қыркүйек айында өтетін Қазақстан чемпионатына Сальвадор деген атпен дайындалып жүрмін. Шетелден тағы да ат қарастырып жатырмыз. Жақсы аттар келіп жатса, үлкен додаларға қатысу жоспарда бар. Келесі жылы өзіміздің елде, Ташкент пен Бішкек қалаларындағы Әлем кубогының кезеңінде Әлем чемпионатына лицензия ойнатылады. Биылғы Париж олимпиадасына қатыса алмайтынымыз анық. Келесі додаға қатысуға бар күшімізді саламыз.
Дәурен АСҚАТҰЛЫ,
«Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті:
Алаңдардың жағдайы алаңдатады
Бұл саланың біздің елдегі даму қарқыны жаман емес деп айтуға болады. Қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, бәсекелестік те жоғары. Әсіресе, жастар жағы қызығады. Спортшыларымыз ел аумағында ғана емес, халықаралық жарыстарда бағын сынап жүр. Спортшы мен арғымақтың дайындығы қатар жүреді. Физикалық жағынан бөлек, психологиялық дайындықтың да маңызды екенін айта кетейін. Қазір аттардың да, шабандоздардың да деңгейі едәуір өсті. Кәсіби төрешілер мен осы спортқа қатысты кәсіптер саны артты. Алайда, конкурдың шешілмеген мәселелері де жоқ емес. Қазақстандағы ең қымбат ат спорты саналғандықтан, қалтаға біраз салмақ салады. Қазір федерация ат спортының олимпиадалық түрлерін дамыту бағдарламаларын әзірлеп, біртіндеп іске асыруда.
Конкур – Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жалғыз ат спорты емес. Қазақстанда конкурмен қатар дамып келе жатқан «атпен мәнерлеп жүру» мен «үшсайыс» бар екенін атап өткім келеді. Осы үшеуі Еуропада, Солтүстік Америка елдерінде, сондай-ақ Таяу Шығыста өте танымал. Шет елде дамығаны соншалық, стадиондарға 50 мыңға дейін көрермен жиналады.
Атшабарсыз ат спортын дамыту екіталай. Алдымен ипподромның жағдайы жақсы болу керек. Біздегі ең өзекті мәселе – ат спортына арналған алаңдардың жағдайы. Елімізде халықаралық стандарттарға сай келетін екі-ақ клуб бар. Олар Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мен Алматы облысындағы «Almaty Horse & Polo Club» ат спорты клубы. Спортшыларды халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындау үшін стандартқа сәйкес келетін спорт алаңдарының санын көбейтуіміз керек. Жаттықтырушыларда дақиындық бар. Бізде жоғары санатты спортшыларды дайындай алатын кәсіби жаттықтырушылар болғанымен, оларда халықаралық тәжірибе жоқ. Тренерлер халықаралық жаттықтырушылық жүйесіне кірмеген. Бұл спортшыларды жоғары деңгейде дайындауда қолбайлау болып тұр. Федерация осы мәселені шешу үшін ат спорты мектебін ашу жөнінде бағдарлама әзірледі. Оған халықаралық жаттықтырушылар қатысып, қазақстандық тренерлер тәжірибе жинайды.
Қазақстанның классикалық ат спортындағы тағы бір мәселе – бізде құны миллиондаған долларға бағаланатын жылқылар жоқ. Бұл мәселе де бірден шешіле қоймайтыны анық. Себебі, бірте-бірте табиғи даму болу керек. Яғни жылқылар біздің шабандоздардың деңгейіне қарай сатып алынуы керек. Қазір біздің шабандоздарымыздың деңгейі мінетін аттарының деңгейінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан спорт бағытындағы жылқыларды сатып алатын кез келді деп ойлаймын.
Бізге осы үш классикалық спорт түрін дамытып қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін паралимпиадалық атпен мәнерлеп жүруді қолға алу керек. Қазір бұл спорт түрі тек Шығыс Қазақстан облысында дамыған.
Иппотерапия, ат спорты және паралимпиадалық мәнерлеп жүруде кәсіби нұсқаушылар мен жаттықтырушылар штаты бар. Федерация кәсіби команда құрып, Алматы мен Алматы облысының ат спорты клубтарымен паралимпиадалық атпен мәнерлеп жүру бөлімін ашу бойынша келіссөздер жүргізуде. Федерация кәсіпқой жаттықтырушылар мен нұсқаушылар командасын құрды. Алматы қаласы мен Алматы облысының ат спорты клубтарымен паралимпиадалық мәнерлеп жүру бойынша бөлімдер ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Әзірге бұл сабақтар болашақ спортшылар үшін ақылы болады. Бірақ біз барлығына қолжетімді болуы үшін бар күшімізді саламыз. Бізде осы спортқа бейім, талантты, болашағы зор мүмкіндігі шектеулі жандар көп.
- Конкурдың отаны – Франция. XIX ғасырдың 50-ші жылдары Париждегі жылқылар көрмесінде алғаш рет «конкур-иппик» деген атпен түрлі кедергілерден секіру жарысы өтті.
- Конкуршылар жарыста және дайындық кезінде міндетті түрде редингот (конкурға арналған киім) киюге тиіс. Ер адамдар ақ галстукпен редингот киеді. Халықаралық жарыстарда рединготтың түсі шабандоздың ұлттық ерекшелігімен анықталуы мүмкін. Қазақстан құрамасы қара және ақ түсті редингот киеді.
- Конкурда шабандозға атты қамшылауға рұқсат береді. Бірақ қамшының ұзындығы 750 мм-ден аспауы керек.
- FЕI (Халықаралық ат спорты федерациясы) ережелеріне сәйкес, конкурға арналған алаңныңауданы 3200 шаршы метрден кем болмауы тиіс.
- Спорттық жылқының аяғына жоғарыға көтерілген кезде 3 тонна, ал жерге түскенде 6 тонна салмақ түседі.