Айдың 20–25-і күндері аралығында Сәуір амалы өтті. Даланың адал құстары: қаз-үйрек, т.б. жұмыртқа сала бастады. 28-29 сәуірде суық жел соғып, ол 2-3 күнге созылады. Тобылғы мен қараған бүршігін жарады. Қариялар бұл амалды «Тобылғы жарған» дейді. Тобылғының бүршік жаруымен бірге, өсімдік тамыр жаяды (солтүстік өңірде), көк шығады, табиғат жасыл түске енеді. «Тоң кетті, тобылғы бүршік жарды» деп малшылар қуанады. Қазір осы амал жүріп жатыр...
Тобылғы – раушан гүлдiлер тұқымдасына жататын көп жылдық бұта. Бүгінде Қазақстандағы далалы, таулы жерлерде өсетін 10 түрі бар. Тобылғыны бабаларымыз көптеген ауруларды емдеу үшін пайдаланған. Тобылғының тұнбасымен іріңді жараны жуып, тазалағыш ретінде де қолданған. Бұл тәсіл медицинада әлі қолданылып келеді. Тобылғы шәйін жүрек, бас ауырғанда, жүйке жүйелері шаршаған кезде ішіп отырған.
Айдың соңына қарай дала тасбақасы қысқы ұйқысынан оянып, жер бетіне шығады. Осы кезде бірнеше күн қатарынан шаңды, боранды қатты жел соғады. Ол «Тасбақа дауылы» деп аталады. Қысқы ұйқысынан оянған әлсіз тасбақа сауытының үстінде қалған құм, топырақты өздігінен түсіре алмайды, сол соғатын дауыл ұшырып әкетеді. Міне, табиғаттың кереметі деген осы емес пе?
Үш күннен кейін амалы көп, қарбаласы мол мамыр айы табалдырықтан аттайды. Мал төлдеп, көген кеңейіп, өріс кеңейіп, жаңа тіршілік жар салады. Қой қырқу, жылқы күзеу, түйе жүндеу, бие байлау дегендей, қым-қуыт тіршілік басталады. Құстардың ұя салып, жұмыртқасын шайқауы, балапанын шығаруы осы айдың еншісінде. Еліміздің оңтүстік аймақтарында дала, егіс жұмыстары қарқын алады.
Мамыр сөзі көне түркі тілінде – тоқшылық, қоңдану ұғымын білдіреді екен. Мамырда адамның ерні аққа тиеді, сүт көбейеді әрі қоюланып, майлылығы артады. Сәуірді «көк ішек айы» деген бабаларымыз мамырды «май ішек» деп атауы тегін темес.
Қазақы пайымның айтуынша, сәуірдің соңы мен мамырдың басында (27 сәуір мен 4 мамыр аралығында) Алматыда ауа райы құбылмалы болатын сыңайлы. Жауын-шашын көбейеді, дүркін-дүркін екпіндетіп жел тұруы, найзағай ойнауы ғажап емес. Бірақ күн жылылығын сақтайды.
Қазір Алматыда жеміс ағаштары түгелдей гүлдеп, жайнап тұр. Өрік пен шие түйнек сала бастады. Ару қала сан алуан гүлдерімен, толассыз тіршілігімен ерекше құлпыра түсуде. Көктем шыққанша алда әлі бірқатар амалдар барын ұмытпаған жөн. «Қызыл жұмыртқа», «Саратан-зауза», «Құралайдың салқыны» амалдары кезек күтіп тұр. Жаңа айдың үшінші жаңасын көрдік. Кеудесі көтеріліп, жайласып жатыр. Мұндайды қазақ «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз» деген...
Мамыр айының алғашқы онкүндігіне арналған бабалар болжамы:
*Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.
*Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.
*Құр мен шіл құрқылдап пана іздесе, ұзамай боран басталатынын білдіргені.
*Қырғауыл мазасызданып, қатты айқайласа, жер сілкінетін көрінеді…
*Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауынды болады деп күткен жөн.