Ұлттық құндылықтар
Ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан асыл мұра
Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің ішінде қаймағы бұзылмай, сонау ежелгі замандардан бүгінге жеткені – балаларға қатыстысы. Өйткені, ата-бабаларымыздан сабақтасып келе жатқан дәстүрлердің адам өмірінде маңызы өте зор. Балаға қатысты салт-дәстүрлердің мағынасы терең.
Құрсақ той
Балаларға арналған салт-дәстүр «құрсақ тойдан» басталады. Бұл – болашақ баланың қамы үшін жасалатын жоралғының бірі. Бүгінде «құрсақ тойды әркім әртүрлі өткізіп жүр. Шын мәнінде бұл мерекенің зор мақсаты бар. Тойды үйдің үлкен анасы өткізеді. Ол келіннің және құрсақтағы нәрестенің амандығын тілеп, жақындарының бата-тілегін алу үшін көрші-қолаңдарына, туыстарына «құрсақ той» өткізіп береді. Құрсақ тойға келген әйелдер өздерімен бірге дәмді тағамдар ала келеді. Негізгі мақсат - әр дәмнің арасынан жас келіннің жерігін табу. Қонаққа келген әйелдер қолжаулықтарын үй босағасына іліп кетеді. Бұл – қол-аяғымыз жеңіл болсын, үйдегі бақыт бізбен еріп кетпесін деген ырым.
Жарыс қазан
Балаларға қатысты салттың бірі – «жарыс қазан». Босанатын әйелдің толғағы қысып, жиілей бастағанда, жеңілдігін берсін деп сол ауылдың пысық келіншектері ошақ көтеріп, қуырдақ қуыра бастайды. Жарыс қазан көтерудегі басты себеп қазанмен бірге толғақ жиілейді, тамақ пісем дегенше бала туылады деп ырымдаған. Қазіргі кезде ауылды жерде әйел босанғаннан кейін де жарысқазан тойын жасап жатады.
Шілде күзет немесе шілдехана
Нәресте шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейінгі алғашқы тойы – шілдехана. Бұл тойдың мәні нәрестені қорғау дегенге сенімге саяды. Сондықтан бұл жиынды шілде күзет деп те атайды. Ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, қорғау дегеннен туындаған. «Чілле» парсы тілінен аударғанда «қырық» деген мағынаны береді. Қазақ халқының таным-түсінігінде нәресте туғаннан кейін 40 күн оған ерекше күтім керек. Өйткені, дәл осы 40 күн бала үшін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен. Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған. Бұл мерекеде алыс-жақын нәрестелі үйге «бауы берік болсын» айтып, сыйлықтарын береді
Қалжа
Жас босанған әйелге берілетін тағамды қазақта қалжа деп атайды. Қалжаны әйелдің төркіні алып келеді. Әдетте қалжаға жаңа сойылған қойдың етін әкеледі. Бұл ғұрып жас босанған әйел ет жеп, сорпа ішіп, тез қуат алуы үшін, бала жылдам ширауы үшін жасалады. Мал сойылып, еті желінгеннен кейін мойнын қабырғаға қырық күнге дейін іліп қояды. Бұл – баланың мойны берік болсын деген ырыммен жасалатын амал.
Бәсіре
Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.
Бесік той
Жаңа туған бала сәл ширағаннан кейін оны бесікке бөлейді. Бұл да баланың өміріндегі маңызды жоралғы болғандықтан нәрестенің әжелері «бесік той» жасайды. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Бесік алып бару – қызы өз жұртына келін болып түскен соң тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүр. Бесікпен қоса, баланың нағашы әжесі киім-кешек, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Үй иесі бұл мерекеге ауыл әйелдерін, баланың кіндік шешесін шақырады. Бесік тойға келген қонақтар балаға арнап шашу, жейде, көйлек тәрізді сыйлықтарын әкеледі. Баланы бесікке бөлеу – үлкен өнер. Бесік тойға келгендердің арасынан жолы үлкен тәжірибелі бір әйел баланы бесікке бөлейді. Бұл кезде түбектің тесігінен балаларға тәтті, бауырсақ, құрт-ірімшік (тыштыма) үлестіреді. Баланы бесікке бөлеген әйелге тиісті кәде беріледі. Ал босанған ана тәжірибелі әйелдің бесікке бөлеу өнерін үйренеді.
Қырқынан шығару
Қазақ қырқынан шыққан баланы адам қатарына енді қосылды деп санайды. Дүниеге келгеніне қырық күн толғаннан кейін нәрестенің шашы, тырнағы алынады. Бұл жоралғыларды аса ұқыптылықпен епті келіншектер жасайды. Себебі, еңбегі қатпаған баланың шашын алғанда өте абай болу керек. Алдымен баланы 40 қасық суына жуындырады. Немере-шөберелі, ұрпағы өсіп-өнген қарт әже суды баланың үстіне құйып тұрып «30 омыртқаң жылдам бекісін, 40 қабырғаң жылдам қатсын» деп тілек айтқан. Тойға жиналған адамдардың әрқайсысы нәрестені шомылдыратын ыдысқа ырымдап 40 қасық су құяды, шомылдырған ыдысқа «Күні күмістей жарқырап тұрсын» деп күміс сақина, жүзік сияқты әшекейлер салынады. Баланы шомылдыруға атсалысқан әйелдер сақиналарды өзара бөліседі. Той барысында сәбидің қырық күнге дейін киген ит көйлегін шешіп алып, оған құрт-ірімшік, тәттілерді түйіп, бір иттің мойнына байлап қоя береді. Ауыл балалары итті қуып ұстап, тәтті, құрт-ірімшіктерді таласа-тармаса жейді.
Тұсау кесу
Бір жасқа толып, енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан, жүруге талпынған сәбиге арнап, ата-ана тұсаукесер тойын жасайды. Бұл қуанышқа да туыс-туған, көрші-қолаңдар шақырылады. Олардың арасында көңілі ақ, жолы болғыш адамға баланың тұсауын кесуге қолқа салынады. Баланың аяғын ала жіппен немесе қойдың майлы ішегімен, яки көк шөппен байлайды. Оны өткір кездікпен кесу керек. Ала жіппен байлап кесудің мәнісі – ешкімнің ала жібін аттамай, адал өтсін деген тілектен туған. Ал майлы ішекпен байлап кесу ешкімді жатсынбай майлы ішектей араласу, елгезек, бауырмал өтсін дегенді білдіреді. Көк шөппен байлап кесу баланы көктей қаулап тез жетілсін, көбейіп-көктесін дегенді білдіреді. Қазіргі таңда тұсаукесер тойларында қаз-қаз басқан баланың алдына кітап, ақша, домбыра, көліктің кілті секілді дүниелер қойылады. Мұндай дәстүр кәріс халқында да бар екен.
Қазақ халқының әдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуін «ұл туғанға – күн туған» деп ерекше бақытқа балайды. Ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Ер баланың сәбилік шақтан балалық шаққа өтуін айғақтайтын рәсім – атқа мінгізу. Баланың буыны бекіп, 4-5 жасқа келгенде немесе ат үстінде өзін ұстай алатын болғанда осы рәсім жасалады. Қазақ халқы ертеден ер баланы жауынгер етіп тәрбиелеу, еңбекке баулу мақсатын көздеген. Балаларға арналып алдын ала ат дайындап ер-тұрман әзірлейді. Мұны халқымызда «ашамай» деп атайды. Ашамайдың ер сияқты екі қапталы, оқпаны болады. Үзеңгінің орнына тепкішек қолданылады. Баланы атқа мінгізген күні арнайы атқа мінгізу тойы жасалады.
Айдар тағу
Қазақта ер баланы зарығып көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Тарихи деректерге қарағанда, Кенесары мен оның немересі атақты Наурызбай батырда айдар болған екен. Бала он жасқа келіп айдарынан намыстанған кезде оның айдарын алып тастау барысында бірер мал сойып тойлайтын әдет болған.
Сүндет той
Шариғат заңы бойынша ұл баланы бес жас немесе жеті жаста сүндетке отырғызады. Қазақ халқының дәстүрлерінің көбі шариғат заңына қайшы келмейді. Той кезінде сүндеттелген баланың басына немесе иығына үкі тағып, жиынды аралатады, барған жердегі адамдар шашу шашып құттықтайды. Қазақ халқы сүндет тойды – міндет той деп санап, міндетті түрде ауқымды етіп тойлаған. Сүндет той әр адамның әл-ауқатына қарай өткізіледі. Дегенмен, тойшыл қауым бұл мерекеде де бәйге, балуан, қыз қуар, теңге ілу, жамбы ату, т.б. ойындар ұйымдастырады, түрлі салтанатты салттар өткізеді. Қазіргі кезде бала туылғаннан кейін 7 күннен кейін де сүндеттейтіндер бар. Кейбір дәрігерлер де ер баланың ертерек сүндеттелгенін құптайды.
Тілашар
Баланың тілі тез шықсын деген ниетпен жасалатын рәсім – тілашар тойы. Оған ауылдың шешен ақсақал, қариялары шақырылады. Той барысында олар «Тілің тез шықсын!», «Таңдайың тақылдап тұрсын» деп сәбиге қойдың тілін жегізеді. Тойға жиналған қауым балаға «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей шешен бол, Жәнібектей көсем бол!» деген секілді ақ баталарын берген. Қазіргі таңда тілашар тойы бала мектеп табалдырығын аттағанда жасалады.
Ырым-тыйымдар
- Қалжа жемеген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икемсiз болып өседi.
- Баланы бесiкке саларда ешкiм сөйлемейдi. Егер бiреу сөйлеп қойса, бала жылауық, өскенде өсекшi болады.
- Сәби шалқасынан жатып башайын тiстесе, оны «үйiрiн шақырып жатыр» деп ырымдайды. Яғни оның соңынан тағы бiр бала келедi деген ұғым бар.
- Сәбидiң қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса, қарғысы қатты болады.
- Балаға қарғыс өтпеу үшiн оны үш кемпiрдiң бұтынан өткiзiп алады.
- Үйге кiрiп келе жатқан бала есiк алдына құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келедi. Оны төрге апарып үш рет аунатады.
- Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгiлi азамат болып өседi, бүк түсiп ұйықтаса, уайымшыл, жiгерсiз болып шығады, етпетiнен жатып ұйықтаса, ойшыл болады.
- Балаға асық етiн мүжiтпейдi. «Алты жыл аш болсаң да, асық етiн мүжiме» деген бар.
- «Бойы өспей қалады» деп, жас балаға бұғана ұстатпайды.
- Қалы үлкейiп кетпесiн деп, қалымен туған балаға «Қалдыгүл, Қалдыбай» деп ат қояды.
- Аты сүрiншек болады деп балаға төстiң сүрiншегiн жегiзбейдi.
- Жеңiлтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.
- Жас босанған әйел 40 күнге дейiн қолын суық суға малса, баласы тасбауыр болады.
- Бөбек мезгiлiнде еңбектемесе, оның бауырынан тағам толы табақ өткiзедi, сонда тез еңбектеп кетедi.
- Сәбидiң тiлi мезгiлiнде шықпаса, нағашысының үйiнен апарып, бiр қойды сойдырып, соның көтеншегiмен буындырады.
Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА.