ffin.kz

Банкроттық қарыздан құтқара ала ма?

Банкроттық қарыздан құтқара ала ма? almaty-akshamy.kz

Жыл басынан бері әлеуметтік өткір тақырыптардың бірі – "Банкроттық туралы" заң көптің қызу талқысына түсіп жүр.


Мемлекет басшысы 2022 жылы 22 желтоқсанда ҚР «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңына қол қойды. Бұл заң ресми 3 наурыздан бастап күшіне енді. Қарызын өтей алмай жүрген азаматтар 2 ай бұрын өздерін «банкрот» деп жариялауға өтінім бере бастады. Бұл – қарыздан шаршаған, төлем қабілеті төмен борышкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бірақ берілген өтініштердің көбі қараусыз қалып немесе кері қайтарылып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұның басты себебі – азаматтардың арызды дұрыс жазбауы немесе алынған анықтамалардан табылған қателік. Берілген арыз қайтарылған жағдайда алдағы 3 айда қайта арыз бере алмайды. Банкроттыққа арыз бергендердің 80%-ның өтініші қабылданбаған.



Былтыр 11 айда банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 13,9 трлн теңгеге жетіп, борышкерлердің жалпы саны – 6 млн 868 мың адамды құрады. Оның ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі – 5,6% немесе 461 млрд теңге. 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 536 мың адамды құраған. Бұл сандарды жылдың басында үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген еді. 11 айдағы бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 121 мың адамға көбейген.



Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, банкроттық туралы заңның 3 тәсілі бар. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі өтініш бере алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқығы жоқ.


Белгілі экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев аталған заң жеке азаматтарға арналғанын, олар үшін тиімді жағынан бөлек зиянды тұстары да бар екенін айтады.


 



  • Тақырыпқа орай


Сапарбай ДОСЖАНҰЛЫ, экономика ғылымының кандидаты, экономист:  Несие алу жүйесін тәртіпке салады




Банкроттық жағдайда несие алушыға шектеулер қойылады. Аталған заңның азаматтар үшін жағымсыз тұстары да жоқ емес. Егер азаматтар банкроттықты дұрыс түсінсе, бұл заңды қолдануға сонша азаматтардың барлығы бірдей бара береді деп ойламаймын. Мәселен, соттың шешімі арқылы өзін банкротпын деп жариялаған азаматқа алдағы 5 жылда несие берілмейді. Ешқандай қаржы ұйымынан несие рәсімдей алмайды. Екіншіден, ол азамат 7 жылға дейін екінші рет банкроттыққа өтінім беруден шектеледі. Үшіншіден, 3 жылға дейін барлық қаржылық әрекеті тиісті орындардың бақылауында болады. Оның әсері ары қарай жеке кәсібін жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. 3 жылға дейін қаржылық табысын өкілетті органдар кеңесімен, рұқсатымен ғана қолдана алады.



Қаржы ұйымдары несие берген банкроттық тұтынушылар көбірек болса, қаржы ұйымының да индексі төмендейді. Яғни қаржы ұйымы қосымша қор құруға мәжбүр болады. Бұрынғыдай кез келген азаматқа несие бере бермейді. Қазақстанның банкроттық туралы заңнамасына сәйкес қаржы ұйымдарының мүддесін қолдау мақсатында банкроттыққа жеке адамның банкроттығын қалайтын тұлға қаржы ұйымымен келісім-шартқа келуі міндетті. Банкроттықты қаржы ұйымы шешеді. Осыдан 2-3 жыл бұрын Ресейде дәл осы заң енгізілгенде 2-3 миллионнан астам борышкерден 1 миллионы банкроттық алады деп болжанған.  Бірақ сонша адамнан тек 19 мыңы ғана банкроттық алған. Бізде де дәл сондай болады. Мысалы, 5 миллион адам өтінім берді десек, оның тек 5 мыңы банкроттық алуы мүмкін. Сондықтан азаматтар өзі банкротпын деп жарияламас бұрын осы жақтарын нақтылап алуы керек. Халық жоғарыда айтылған кейбір теріс әсерлерді дұрыс түсінгені жөн.


 


Қаржылай сауатты бола түседі


Заңгер Мейірман Қалмаханұлы тұжырымдағандай, бұл заңның Парламентке жолданғанына 10 жылдан астам уақыт болды. Осы уақытқа дейін заңның күшіне енбеуіне банктер, кредитор мүдделі болды. 10–15 жылдан бері қарыздан құтыла алмай жүрген, төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар көп. Бұл жәйт елдің экономикасына да кері әсерін тигізеді. Аталмыш заң азаматтарға «көрпесіне қарай көсілуді» үйретеді. Қазіргі таңда тағы бір заң талқылануда. Несие төлеу мерзімі  90 күннен асқан борышкерлерге ешбір банк қарыз бермейтіндей заң қабылданатын болса, азаматтар аса қажеттілік туындағанда ғана несие алар еді.



Банкроттық бойынша заңгерлер маман ретінде үнемі  сараптама жүргізіп отырады. Олардың деректеріне сүйенсек, көп тұлғалар қарызын 12 ай төлей алмаса бірден еGov.kz арқылы өтініш береді. Ол дұрыс емес. Өтінімнің қабылданбауының басты себебі де осы. Алдымен міндетті түрде банк пен кредитормен алдын ала реттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Банктер мен кредиторлар борышкердің ұсынысын жасап, қабылданбағаны жөнінде хабарлама келуі керек. Келіспеген жағдайда ғана банкроттыққа өтінім бере алады. Екінші себеп – мүліктің болуы. Мемлекеттік тіркеуден өткен мүліктің бәрі мүлік болып саналатынын көпшілігі біле бермейді. Көп кездесетін қателіктердің бірі – жалпы қарыздың төленбеу мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Мысалы, азаматтың 5 несиесі болып, төртеуі 12 ай төленбей, біреуі 3-4 айы ғана төленбеді делік, мұндай жағдайда банкроттыққа өтінім бере алмайды. Барлық несие қарызының сомасы – 5 520 000-нан аспауға тиіс. Азаматтардың бәрі құқықтық, қаржылық сауатты емес. Сондықтан заңгерлерден көмек сұрағаны абзал.



Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласында банкроттыққа өтінім берген 3 мыңнан астам азаматтың 500-інің арызы қабылданған. Несие төлеу мерзімін кешіктірушілер үшін аталған заң тиімді ме? Олардың қаржылық тығырықтан шығуына әсер ете ала ма? Мамандардан сұрап көрген едік.





  • Заңгер кеңесі


Мейірман ҚАЛМАХАНҰЛЫ, заңгер:  Ең тиімді жол – төлем қабілеттігін қалпына келтіру



Қазір азаматтардың 95%-ға жуығы соттан тыс банкроттыққа жүгініп жатыр. Соттан тыс банкроттықта арыз беру үшін арнайы шарттар орындалуға тиіс. Мәселен, борышкер қарызының мөлшері 1600 АЕК-тен, яғни биыл 2023 жылға 5 520 000 тенгеден аспауы және қарыз 12 ай ғана өтелмеуі керек. 


Соттан тыс банкроттық кезде борышкердің кірісі мен шығысы ескерілмейді. Ол тек төлем қабілеттігін қалпына келтіруде ескеріледі. Қасақана банкроттық анықталатын болса, қылмыстық жаза қарастырылмаған. Жалған банкроттық алған жағдайда 200 АЕК айыппұл салынады. Банкроттық заңның талабы бойынша әкімшілік жаза қарастырылған. Соттан тыс банкроттықтың екі кезеңі бар. Бірінші кезеңде құжаттың сәйкестігі тексеріледі. Одан өтсе 6 ай ішінде құжаттар толық тексеріліп, барлық талапқа сай келсе, банкроттық статусына қол жеткізуге болады.


Екінші талап – ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы. Егер мүлік болса, сот арқылы ғана банкроттыққа жүгіне алады немесе төлем қабілетін қалпына келтіруге байланысты рәсімдеу жүреді. 12 ай бойы қарыздар бойынша ешқандай төлем жасалмауға тиіс. Банкпен, микроқаржы ұйымдарымен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізуі керек.


Сонымен қатар, заңдағы ереже бойынша  атаулы әлеуметтік көмекті 6 ай қатарынан алушылар үшін, мұндай азаматтар бойынша 12 ай ішінде төлемінің болмауы қолданылмайды. Берешегі 5 жылдан артық өтелмеген адамдар үшін мүліктің бар-жоғын тексеру және берешек сомасы бойынша шектеу жүргізілмейді. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша қолданылады.



Төлем қабілеттігін қалпына келтіргеннен кейін борышкер банкрот болып саналмайды. Банкроттық кезінде 5 жыл бойы еш жерден несие ала алмайды. Банкроттыққа жүгіну үшін 7 жыл өту керек болады. Бұл шектеулер төлем қабілеттігін қалпына келтірген азаматқа қойылмайды. Сондықтан ең тиімді жолы да – осы. Бірақ оған екінің бірі жүгіне бермейді. Заңда ол үшін міндетті түрде мүлік болу керек делінген және ол мүліктің құны азаматтың қарызының мөлшерінен көп болуы керек. Сонда ғана қалпына келтіруге жүгіне алады. Екіншіден, тұрақты табыстың болуы маңызды. Бұл процедура міндетті түрде сот арқылы ғана жүреді. Борышкер өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгініп, төлем қабілеттігін қалпына келтіре алады. Сотқа арыз бергеннен кейін 10 күннің ішінде сот ол арызды қабылдап, уәкілетті органды тағайындайды. Ол орган қаржы басқарушысын тағайындайды. Азаматқа қатысты барлық мәліметті жинастырып, қорытынды жасайды. Егер табысы шығысынан аз болса, төлем қабілетін қалпына келтіруге қорытынды ала алмайды. Банкроттықтан айырмашылығы осында. Соттан тыс та, сот арқылы да бірдей «банкроттық» статусы беріледі.



 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37