Теріс ағымдарға тосқауыл қоятын кез келді

Теріс ағымдарға тосқауыл қоятын кез келді Сурет: автор

Қоғамда түрлі құндылықтар арасындағы бәсекелестік қарым-қатынастың болуы заңдылық. Дегенмен, кейбір жат құндылықтардың артында жүйелі насихат жұмысы жүргізіліп жатса, бұл дәстүрлі құндылықтардың қоғамдағы орнына қауіп төндірмек. Ұзақ уақыттан бері ел ішіндегі ЛГБТ тақырыбына қатысты да толастамайтын дау-дамайдың бір себебі осында жатса керек. Осы тақырыпта біз Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, Тіл комитетінің сарапшысы, қоғам белсендісі, ЛГБТ идеологиясына қарсы қоғамдық қозғалыстың ұйымдастырушысы  Бағила БАЛТАБАЕВАМЕН сұхбат құрған едік.

 

Қазақы тәрбиені қылмысқа теңеген жоба ұсынылды

 

Бағила Сері-Шубайқызы, ЛГБТ мәселесін 2020 жылдан бері назарда ұстап келесіз.  Қоғамдық қозғалысты бастауыңызға не әсер етті?

– Қоғамдық жұмысқа белсене кірісуіме 2020 жылдың 23 қыркүйегінде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң жобасының ұсынылуы себеп болды. Ол заң жобасының  5,11-тармақтарында қазақтың салт-дәстүріне тыйым салынуы жөнінде мазмұн болды. Ата-ана баласын тәрбиелегенде дауыс көтеріп қалса, жазаланатын жағдайлар қарастырылған. Ата-анаға 2 883 000 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін деген, одан кейін 36-бап бойынша балаларды оңай тартып алуға жол ашатын тармақтар болды. 15-баптың тармақтарында еліміздегі біржыныстыларға қатысты өз ойымызды ашық айтуға болмайтындай тұстары бар еді. Яғни аты зорлық-зомбылыққа қарсы заң болғанымен, заты мүлде бөлек. Менің көзқарасым бойынша, бұл  отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресетін емес, Германия мен Норвегиядағы сияқты жантүршігерлік жағдайларға алып келетін жоба болуы мүмкін еді. Жанұяның ыдырауына, тірі жетімдердің көбеюіне себеп болар еді. Сондықтан заң күшіне еніп кетпеуі үшін қоғамдық қозғалыс ұйымдастырдық.

Қозғалыстың құрылуы сол заң жобасына  байланысты дедіңіз, бұл заң жобасының артында қандай да бір сыртқы ықпал бар деп ойлайсыз ба? Сыртқы күштердің қолдауымен жүріп жатыр деуге негіз бар ма?

Әлбетте, сыртқы күштің бары рас. Ол заң жобасының сол кездегі редакциясын заңгерлеріміз аударған кезде қазақ және орыс тілдерінде айырмашылықтар болды. Германиядағы ювеналды полицияның заңдарымен өте ұқсас. Мысалы, заңда «ата-ана» деген сөз мүлдем болмады. Оның орнына «опекун» деп жазылған жерлер де кездесті. Яғни Германия заңының үлгісімен жазылған. Әйтпесе, мұншалықты ұқсастық болуы мүмкін емес еді.

2016 жылдан бастап «Не молчи.kz» деген қор пайда болды. Оның негізін қалаған Дина Смайлова болатын. Кейін аты-жөнін өзгертіп, шетелдік бір қордың қолдауымен жұмыс істей бастады. Жазба жариялап, пікір қалдырып, соның арқасында грант ұтып алды. Кейін «Не молчи» қорын құрады. Былай қарасаңыз, бұл ұйым әйел адамдардың құқығын қорғайтын сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, елімізді зорлық-зомбылықтан көз ашпай жатқандай көрсетіп, түймедей нәрсені түйедей ететін бірден-бір қор осы. Мүмкін, зорлық-зомбылыққа тап болған кейбір жандарға көмектесетін де шығар, дегенмен оның артында осындай заңдардың енуіне жол ашып беретін үлкен күш тұр. Менің ойымша, бұл ұйымдарды шетелдік белгілі бір күштер  қаржыландырып, еліміздегі отбасы құндылықтарына нұқсан келтіретін, ұлттың болашағына кері әсерін тигізетін бағытта әрекет етіп жатыр.

 

ЛГБТ саяси күшке айналып барады

 

Аталмыш ұйымдармен күресте қазақ қоғамының басты күші неде? Заңда ма, әлде ұлттық санада ма?

Меніңше, ұлттық санада. Жалпы, біздің  түпкі мақсатымыз – ұлтты, ұрпақты сақтау.

ЛГБТ деген қайдан келді?! Бұл сөздің аббревиатурасы ЛГБТ, яғни – лесбиянка, гей, бисексуал және трансгендер. Өздерінше бөлек әлем, жеке жалаулары бар деген сияқты.  Қазіргі таңда ЛГБТ  адамдардың жеке таңдауы немесе біржыныстылардың өмір салты ғана емес, бұл тұтас үлкен саяси күшке айналып барады. Бізді алаңдатыны осы. Айрандай ұйып отырған мемлекеттің ішіне іріткі салып, ұлтты ыдыратуға күш салуда.  Бір үйдің ұлы мен қызының бірі гей немесе лесбиянка болса, ол отбасы күйрейді, ұрпағы жалғаспайды деген сөз. Мен ондай отбасылардың талайын көрдім. Біздің қоғамда бар. Бір үйдің жалғыз баласы болып, ол әулеттің ұрпағы сол баламен тоқтап қалған. Мұны бір ғана отбасындағы жағдай деп қарамау керек, бұл ертеңгі күні миллиондаған отбасының болашағына қауіп төндіреді. Өзіміз аз халықпыз. Ұлт ретінде жойылып кетуге алып баратын жолға тез арада бөгет қоюымыз керек.

ЛГБТ  жүйелі жұмыс істейтін ұйым ба, әлде қоғамдық қозғалыс деп қарастырамыз ба?

– Мен ЛГБТ өкілдерінің ұйымын радикалды феминизмге жатқызамын. Бұларды көбіне санасы Батыс идеологиясымен уланған, сол жақта бірнеше жыл оқығандар, тұрғандар қолдайды. Болашақта билікке, заң шығарушы органға солардың көзқарасын құптайтындар келсе, біз 2020 жылы күресіп жүріп, тоқтатқан әлгі заң  жобасы қайта күн тәртібіне шығуы  мүмкін. Оған жай ғана қозғалыс емес, үлкен стратегиялық мақсаты бар саяси күш деп қарау керек. Өкінішке қарай, олардың үгіт-насихаты белсенді жүріп жатыр. Жиналып, семинарлар, митингтер, құрылтайлар өткізеді. Оның бәрін, әрине, сырттан келген қаражатпен ұйымдастырады. Жақында шыққан ақпаратқа сүйенсек, 2001–2024 жылдар аралығында, яғни 23 жылда Қазақстанға АҚШ-тың USAID ұйымы тарапынан 2,7 миллиард доллар бөлінген. Бұл ресми ақпарат. Қаражаттың бір бөлігі қазақ қоғамындағы ЛГБТ-ға толерантты көзқарас қалыптастыруға бағытталғаны анық айтылған. Сол USAID ұйымы Дональд Трамп президент болған кезде бүкіләлемдік деңгейде қысқартылып, тоқтатылған еді. Бірақ сол кезде оның Қазақстанда кімді қаржыландырғаны, кімге қанша қаражат бөлгені туралы мәлімет тарады. Қазақ тілінде, орыс тілінде өзін патриот, ұлт жанашыры деп көрсетіп жүрген талай тұлғаның беті ашылды. Яғни ақша үшін кез келген мемлекетті іштен ірітіп, халықты бөлшектеп, мемлекетті әлсіретуге дейін барды. Мұндай мысалдарды әлем елдерінен көріп те жүрміз.

Өздерін феминизмді жақтаушылар, феминистер деп санайды. Феминизм мен радикалды феминизмді ажырата білген жөн. Олардың ұстанымы – шын мәнінде феминизм емес, радикалды ағым.  ЛГБТ-мен бірігіп кеткен идеология. Олар феминизмнің атын жамылып, басқа мүддені жүзеге асырып жүр. Сондықтан бұл дүниенің ақ-қарасын ажыратып, халықты ақпараттандыру керек.

ЛГБТ-ны қолдайтындар санына қатысты жалған статистика тарату, санын көбірек қылып көрсету кімге, қандай пайда әкеледі?

Олардың өткізген митингтерінен қаражаттарының қаншалықты көп екенін байқауға болады. Өйткені, біріншіден, жақында үш мыңға жуық адамды көшеге шығарды. Кімге, қандай пайда әкеледі деген сауалға келсек, қазақстандық біржыныстылар ұйымындағылар жоғарыда отырғандардан ақша алғаннан кейін, оның сұрауы болады. Яғни алған грантты «ақтау» деген бар. Олар да есебін береді. «Мынадай аудитория жинадық, осындай митинг өткіздік, мынадай плакат ұстадық, осындай сөздер айттық» деп грант берушілерге осылай есеп береді.  Олар жастарымыздың санасын улап жатыр. Оны ешкім байқамайды, байқаса да мән бермейді. Әйел құқығы деп басталған дүниенің соңы мүлде басқа жағдайға айналып кетті. Жеме-жемге келгенде, «Біз лесбияндар мен жезөкшелердің де құқығын қорғаймыз» деген сөзді «Феминита» ұйымының негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержанның өз аузынан естідік.

         Ақша үшін арын сататындар бар

 

Бір сөзіңізде Алматы қаласындағы лесбияндар  ұйымдастырған шерулерде 7-8 жасар қыз балалар да жүргенін айтқан едіңіз. Бұл ата-аналардың балаға деген жауапкершілігі жоғын көрсете ме, әлде идеологиялық қысым ба?

Жастар және кішкентай балаларын ерте келген көпбалалы аналар да болды. Кейін митингке шыққан студент қыздармен, әйелдермен сөйлестім. Не үшін шыққанын сұрағанымда: «Бізге ақша береміз деп уәде берді», деді. Сол студент қыздардың айтуынша, митингке бір ай қалғанда жатақханаларына барып, үгіт-насихат жүргізген.  Студент-жастардың арасында ЛГБТ деген не, феминизм деген не екенін мүлде білмейтіндері де бар. Бұл мен бір ғана жатақханадан естіген әңгіме. Қала бойынша бұлар, бәлкім, бір ай емес, екі-үш ай бұрын дайындалған болуы мүмкін. Оның бәрі қаражат. Егер сонша ақша  берсе, үйінде бала-шағасына нан таппай отырған әйел үш-төрт баласын ертіп алып барады. Мысалы, әрқайсысына 5 мың теңгеден берсе, 2 сағат митингте тұрып, 20 мың теңге алады. Сол ақшаға шайын, ас-суын алады.

Негізі  бұл  АҚШ штаттарында да, Еуропаның ішінде  де, Скандинавия елдерінде де басталған үрдіс. Бұрын осы елдерде отбасылық құндылық бірінші орында болатын. Бірақ уақыт өте келе, әсіресе, кейінгі 5060 жыл ішінде елді азғындық жайлады. Экономикалық жағынан емес, рухани жағын айтып отырмын. Ұлт ретінде жойылып бара жатыр. Жарты халқы ЛГБТ өкіліне айналған соң, бала туатындар азайды. Енді біржыныстылардан құралған отбасылар бала асырап алғысы келіп, эмигранттардың балаларын тартып алуға ден қойған. Бала құқығына қатысты заңды алға тартып, ата-анасынан тартып алады да, арнайы орталыққа апарады. Орталықтар халықаралық бала асырап алумен айналысатын агенттіктермен тікелей байланыс орнатқан. Германия мен Норвегияда осындай жағдайлар өте көп. Балалар арнайы орталыққа жіберіледі де, сол жерден біржынысты отбасылар асырап алады. Қауіпті жүйенің артында тұтас механизм тұр. Баланың құқығын корғау дұрыс, әрине. Бірақ кез келген дүниенің шегі болады. Қазір ата-ана баласынан қорқатын заман болды.

Егер бұл мәселені  бүгін тыймасақ

ертең бәрі кеш болады

 

– Ал сіздер ұйымдастырған іс-шаралар мен митингтерге жастардың қатысу белсенділігі қалай?

Аз, өте аз. Менің жасап жатқан іс-шараларыма негізінен, орта жастағы және одан үлкен азаматтар қатысады. Аға-әпкелеріміз, іні-бауырларымыз келеді, ал жасөспірімдер мен студент-жастар жоқтың қасы. Өкінішке қарай, көрсеткіш осындай болып тұр.

– Әлеуметтік желіде трансгендер, гомосексуалистер ашықтан-ашық тікелей эфирде отырып, өз көзқарасын еркін жариялап, аудитория жинап жүр. Мұндай контент жасөспірімдердің санасына, қоғамға өте қауіпті...

– Иә, әсіресе, ТикТок желісінде көбіне жасөспірім шақтағы оқушылар отырады. Олардың санасы бекімеген, оң-солын әлі танып үлгермеген. Алдарынан шыға берген соң, мұндай контентті қалыпты, дұрыс нәрсе деп қабылдауы әбден мүмкін. Меніңше, мұндай бағыттағы өмір салтын насихаттап, оны желіге жүктейтін адамдардың денсаулығында кінәрат, яғни психикалық ауытқу бар. Оларды мәжбүрлеп емдесе де артық болмас еді. Ең болмаса, жартысы емделер ме еді?! Бірақ сырт көзбен қарағанда, санасы да, ой-өрісі де дұрыс көрінеді. Оған біреудің жеке таңдауы, еркіндік деп қарастыруға болмайды. Егер бұл мәселеге бүгін тыймасақ, ертең бәрі кеш болады. Отбасы құндылықтарын, дәстүріміз бен дінімізді сақтап, қорғау үшін теріс ағымдарға тосқауыл қоятын кез келді деп есептеймін.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Қоғамдық қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан

Гүлжанат СЕМБАЕВА.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:24

15:23

15:22

15:02

14:58

14:34

14:11

14:02

12:34

12:18

12:14

12:10

12:05

11:51

11:37

11:30

10:57

10:51

10:46

09:51

09:36

21:54

17:54

17:22

17:10