Дала шөбі қатайып, дәріге айналады. Данышпан халқымыздың «Ем іздесең, таразының шөбінен ізде, жем іздесең, таразының шөбін күзе» деген қанатты сөзі бар
Қазір Сартамыз амалы жүріп жатыр.Тамыздың 25-іне дейін жалғасады. Сартамыз сөзі тамыздың соңы деген мағынаны білдіреді. Шөп сабағының сарғаюына қаратылып айтылған сыңайлы. Еліміздің кейбір алыс аймағында «сарша тамыз», «аңшы амалы» деп аталады.
Амал кезінде ауа райы өте ыстық болғандықтан, малдың күйі кетеді, малшылар орта жайлаудан төр жайлауға көшеді. Осы мезгілде мал шелденіп, тойынып үлгермесе, қыста қар қалың болып, қазақтың «қайың сауған» дейтін жұтына ұшырауы мүмкін. Амал уақытында бұғылар бұзаулап, жас төлін ертіп жайылады, осыны пайдаланып, аңшылар аң аулайды.
Ауа райы салқын тартып, көк жүзін қысыр бұлттар бүркеп, күз нышаны сезіле бастады. Бұл – күздің алғашқы белгісі. Қазақ есепшілері бұл жұлдыздың шығуына қарап «Таразы туса, таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдаған. Осы кезеңді Таразының тууы деп атайды. Қазіргі кезде ғалымдардың ғылымда «Орион жұлдызы» деп жүргені - осы Таразы жұлдызы.
Қазақ есепшілері жаз ортасы ауа бастағаннан аспан жұлдыздарына көз тіге бастайды. Қай күні аспаннан жарқ етіп Таразы жұлдызы туа қалса, күздік жиын-терімге кіріседі. Малдарды қырдың ақ отына қарай айдап бағады. Бір жұма ойдың көк отына, бір жұма қырдың ақ отына баққан малдың еті мен сорпасы дәріге айналатынын, емдік қуаты жоғарылайтынын қазекеңе өмірдің өзі үйреткен.
Қазақ аналары бұл кездегі айран, сүт, құрт, ірімшік, іркіт, шұбатты дәрі ретінде балаларына мейлінше ішкізіп, жегізеді. Әсіресе, «қымыздың дәмі келді, Таразы туды, қымыз дәрі, сары қымыз – ауруға ем дәрі қымыз» деп ұғынған.
Қазақта Таразы жұлдызды «Күз жұлдызы», «Салқын жұлдыз» деп атайтыны да содан. Таразы жұлдызы жаз бен қыстың, көктем мен күздің, ыстық пен суықтың, салқын мен жылының арасын таразылап тұрады. Сондықтан бұл жұлдызды қазақ «Таразы жұлдызы» немесе «Қазы жұлдыз» деп атап кеткен. Таразы жұлдызы туған күннен бастап күздің алғашқы ұсақ маржан, салқын жаңбыры басталады. Қырдың қара оты таразы жаңбырымен қайта жайқалып өсіп толады. Артынан тез сірге айналады. Жайылым малға ерекше жұғымды бола бастайды. Төрт түлік мал тез қоңданады, шілденеді. Тойынып, жұп- жұмыр болып семіреді...Таразы жұлдызы араға ай салып «Таразы амалы» болып оралады.
Шілде өткесін Шолпан жұлдыз таң алдында шығыстан жарқырап туса, күз жиын-терімге қолайлы, қыс шаруаға жайлы болады деген бұрыннан келе жатқан болжамы бар. Ұйқысын қиып, таңнан бұрын шығысқа көз салған адамның Шолпан жұлдызын аңғарары анық.
Таң алдында сап-сары алтындай болып күншығыс жақтан жарқырап туған жұлдызды Шолпан жұлдызы деп атайды да, онымен жарыса артынан туған сәл кішілеу жарық жұлдызды «Таңшолпан» деп атаған. Қазақта Шолпан жұлдызы мен Таңшолпан жұлдызының қатар туғанын көрген адам өмір бойы, тіпті жеті атасымен бақытты болады, мол ризықты, таусылмас дәулетті болып өтеді, ұзақ өмір сүреді деп ырымдаған. Бұл екі жұлдызды таңмен таласа оянған қыз бен жігіт қатар көрсе, екі дүниеде бір-біріне ғашық болып, араларына жамандық кірмей, ұрпақты, ғұмырлы болады деп ұғынған.
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, тамыздың 18-і, ай жүйесімен тамыздың 20-сы, қазақша есепке сүйенсек, тамыздың бесінші күні. Демек, апта айды түгел қамтып тұр. Бұл аптаның құбылмалы болатынын білдірсе керек... Күн сайын аз да болса салқындық сезіліп тұрады.