Отандық сүт өндірісіне мемлекеттік қолдау керек.
Азық-түлік дүкеніне барғанда, сүт өнімдері тұратын бөлімге соқпай кетпейміз. Қаз-қатар тізілген ағарғандардың ішінен таңдау жасау да оңай емес. Бірінің қорабы әдемі, екіншісінің жарнамасы жақсы, үшіншісі шығарылған мерзімімен менмұндалайды. «Стерильденген, пастерленген, ультрапастерленген» деген түрлері және бар.
Қазіргі таңда елімізде сүт және сүт өнімдеріне деген тапшылық жоқ. Тәбетіңіз тартса, айран мен қаймақтың, сүзбе мен ірімшіктің түр-түрін сатып алуға мүмкіндік мол. Бірақ олардың барлығы табиғи сүттен немесе табиғи сүт негізінде дайындалған сүт өнімдерінен жасалған дей аласыз ба? Жоқ, әрине. Өйткені, сатылымдағы сүттердің басым көпшілігі шетелдерден келеді. Міне, сол дүкен сөрелерінде айлап, жылдап тұра беретін қораптағы сүттерді біз сатып алып жүрміз. Таңдау өз еркіңізде ғой. Десек те, зауыттан шыққан сол ағарғандардың адам ағзасына зияндылығы туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Мәселен, табиғи сүт асып кетсе 3-4 күн ғана сақталады. Одан кейін ол ашып кетеді. Ал дүкендердегі қорапта тұрған сүт белгілі бір температурада 6 айға дейін сақталады. Сонда олардың мұнша уақыт сақталуының сыры неде? Мамандардың айтуынша, бірнеше айлар бойы бүлінбейтін тетрапакеттердегі сүтті сақтау үшін өндірушілер сүттің бір тоннасына химиялық күшті калий сорбатының үш грамын қосады-мыс. Одан кейін сүтті табиғи қалпына келтіру үшін ароматизаторлар, қоюлатқыштар, бояулар да қосылады. Осындай түрлі қоспалардан соң қораптағы сүттерді мұздатқыш камераларды қолданбай-ақ бір жыл бойы сақтауға болады. Демек, тетрапакетте көп сақталған сүттің адам ағзасына қауіпті азыққа айналып кету қаупі зор. Олардың бағасы да арзан емес. Мәселен, майлылығы 3,2% құрайтын 1 литр сүттің бағасы біздің кеңсенің жанындағы дүкенде 765 теңге тұрады. Қалтасы қалыңдарға бұл баға аса маңызды емес болар, бірақ, айлығын шайлығына әрең жеткізетін жандар үшін қымбат. Сол себепті олар құрғақ сүтті алуға мәжбүр.
Қазір адамның қолы қимылдаса құнын сұрайтын заман болды. Әйтпесе, бұрын ауылда ағарған деген сатылмайтын. Үйде сүт болмай қалса, қолымызға кесені ұстай салып, көршімізден әкеліп шай іше беретінбіз. Себебі, ол кезде барлық үй сиыр ұстайтын. Таңертең аналарымыз сиырын сауып, сүтін пісіріп барып жұмысына кететін. Бала-шағасы айран, сүтті қанып ішіп, құрт-майымен дастарқанын жайнатып отыратын заман өткелі сол ағарғанды ауылдағылар да сатып ішетін болған.
Құрғақ сүтке құмартпаңыз
Деректерге сүйенсек, еліміздің құрғақ сүт бойынша импортқа тәуелділігі 97%-ды құрайды екен. Біздің ел қазір Ресей мен Белоруссиядан шикі сүтті цистерналармен, құрғақ сүтті контейнерлермен тасып жатыр. Тетрапакеттегі сүттердің барлығында осы құрғақ сүттер пайдаланылады. Ал біз құрғақ сүтті шайға, түрлі пісірілімдерге, тіпті кейбіріміз балаларымыздың ботқасына қосып береміз. Бір әттеген-айы, біздің сүт өндірушілер оны қораптың сыртына жазуды құптамайды. Өйткені, қораптың сыртынан құрғақ сүті бар екенін оқыса, тұтынушы алмауы мүмкін. Табыс көзін осындай заңға қайшы әрекеттер арқылы тапқысы келетін кейбір сүт зауыттары жергілікті сиырлардың сүтін пайдаланудан бас тартады. Кесірі өз фермерлерімізге тиіп жатыр. Осылайша отандық өнім сұраныстан қағылып, қажетсіз болып қалуда.
Жалпы, ғалымдардың пікірінше, құрғақ сүтті пайдалану инсульт, инфаркт, онкологиялық сырқаттарға шалдықтырады. Себебі, оның құрамында адам ағзасына зиянды қоспалар бар. Мәселен, ресейліктер дүкенде сатылатын сүт өнімдерінің арасынан ағзаға қатерлі улы заттар, атап айтқанда, меламин деп аталатын ұнтақ бар екенін сараптама арқылы тапқан. Көзге ақ ұнтақ түрінде шалынатын осы меламин дегеніңіз, ол кәдімгі пластмасса жасайтын ұнтақтың өзі екен. Бұл сүтке қосылғанда оның көлемі ұлғаяды, дәмі аздап өзгергені болмаса, таза сүт сияқты әсер беретін көрінеді. Ендеше, денім сау болсын десеңіз, құрғақ сүтке құмартпаңыз.
Импортқа тәуелділік
еңсемізді басады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ішкі нарықтағы сүт өндірісін отандық кәсіпорын өнімдеріне толтырамыз деген уәдесі әлі де сөз жүзінде ғана қалып отыр. Неге десеңіз, қазір дүкендерімізде Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерінің өнімдері орын бермей тұр. Төскейінде төрт түлік малын төлдеткен, Кеңес дәуірінде ет пен сүттің отаны болған қазақ елі үшін бұл жақсы көрсеткіш емес. Әйтпесе, Қазақстанда осы салада жылдық қуаты 2,7 млн тонна сүтті өңдеуге қауқары бар 180 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр елімізде 2,1 млн тонна сүт өңделген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 13,6%-ға артық. Жалпы сомасы 584,8 миллиард теңге болатын отандық сүт өнімдері өндіріліп, өткізілген.
Мәселен, биылғы 3 айда 152,4 мың тонна өңделген сүт өнімі шығарылыпты. Соның ішінде 19,4 мың тонна ірімшік пен сары май өндірілді. Демек, бізде сүт фермасы да бар, сүт те жетеді. Бірақ сонда да аталмыш сала отандық нарықтың көркін қыздыра алмай келеді. Сарапшы мамандар мұның себебін еліміздегі сүт өндірісі мемлекеттік қолдау мен субсидия есебінен ғана күн көріп отыр дегенді айтады. Сүт шаруашылығы бірден қарқын алып, табыс беретін кәсіп көзі емес. Олар табыс табу үшін уақыт керек әрі өндіріс көлемі де ауқымды болуы керек деп есептейтіндер де бар. Ал жауапты министрлік пен сарапшылары отандық агро сектордағы сүт, ет, азық өндірісінде сыртқа жалтақтамауы үшін үлкен қаржы керек дегенді алға тартады.
Егер сырттан келетін арзан өнім түрлеріне бақылау қойылмаса, болашақта отандық сүт өндірісінің жұмысын ақсатып алуымыз мүмкін деп сала мамандары да дабыл қағуда. Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаровтың пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, көршілердің өнімін сатып алу отандық кәсіпорындардың дамуын тұралатады.
– Тек бір ғана серіктестіктің сүт зауыты айына 190 тонна құрғақ сүт тасып жатыр. Одан 1,5 мың тонна қалпына келтірілген сүт алуға болады. Оларды қолдау арқылы біз бірқатар отандық кәсіпорынды банкрот қылдық және көрші мемлекетті қаржыландырып отырмыз, – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың бірінші жартысында елде 2 млн 36,5 мың тонна сиыр сүті сауылған. Былтырғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш 1 млн 973,6 мың тоннаны құраған. Яғни өсім мүлдем мардымсыз. Жалпы алғанда, қазақстандық ауыл шаруашылығы кері кетіп барады. Ресми статистика бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 2023 жылғы қыркүйектегі 103,4% өсімнен 2024 жылғы маусымда 101,7 пайызға дейін төмендеп кеткен.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, сырттан келетін шикі және құрғақ сүт импортының алапат ауқым алғаны сонша, олар енді Қазақстанның төл сүт өнеркәсібінің дамуына кедергі болуда. Сондықтан бюджет қаражатына ресейлік, қытайлық бизнестің дамуына үлес қосуды тоқтатып, тек отандық өндірушілерді ғана қолдау үшін АШМ импорттық шикізаттан сүт жасайтын зауыттарды субсидиялаудан бас тартпақ.
Сүт өндіру көлемі ұлғаяды
ақында 4-5 шілде күндері Астана маңында сүт шаруашылығы және қайта өңдеу жөніндегі үшінші халықаралық «PRO Сүт» форумы өтті. 500-ден астам сүт өндірушілер мен өңдеушілерді, 12 елдің сарапшыларын жинаған екі күндік іс-шарада қатысушылар тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де сүт саласын дамыту келешектерін талқылады.
Форум барысында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алдағы үш жылда Қазақстанда сүт өндіру көлемі екі есеге ұлғаятынын айтты. Министрліктің мәліметінше, соңғы үш жылда сүт-тауар фермаларында сүт өндірісі 20%-ға артып, 600 мың тоннадан асқан.
Жалпы, өткен жылы сүт зауыттары 2,1 млн тонна сүт өңдеген. Бүгінде кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 65 заманауи сүт-тауар фермасын салуға жылдық 2,5%-бен жеңілдікті несиелеу бағдарламасы басталды. Бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бағытталып отыр. Министр сондай-ақ, сүттің өзіндік құнын төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндап, жемшөптің құны өңдеуге арналған шикізат құнының 70%-ына дейін екенін атап өтті. Олардың құнын арзандату мақсатында АШМ өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және суаруды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
Алматыда сүт бағасы қанша?
Қанша айтсақ та қазақстандықтардың басым көпшілігі отандық өндірушілердің сүт өнімін сатып алуды жөн санайды. Қарапайым қазақы ауылдарда импортталған сүтке құмарлары аз, керісінше қолдың сүтін ішетіндер көп. Ал қалалықтар осы қораптағы ағарғандарға үйренген. Қазір Алматы дүкендеріндегі пастерленген сүттің бағасы 300–800 теңге аралығында. Мәселен, «Петропавл» маркалы 3,2 %, сыйымдылығы 0,9 литр сүтті супермаркеттен 479 теңгеге алуға болады. «Айналайын» маркалы 3,2%, сыйымдылығы 1 литр сүт 765 теңге, «Мое» сүті – 669 теңге болса, дәл осындай көрсеткіштерге ие «Адал» маркасының сүті 789 теңге тұрады.
Иә, елімізде сүт өндірісінің дамуын тежеп тұрған факторлар аз емес екен. Шикізаттың жеткіліксіздігі мен оның бағасы, сырттан келетін шикі сүт пен құрғақ сүттің көлемі, сапалы сүт өндіру үшін малдың жем-шөбіне кететін шығын... Осының барлығы отандық өнімнің қанат жаюына кедергі болып тұр. Ендеше, мәселе малда ғана емес, оны күтіп-баптауға кететін қаражатқа да байланысты... Қысқаша айтқанда, отандық сүт өндірісіне мемлекеттің қолдауы қажет.
Алмасбек САДЫРБАЕВ, сарапшы:
Бар фермаларды сақтап қалу керек
Сүт индустриясы біздің елде өз деңгейінде дамып отырған жоқ. Индустрия болу үшін оның бірнеше факторлары болуы керек. Біріншісі – генетика, ол асылдандыру, ұрықтандыру. Бізде бұл бағытта жұмыстар жүргізілмейді. Одан кейінгі кемшілік – ветеринария. Шетелден қымбат бағамен әкелінген малдардың бізге жерсініп, бейімделіп, өмір сүріп кетуі қиын. Есіңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын министр Асылбек Мамытбековтің тұсында қателеспесем, мыңға жуық асыл тұқымды ірі қараның бойынан шмаленберг дерті табылып, қырылып қалды емес пе?! Ал сол ауруды анықтайтын бізде лабораториялар жоқ. Бұл да ветеринария мәселесі. Келесі фактор – жем-шөп. Бұл түйінді шешу үшін алдымен утильалым мәселесін шешуіміз керек. Шаруаларда техника қолжетімді болуы қажет.
Бұл – бір. Екінші, суармалы жерлер болуы керек. Ол үшін суды үнемдейтін технологиялар, тамшылатып суару әдісі енгізілуі тиіс. Бұл да бізде жолға қойылмаған. Менің ойымша, осындай көп жоқтардың ішінде отырып, Қазақстанда сүт бизнесін дамыту мүмкін емес. Ал Ресей мен Белоруссияда керісінше, оларда нақты жерінің құнарлылығымен, суының молдығымен сүт өндірісін дамыту мәдениеті қалыптасқан. Одан кейін оларда мемлекеттік қолдау бар. Жаңағы бізде жоқ дегеннің барлығы түгел.
Мәселен, Ресейде 1 литр сүт 70–80 теңге тұрады. Ал бізде 1 литр сүт 200 теңгеден 250 теңгеге саудаланады. Енді өзіңіз айтыңызшы, осындай айырмашылықпен ашық нарықта қазақтың сүт фермалары орыстың сүт фермаларына қарсы тұра ала ма? Менің ойымша, тұра алмайды. Бұл нарықтың заңына қайшы. Қазір Үкімет тарапынан бірталай қаражатты сүт өндірісіне бөліп жатыр. Бірақ ол тиімсіз. Менің ойымша, ол қаражатты өзіміздің дәстүрлі мал шаруашылығының басқа салаларына бұрған дұрыс.
Біз қазір Ресейдің соғыс жағдайындағы ахуалынан зардап шегіп отырмыз. Себебі, бір экономикалық аумақта орналасқанбыз. Олар өнімдерін сыртқа шығара алмаған соң барлығын бізге сатып жатыр. Қазір Ресейдің сүт өндірісі Қазақстанның бүкіл сүт индустриясын жаулап алған. Дүкенге кірсеңіз сөрелерде тұрған сүттердің 70–80%-ы Ресейдің сүттері арзан бағада саудаланып жатыр. Өз өнімдеріміз өтпей тұр. Әйтпесе, біз сүт өнімдерінің 40%-ын қамтып отырмыз.
Қайталап айтайын, біз Ресей мен Белоруссиямен сүт бизнесі бойынша бәсекелес бола алмаймыз. Қазір біздегі кішігірім сүт фермаларының көбісінің экономикалық жағдайы қиын. Несиелерін төлей алмай жабылып жатқандары қаншама? Кеше ғана Оралдан келдім. Сондағы біздің «Шопан ата» қауымдастығының мүшесі де сүт бизнесі тиімсіз болған соң кәсібін тоқтатты. Сондықтан еліміздегі сүт фермаларын бір-біріне қосудың қажеті жоқ. Керісінше, сол бар фермаларды сақтап қалу керек.