ffin.kz

Түркі орталық банктерінің кеңесін құру ұсынылды

Түркі орталық банктерінің кеңесін құру ұсынылды Ақорда

Бұл Саммит бауырлас елдің басшысы Ильхам Әлиевтің бастамасымен ұйымдастырылды. Саммитке қатысушылар «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» тақырыбында өз ойларымен бөлісіп, «Қарабақ декларациясын» қабылдады. Жиын бір жағы Қазақстанның ұйымға төрағалығы аясында өтсе, екінші жағынан Бакудың ішкі және сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын айқындады. 

 Астана ұйымның мәртебесін арттырмақ

Астана сыртқы саясатта белсенді әрекет етуде. Жақында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аяқталды. Алда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кеңесі өтеді. Күзде Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді деп күтілуде. 6 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында ұйымның бейресми саммиті сәтті ұйымдастырылды. Саммит бір жағы еліміздің ұйымға төрағалығы аясында өтсе, екінші жағынан Бакудың бауырлас елдермен байланысты нығайтуға ниетті екенін көрсетті.

Жиынға Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Мажарстан Премьері Виктор Орбан және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастыратынын мәлімдеді. Осылайша президент ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруды көздемек.

Президент «TURKTIME!» ұранын былтыр 3 қарашада Астанада өткен ұйымның мерейтойлы X Саммитінде ұсынған еді. Қазақстан ұйымға төрағалық аясында салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты мәселелерге мән беретінін мәлімдеген. Ол жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ұйымға мүше мемлекеттерді ынтымақты болуға шақырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бейресми Саммиттің тақырыбы аясында еліміздің ұлттық мүддесіне сай келесі мәселелерді көтерді:

1.                     Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану.

2.                     Түркі орталық банктерінің кеңесін құру.

3.                     «Astana Hub» технопаркінің әлеуетін бірлесе пайдалануға шақырды.

4.                     Жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.

5.                     Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды.

 

Бакудың мақсаты қандай?

Баку Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми Саммитін Шуша қаласында тектен-тек өткізбеді. Бұл қала Әзербайжан, оның ішінде Таулы Қарабақ халқы үшін маңызды жер. Былтыр 20 қыркүйекте Қарабақ жері ресми түрде Әзербайжанға қайтарылды. Сондықтан жиынды өткізу Әзербайжан үшін өте маңызды шараға айналды. Сол үшін де бейресми Саммитте «Қарабақ декларациясы» қабылданды.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бұл туралы былай деді: «1992 жылғы мамырда Арменияның Шуша қаласын басып алуы әзербайжан халқы үшін үлкен қасірет болды. Әзербайжан халқы бұл басқыншылыққа ешқашан мойынсұнған емес. Олардың әрқашан Шушаға және басқыншылыққа ұшыраған басқа да біздің аумақтарымызға оралу арманы болды және оған қол жеткізді».

Осы орайда Ильхам Әлиев 2021 жылы Шушаны Әзербайжанның мәдени астанасы етіп жариялады. 2023 жылы ТҮРКСОЙ-дың мәдени астанасы етіп жариялауға атсалысты. Биыл ұлықтау рәсімінде ол Әзербайжанның Түркі елдерімен байланысын нығайтатынын мәлімдеген болатын.

Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ мәселесі жайлы өзге қатысушылар да сөз етті. Қазақстанның басшысы еліміз медиатор болуға әрдайым дайын екенін мәлімдеді.

«Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасында бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзбекстанның басшысы Шавкат Мирзиёев Гейдар Әлиевтің мынадай сөздерін еске алып, тарихи жеңіспен құттықтады: «Шуша қаласынсыз Қарабақ, ал Қарабақсыз Әзербайжан жоқ».

Сонымен қатар, жиынға қатысушылар биыл климаттың өзгеруіне байланысты Әзербайжанда өтетін COP29 БҰҰ конференциясына орай  бауырлас елге сәттілік тіледі. Қатысушылар жоғары дейгейдегі шараның Бакуде өтуі Әзербайжанның басты жетістігі екенін атап өтті.

Әзербайжанда өтетін конференция туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Астанада, «ШЫҰ плюс» отырысы кезінде де тоқталған еді. Оның айтуынша, әлем елдері климаттың өзгерісімен күресте қаржылық жауапкершілік алуы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43