Орталық Азия елдерінің басшылары қандай бастамалар көтерді?
19 қыркүйекте БҰҰ-ның 78-сессиясы аясында саяси дебатта Орталық Азия елдерінің басшылары биік мінберден сөз сөйледі. Қатардағы азаматқа ол маңызы жоқ жай сөз болуы мүмкін. Алайда, мәселеге үңіліп қарар болсақ, оның мәні тереңде екеніне көзіміз жетеді. Ол үшін оған дейін болған оқиғаға назар аудару қажет. 14 қыркүйекте Тәжікстан астанасы Душанбеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 5-консультативтік кездесуі өткен болатын. Біз ол туралы газетіміздің 111-санында жазып едік. Сол кездесу алдағы болатын БҰҰ-ның 78-сессиясына дайындық болды. Себебі, аймақ елдерінің сөзі бір жерден шығуы керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді. Сонда кездесуде аймақ басшылары ортақ мәселені биік мінберде көтереміз деп уағдаласқан сыңайлы.
Газетіміздің 112-санында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзіндегі саяси бастамаларға тоқталған болатынбыз. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия мәселелерін де қозғады. Енді аймақтағы өзге ел басшыларының бастамаларына тоқталып өтсек.
АШХАБАД
экологиялық мәселелерге маңыз берді
Жалпы, соңғы кездегі геосаяси дағдарыс БҰҰ-ның жұмысына деген сынды үдете түсті. Егер халықаралық ұйым нәтижелі жұмыс істесе, еш дағдарыс болмас еді деген пікірде скептиктер. Алайда, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, дағдарысқа қарамастан БҰҰ-ға балама жоқ. Ол дағдарыстан шығу үшін жаһандық қауіпсіздік стратегиясын қабылдауды ұсынды. Президент стратегияда әлемдегі аймақтар мәселелеріне аса мән беруді жөн көрді. Әрине, бұл жерде оның айтайын дегені Орталық Азия аймағы.
Сердар Бердімұхамедов өз сөзінде әлем елдерін Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі және экологиялық мәселелеріне мән бергені жөн екенін мәлімдеді. Осы мәселені стратегиялық тұрғыдан шешу үшін Ашхабадта орталық құруды ұсынды. Сонымен қатар, Каспий теңізінің жаһандық экологияға әсері жайлы да сөз болды. Сондықтан осы мәселеге де әлемнің назарын аударуға тырысты.
Түркіменстан басшысы БҰҰ- ның Тұрақты даму мақсаттары туралы да сөз етті. Оның аясында көлік жолымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.
БІШКЕК
бауырлас елді аймақ қауіпсіздігі мазалайды
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та БҰҰ-на балама жоқ екенін мәлімдеді. Геосаяси текетірес, инфляция мен азық- түлік қауіпсіздігі мәселелері болғанымен, онымен күресу үшін бұл халықаралық ұйым жалғыз легитимді институт. Сондықтан бірлесе жұмыс істеген тиімді деген пікірде.
Қырғыз елінің басшысы Орталық Азияның екі негізгі мәселесін көтерді. Бірі – қауіпсіздік, екіншісі – экологиялық дағдарыс. Оның ішінде қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударды. Көршімізді аймақ елдері арасындағы шекара мәселесі және Ауғанстандағы гуманитарлық, экономикалық дағдарыс алаңдатады. Садыр Жапаров Қырғызстанның Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны құқықтық бекіту туралы келісімге келгенін атап өтті. Оған қос елдің басшыларының саяси жігері арқасында қол жеткенін айтты. Ендігі мәселе қырғыз-тәжік шекарасы мәселесін толық шешу екенін мәлімдеді. Оған қос тарап та мүдделі екені айтылды.
Президент, сонымен қатар, әлем елдерін Ауғанстан мәселесіне назар аударуға үндеді. Ондағы гуманитарлық және экономикалық дағдарыс Орталық Азияға, қала берді бүкіл әлемге кері әсер ететінін жеткізді. Шынында да, Ауғанстан жалпы Орталық Азия мен Таяу шығыс аймақтарының әлсіз тұсы. Есірткі және терроризм мен экстремизм экспорты сөзімізге дәлел.
Экологиялық мәселе ретінде Қырғыз елінің басшысы су тапшылығын көтерді. Оның сөзінде таудағы мұздықтар тез еріп жатыр. Оған халықаралық қауымдастық қаржылай инвестиция құю арқылы қолұшын бергені жөн деген пікірде. Сонымен қатар, ол дамушы елдердің экономика мен экология салалары арасында қарама-қайшылық бар екенін айтты. Сондықтан дамыған елдердің де көмегі қажет дейді ол.
ДУШАНБЕ Ауғанстан ахуалына алаңдайды
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон сөзінің басым бөлігінде жаһандық климаттың өзгерісіне арнады. Мұның аясында Тәжікстанның су және мұздықтар мәселесін көтерді. Климаттың өзгеруінен мұздықтар еріп жатқан көрінеді. Бұл жағынан Тәжікстан мен Қырғызстанның жағдайы ұқсас. Екі ел де Орталық Азияның су доноры. Егер бұл мәселе шешілмесе, халқының саны өсіп жатқан аймақта терең климат дағдарысы орын алмақ.
Сонымен қатар, Эмомали Рахмон Орталық Азия елдері бірауыздан Ауғанстан мәселесіне алаңдаулы екенін атап өтті. Ол Ауғанстанға гуманитарлық көмекті ұлғайтуды ұсынды. Себебі, ондағы дағдарыс аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге кері әсер етпек. Оның сөзінше, соңғы екі жылда есірткі саудасы күрт артқан. Елдің құқық қорғау органдары шекарада 10 тоннадан астам есірткі көлемін тәркілеген.
ТАШКЕНТ
Өзбек ағайын үшін де аймақтың әлемдегі саяси беделін арттыру – маңызды мақсат
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің сөйлеген сөздерін салыстыратын болсақ, қос елдің сыртқы саясаттағы ұқсас тұстарын көруге болады. Сөздерінің басы елдің әлемдік қауымдастықтағы жағымды имиджін қалыптастыру мақсатын көздеуге бағытталған. Астана әлемдегі саяси тәртіп пен ондағы Қазақстанның орны жайлы айтса, Ташкент «Жаңа Өзбекстан» құрудағы реформалардың жетістігін атап өтіп, ондағы мақсат пен міндеттердің БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарымен бірдей екенін сөзге тиек еткен.
Сонымен қатар, Өзбекстан да Орталық Азия аймағының әлемдегі саяси беделін арттыру мақсатында бастамалар көтерді. Президенттің айтуынша, аймақ оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын таптырмас көлік- коммуникация көпірі.
Шавкат Мирзиёев аймақ елдері басшыларының 5-консультативтік кездесуінде қол жеткізілген келісімдерді БҰҰ деңгейінде қолдауға шақырды. Осы орайда жастардың дамуына әсер ететін «Күн тәртібіндегі Орталық Азия жастары – 2030» атты бағдарламаны қабылдауды ұсынды.
Өзбекстан өзге аймақ елдері секілді климат өзгерісі мен Ауғанстан мәселелеріне әлемнің назар аударуын құп көрді.
«Аlmaty-akshamy», №113, 23 қыркүйек, 2023 жыл