Хабарсыз кеткен ұшқыш Кеңес Одағының Батыры Біләл Қалиев еді
1985 жылы Липецк облысының Дебрицкий ауданы, Хворостянка елдiмекенiнiң Жеңiс саябағындағы бауырластар зиратына алты жауынгердiң мүрдесi қойылды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40 жылдығы қарсаңында бұл алты ұшқыштың мүрдесiн мектеп оқушыларынан құралған кәдiмгi қызылiзшiлер тапқан. Ұшқыштардың iшiндегi бiреуi – Бiләл Қалиев деген қазақ болып шықты. Кеңестiк ұшқыштар арада 43 жыл уақыт өткен соң, сөйтiп, екiншi рет жерленген болатын.
1942 жылдың 14 шiлдесiнде алысқа ұшатын «ДБ-3» (ИЛ-4) кеңестiк бомбалаушы екi ұшақты осы елдiмекеннiң аспанында немiс-фашистерiнiң истребительдерi атып түсiрген болатын. Арада 43 жыл өтсе де, жергiлiктi тұрғындар бұл оқиғаны ұмытпаған едi.
1989 жылы «Балаң табылып, бауырластар зиратына жерлендi» деген хат келгенде, Жамал апа не iстерiн бiлмей, естен тана жаздаған. Ол кезде марқұм ерi – Әбiл тiрi болатын. Бұрын – 1942 жылы «Балаң хабарсыз кеттi» деп қара қағаз алғаннан берi көңiлдерiнде күмән жүретiн. Не өлi, не тiрi екенi белгiсiз хабарсыз кету ол кезде Отанын сатып кеттi дегенмен бiрдей едi. Ендi, мiне, Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Бiләл Қалиевтың мүрдесi табылып, бес ұшқышпен бiрге бауырластар зиратына жерленiп отыр. Алғашында, Жамал Қоржынбаева не күлерiн, не жыларын бiлмей қалды. Кiшкентай кезiнде шешесiнен айsрылған Бiләлдi Жамал жеңгесi бауырына басып, өзiне бала етiп алған болатын.
Бiләл Қалиев мектеп бiтiрген соң 1934 жылы Красноводскiдегi педагогика училищесiне оқуға түскен. Оны тәмамдағаннан кейiн 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Черниговтегi әскери әуе училищесiнiң курсанты болады. Ол осылайша «ИЛ-4» (ДБ) бомбалаушы ұшағының ұшқышы болып шыққан. Оның ары қарайғы тағдыры белгiсiз болып қалар ма едi, үлкендердiң әңгiмесiн тыңдап, егжей- тегжейлi зерттеп жүретiн қызылiзшi- пионерлер 1942 жылы 14 шiлдеде бiрге жерленген кеңестiк алты ұшқыштың жатқан жерiн iздеп тапты.
Кеңестiк ұшқыштардың екi ұшағы әскери тапсырмаларын орындап, қайтып ұшып келе жатқан жолда, аспандағы айқаста күшi басым жау оғынан құлаған. Ұрыс алаңына жасырынып барып, кеңестiк ұшқыштарды асығыс жерлеген жергiлiктi тұрғындар олардың кiм екенiн бiлмеген. 1945 жылы 9 мамыр – Ұлы Жеңiстiң 40 жылдығы қарсаңындағы iздестiру жұмыстарының нәтижесiнде ғана олар жатқан жер қайта табылып, жан-жақты сұрастырыла бастады.
– 1985 жылы екi бiрдей ұшақтың ұшқыштарын қайта жерлеу кезiнде ұшқыштардың мүрдесiнен аты-жөндерi жазылған оқтың капсуласы шыққан. Бiләл ағамның аты-жөнi жазылған капсула iшiндегi қағазда «1917 жылы туған, Красноводск әскери комиссариатынан шақырылған» делiнiптi. Осы деректер арқылы iздеу жұмыстары жүргiзiлiп, барлық ақиқат ашылған, – дейдi батыр ұшқыштың бауыры Мұханбет Қалиев.
Әскер қатарына Түркiменстаннан шақырылған Бiләл Қалиевтың туған- туыстарын қызылiзшiлер әскери комиссариат арқылы, алдында, Красноводск қаласынан iздеген. Тың игеру кездерiнде Қазақстанға қайта көшiп келген оның ағайын-туыстары ол кезде бұл оқиғадан хабарсыз болатын. «Бiләл тiрi, бiр күнi бiр дерегi шығады» деген ой да жоқ емес едi. Бәлкiм, бұл көңiлдiң жамандыққа қимағандығынан да шығар. Дегенмен, қыран көздi қайсар Бiләлдi хабарсыз кеттi деу қисынға келмейтiн. Соғыста жүргенде одан екi рет хат келген. Бiләлдi бауырына басып өсiрген жеңгесi, екiншi шешесi болған Жамал Қоржынбаева:
– Айналайын, бiзге жазған алдыңғы хатында ол «Үлкен «тойға» барайық деп жатырмыз. Құдай амандық берсе, соғыс та бiтер, аман-есен барамыз. Бiрақ қазiр алдымызда бiр қиын нәрсе тұр» деп жазған едi. Сөйтсек, Мәскеуге 60 шақырым қалған екен, жаудың бетiн қайтарып, бiзге тағы хат жазды. Отанымыздың астанасына 60 шақырым қалған жауды 280 шақырымға дейiн кейiн қуыпты. Ұшқыштардың мүрделерiн тапқан қызылiзшiлер олардың мойындарына тағылған капсула арқылы бәрiн анықтаған. Бес орыс, бiр қазақ – алтауы бiрге жерленiптi, – дейдi өткендi еске алып.
1941 жылдың 22 шiлдесiнде, соғыс басталған соң бiр айдан кейiн, немiс- фашистерiнiң ұшқыштары ұшып келiп Мәскеудi бомбалаған. «Геринг қырандары» аталған фашистердiң әуе күштерi мықты болатын. Бұдан кейiн кеңестiк әскери әуе күштерiнiң алдында Берлиндi бомбалау мiндетi тұрды. Қазақша айтқанда, қарымта қайтару керек болған. Шындығын айтқанда, екiара тым алыс. Үлкен есептеулер мен тыңғылықты зерттеулердiң арқасында ДБ-3 деп аталатын «ИЛ-4» ұшақтары Балтық теңiзiндегi Саарема аралының әуежайынан ұшқанда ғана Берлинге барып қайтуға шамасы жететiнi белгiлi болды. Алайда, бұндай көзсiз ерлiкке бару оңай емес едi. Сталиннiң тiкелей бұйрығымен қолға алынған бұл iсте кеңестiк ұшқыштардың iшiнен ең мықты дегендерi iрiктелiп алынған. Солардың қатарында ұшқыш Иван Удовенко мен штурман Павел Иоффе және Бiләл Қалиев үшеуiнен тұратын экипаж бар болатын.
– Сол кездегi бiздiң №8 әскери әуе және минноторпеда полкi Балтық теңiзiнде орналасқан екен. «Бiз қалайда Берлиндi бомбалауымыз керек!» деген Сталиннiң қатал тапсырмасы бойынша есептеулер жүргiзiледi. Берлинге ұшып барып қайтатындай ең жақын жер сол жердегi Саарема аралы деп табылған. Ұшақтың жанармайы сол жерден ұшып шыққанда ғана барып қайтуға жететiнiн есептеген ғой, – дейдi батыр ұшқыштың ағасы Бiләлдiң тағдырын жете зерттеген Мұханбет Қалиев.
Ерлiкпен қаза тапқан ұшқыштарды Қазақстан халқы әлi бiле қоймаған тұста Липецк облысының қызылiзшiлерi мен жергiлiктi тұрғындары тауып, арулап көмген. Аты-жөнi белгiлi, алайда туған- туыстары әлi бiлмейтiн болған соң, оларды бауырластар зиратының жанына өз бетiнше жеке жерледi. Iздеген жұрт тез т абатын болсын деген. Баст арына ескерткiш орнатып, олардың туыстарын iздей бастаған. 1942 жылы осындағы аспандағы айқастың куәгерi болған қыздың бiрi сол кезде 8 жаста екен.
– Бiз 1985 жылы әкемiздiң басына барғанымызда әлгi кiшкентай қыз бала үлкен мұғалiм болыпты. Ол кiсi бiзге көп нәрсе айтты. Әкемiздi алдымен Красноводскiден iздеген екен, ондағы туыстар бiздiң мекен жайымызды берiп, 90-жылдары ғана бiз хабардар болдық, – дейдi Мұханбет Қалиев.
1941 жылдың 8 тамызы – тарихта ерлiк пен батырлықтың үлкен белгiсi болып қалған қастерлi күн. Ол күнi кеңестiк әскердiң ұшақтары тұңғыш рет немiс-фашистерiнiң ордасына айналған Берлиндi бомбалаған. Ондайды күтпеген фашистiк Германия ертеңiне – 9 тамызда радиодан «Берлиндi ағылшын ұшақтары бомбалады» деп хабар таратады. Оны артынша Би-Би-Сидiң радиосы жоққа шығарған. Шындығында, бұл ұшақтар Кеңес Одағының ұшақтары едi. Оның бiреуiнде қазақ жiгiтi Бiләл Қалиев бар болатын. Берлиндi тұңғыш рет бомбалаған ұшқыштардың бәрiне Кеңес Одағының Батыры атағы берiлген. Әне, бiздiң қазақтан кiмдер шықпаған дейсiз!