Орталық Азия – АҚШ саммиті көп тараптың назарын аударды. Себебі, бұл жиын Құрама Штаттардың Қазақстанды қамтыған геосаяси аймаққа жаңа көзқарас орнатқанын дәлелдеді. «Алыстан сыйласып» келген АҚШ қазіргі жағдайда аймақтың геосаяси маңызын терең қарастыра бастады. Оның бірнеше түрлі себебін көрсетуге болады, бірақ ең негізгісі, әрине державалар бәсекесінде жатыр. Сонымен:
- Нью-Йоркте өткен 5+1 саммиті нені аңғартты?
- Құрама Штаттардың аймақтағы мүддесі қандай?
- Үдеріс аймақ елдеріне қалай әсер етуі мүмкін?
Бұл сұрақтар қазір көзіқарақты жұрттың көкейінде тұр. Өйткені, біз осы бір жыл ішінде Ресей, Қытай, ЕО және АҚШ сынды әлемдегі ең негізгі күш орталықтарымен жеке-жеке бас қосып шықтық. Өте қысқа аралықта болған ауқымды жүрістер жоғарыдағы сұрақтарды қайта-қайта ойлануға итермелеп жатқандай.
«АЛЫСТАН СЫЙЛАСУ» СТРАТЕГИЯСЫ
немесе Саммиттің тарихи мәні
Кезекті саммиттің зор тарихи мәні де бар. Бұл Орталық Азия елдерінің басшылары мен АҚШ президенті ортасындағы алғашқы басқосу. Бұған дейінгі Ақ үй қожайындарының ешқайсысы аймақтағы бес ел басшысымен ортақ үстел басына отырған емес. Оның да өзіндік мән-маңызы бар-тын. Құрама Штаттар бұған дейін аймаққа Эдвард Шац айтқандай, «Алыстан сыйласу» (алыстан әсер ететін гегемония) стратегиясын қолданып келді. Былайша айтқанда, Вашингтон осы ғасыр басталғалы назарын Ауғанстанға, одан кейін Орта Шығысқа аударып келді. Бізді қамтыған геосаяси аймақ Вашингтон үшін көбінде Ауғанстандағы стратегиясына жанама рөлдегі өңір ретінде қарастырылды.
Әрине, дүние дөңгелегі басқа арнаға қарай дөңгеледі. Қазір АҚШ-тың Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы, тұтас Орта Шығыстағы стратегиясы өзгерді. Алдыңғы қатарға Үнді-Тынық мұхит аймағы шықты. Онда өзінің негізгі қарсыласы Қытайды жан-жақты тежеу шараларын жүзеге асырып жатыр (бұл туралы да басылымымызда кеңірек сараптамалар беріліп келеді). Ал Вашингтонның Орта Азияға назар аударуының өзі Үнді- Тынық мұхит аймағындағы стратегиясының белгілі деңгейде табысты болғанын көрсетеді. Себебі, америкалық табысты стратегиялық жоспардан кейін Қытай теңіз-мұхиттан ығысып, құрлық жолының, Жаңа Жібек жолының жандануына мүдделі бола түсті. Бұл Еуразия кіндігіндегі біздің аймақтың державалар арасындағы бәсекедегі маңыздылығын арттырды.
Осылайша Нью-Йоркте өткен саммиттен кейін Орталық Азияның гео-стратегиялық маңызының артқаны ресми мойындалды деуге болады. Кемінде, қазіргідей күрделі жаһандық жағдай бізді осындай маңызға ие етіп отыр.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС
АҚШ-тың аймақтағы негізгі қадамы
Басқосуға дейін онда талқыланатын тақырыптар жайында түрлі тараптар уәж келтіріп көрген. Кейбір батыстық басылымдар онда Украина тақырыбы сөз болуы да мүмкін, себебі президент Байден ортаазиялық әріптестерімен жеңіл-желпі мәселелерді талқыламайды деген де гәптерді көтерген. Бірақ шынайы жағдайда аймақтағы барлық елдер үшін тым нәзік тақырыптар көтерілмейтіні анық еді. Аймақ өзіне дәстүрлі ықпал етуші тараптың шымбайына бататын кез келген мәселені сыртқы тараппен талқылауға көбінше жол бермейді. Сондықтан да Ақ үйдің сыртқы саясат пен қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан алдын ала жасаған мәлімдемесінде «Бұл кездесу ешбір елге қарсы бағытталмаған» деген сөзді баса айтып өткен болатын.
Ал кездесуде біз қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және маңызды пайдалы қазбалар туралы сөз болғанын көрдік. Атап өткеніміздей, аймақ үшін аса сезімтал тақырыптар аталмағанымен, АҚШ президентінің аймақтағы елдердің аумақтық тұтастығының маңыздылығына қатысты сөз етуі біршама мәселеге жауап болды.
Анық білетініміз, Вашингтонның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі – терроризмге қарсы күрес. Диалог орнатқан тараптардың кез келгенімен осы мәселені талқыламай өтпейді. Бұл ретте де солай болды, президент Байден Орталық Азиямен терроризмге қарсы күрес, шекара қауіпсіздігі және құқық қорғау салаларында ынтымақтастықты нығайтуға сенім білдірді. Әрі Ақ үй басшысы аталған салаларда Құрама Штаттардың аймақ елдерімен ынтымақтастығының қазірге дейінгі жетістігі ретінде 90 млрд доллар инве стиция салып үлгергенін жеткізді. Бұнысы қарым-қатынасты дамытудың қосалқы бағыты ретінде таңдалып отырғанын көрсетті.
Жиынның негізгі көтерген тақырыбы ретінде экономикалық байланысқа айрықша тоқталуға да тура келеді. Олай дейтініміз, экономикалық байланыс АҚШ пен аймақтың басты бағыты болып қала береді. Аймақ елдері, әсіресе, Қазақстан АҚШ-қа саяси тұрғыдан маңызды болып тұрса да, тараптар ортасында қазіргі кезең үшін экономикалық байланыстар арқылы қарым-қатынасты дамытудан артық жол жоқ. Вашингтон сауданы жетілдіру және жеке секторға инвестиция құю бойынша америкалық компанияларды ынталандыруға ниетті. Жиында бұл жағы тіпті де анық байқалды.
ЕКІ АЛПАУЫТ ЕЛ
немесе жаһандық бәсекенің бір ұшы
Елеусіздеу көрінгенімен, 5+1 саммитінде сөз болған маңызды минералдар тақырыбының астарында бірқатар мәселелер жатыр. Қазір дамыған елдердің жасыл энергия өндіруге әрі осы бағытта тәуелсіздікке баса мән беріп жатқаны белгілі. Ал жасыл энергия технологиялары үшін (күн батареялары секілді) хром, мыс, никель және литий секілді қазба минералдардың мол ресурсы керек. Аймақ елдері, әсіресе, Қазақстан бұл минералдардың мол қорына ие. Дәл жиынмен бір уақытта Қытай өкілі де бағалы минералдар бойынша Қазақстаннан жаңа келісім іздеп келгені жай ғана сәйкестік емес. Қытай маңызды минералдар нарығында жаһандық көшбасшы болып тұрған ел. 26 түрлі бағалы минералдарды экспорттайды, тіпті олардың кейбіріне қол жеткізу үшін Құрама Штаттар қытайлық импортқа тәуелді. Екі алпауыттың бір уақытта ортақ мәселе бойынша аймақ елдерімен сөйлесе бастауы қызып тұрған жаһандық бәсекенің бір ұшы. Бұның өзі аймақ елдері қазірдің өзінде жаһандық державалар бәсекесіндегі түйіннің біріне айналып келеді дегенді білдіреді.
«Аlmaty-akshamy», №113, 23 қыркүйек, 2023 жыл