Рүстем Төлеутаев: 2025 жыл жетістікке, жаңалыққа және табысқа толы жыл болды

Рүстем Төлеутаев: 2025 жыл жетістікке, жаңалыққа және табысқа толы жыл болды Алматы Денсаулық басқармасы

Тағы бір жыл аяқталуға жақын. Жыл соңында өткен кезеңге қорытынды жасап, болашаққа жоспар құру қай салада да дәстүрге айналған. Осы орайда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев институттың атқарған жұмыстары туралы айтып берді.

“Ғылыми қызмет біздің институт үшін басым бағыт болғандықтан, 2025 жылғы негізгі жетістіктеріміздің қатарында тиісті фармацевтикалық практика талаптарына сәйкестік (GPP) мәртебесінің берілуін, сондай-ақ Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның сертификатталуын атап өтуге болады.
Халықаралық үрдістерге сай болу және пациенттерімізге диагностика мен емдеудің ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында білім беру үдерісіне ерекше көңіл бөлінді: дәрігерлер Қазақстанның, Түркияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтіп, заманауи әдістерді меңгерді және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты”, - дейді Р.Төлеутаев.

Білім мен тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды нығайту мақсатында биыл шетелдік жетекші мамандардың қатысуымен 10-нан астам мастер-класс өткізіліп, аритмология және интервенциялық араласулар жасалған. Атап айтқанда: Испания, Австрия, Ресей, Швеция, Қытай, Польша және басқа да жақын және алыс шетелдердің жетекші интервенциялық кардиологтары мен аритмологтарының қатысуымен Farapulse Ablation технологиясын қолдана отырып жасалған бірегей жүрек операциясы, соңғы буындағы инновациялық өздігінен кеңейетін клапанды имплантациялау арқылы орындалған бірқатар TAVI операциялары (Алматы қаласында алғаш рет), дәрілік жабыны бар баллондарды қолданумен күрделі араласулар, жасанды интеллектті пайдалана отырып жаңа буынның тамырішілік ультрадыбыстық зерттеулері, сондай-ақ CRT-P Amvia Sky құрылғысын орнату арқылы жүректің физиологиялық стимуляциясы жүзеге асырылды.

“Біз кардиохирургия саласында жүрекке жасалатын миниинвазивті операциялар мен гибридті технологияларды – аз инвазивті араласулар, жүрек трансплантациясы және сол жақ қарыншаның жасанды құрылғысын (LVAD) имплантациялау оталарын жасауды жалғастырып келеміз. Биыл 5 жүрек трансплантациясы жасалды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызының тапсырмасымен халықаралық стандарттарға сай, асқынулардың алдын алу мен ерте диагностикалауға ерекше көңіл бөлінетін, заманауи жабдықтармен қамтылған Республикалық эндокринология және диабет орталығы ашылды.
Сонымен қатар заманауи эндоскопиялық оқу орталығы құрылды. Мұнда тек Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азия елдерінің де эндоскопист-дәрігерлер де біліктілігін арттыра алады. Гастроинтестиналдық эндоскопия саласындағы ең озық жабдықтармен жарақтандырылуы орталықты неоплазияларды және қолжетімділігі қиын ісіктерді, соның ішінде панкреатобилиарлық аймақтағы түзілістерді диагностикалаудың жаңа деңгейіне шығарды”, - дейді Басқарма төрағасы.

Медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастық денсаулық сақтауды дамытуда, білім мен технология алмасуда маңызды рөл атқарады. Өзбекстанда өткен Қазақстан медицинасы күндері аясында институттың жетекші мамандары – интервенциялық аритмологтар мен кардиологтар, кардиохирургтар, эндокринологтар және эндоскопистер Ферғана, Нүкіс және Ташкент қалаларындағы медициналық орталықтарда мастер-кластар, операциялар, семинарлар мен консультациялар өткізді. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми медициналық орталығымен, Республикалық мамандандырылған кардиология ғылыми-практикалық медициналық орталығымен, эндокринологиялық орталықтармен бірқатар ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Өзбекстандағы миссия Институттың Орталық Азиядағы ұлттық деңгейдегі референстік мекеме ретіндегі позициясын нығайтты.

“Біз пациенттердің денсаулығын жақсарту, еңбекке қабілеттілігін сақтау, ауру асқынуларының алдын алу және оларды қоғамның қалыпты өміріне бейімдеу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Институтта пациенттердің денсаулығын қолдау мен аурудың алдын алу мақсатында тұз шахтасы жұмыс істейді. Кейінгі жылдары институт терапиялық бейіндегі пациенттерге арналған мамандандырылған көмекті белсенді дамытып, енгізіп келеді. Терапиялық бағыттар бойынша мамандандырылған көмектің қолжетімділігін кеңейту мақсатында институтта Ревматология орталығы, Ішектің қабыну аурулары мен қысқа ішек синдромы орталығы, ересек пациенттерге арналған Орфандық патологиялар орталығы, Липидология орталығы, Созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі кабинеті және Республикалық аллергология орталығы жұмыс істейді. Гастроэнтерология, ревматология және эндокринология салаларында озық әдістер енгізілді. Биыл кешенді диагностикаға КТ-денситометрия және висцералды майды КТ арқылы бағалау қосылды”, - деп атап өтті Р.Төлеутаев.

Телемедицинаны енгізу - халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапалы деңгейіне қол жеткізудегі маңызды факторлардың бірі. Жыл бойы клиниканың жетекші мамандары телемедицина арқылы еліміздің барлық өңіріндегі медицина қызметкерлеріне, ауыр жағдайдағы пациенттерге, оның ішінде жүкті әйелдерге қашықтан консультациялар берді. Пәнаралық бейіндегі жетекші сарапшылардың кеңестері өңірлердегі әріптестерге ауыр науқастарды өміріне қауіп төндірмей институтқа жеткізуге, дұрыс диагноз қоюға, емдеу тактикасын анықтауға, барлық деңгейде медициналық көмек көрсету траекториясын белгілеуге, сондай-ақ жүктілікті ұзартуға мүмкіндік берді.
Кәсіби мамандардан құралған команда, тәжірибе, ғылым және технологияны қатар алып жүре отырып, адам үшін ең басты құндылық болып табылатын - өмір мен пациенттердің сапалы өмір сүруі бағытындағы жұмысын алдағы жылы да  жалғастыра беретін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:20

12:58

12:33

12:05

11:58

11:37

11:20

11:19

11:15

11:10

11:10

11:00

10:45

10:35

10:21

10:08

09:55

09:42

09:22

09:05

08:55

18:03

17:59

17:48

17:21