Ата салтымыздағы ең ізгі жөн-жораның бірі – қонақжайлық. Дастарқаны жиылмайтын, ал жалғыз отырса ас батпайтын қазекем қонақ күтуге келгенде қашанда алдына жан салмағаны анық.
«Кісі келсе есікке, Жүгіре шық, кешікпе. Қарсы алмасаң мейманды, Кесір болар несіпке», – деп өзін қойып, ұрпағын да соған тәрбиелеген ата-бабаларымыз үшін қонақжайлық бұлжымас үрдіске, тіпті өмір сүру формасына айналған десек артық емес. Шілдехана, бесік той, тұсау кесу, сүндет тойдан бөлек, қыз ұзату мен келін түсіруге қатысты әдет-ғұрыптық көптеген рәсімдерді айтпағанда, күнделікті тұрмыста ерулік, ерулікке – қарулық, абысын асы, соғымбасы, көңіл шай, ауызашар деп, әйтеуір себеп тауып қонақ шақырғанды жаны сүйетін қазақтан басқа халық, сірә, жоқ шығар.
Жалпы, ескіден жеткен әңгіме бұл дәстүрдің шығу төркінін өзінше таратады. Оған сүйенсек, Алаш бабамыз қартайған кезінде бар дәулетін төртке бөліп, үш бөлігін үш баласына – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүзге берген деседі. Ал өзінде қалған төртінші бөлікті «қонақ сыбағасы болсын» деп, үшеуінің ортақ меншігіне қосыпты. «Мейманның өз ризығы бар» деген түсінік осыдан қалыпты-мыс...
Бір жағынан, қонақжайлық қазақтың дәстүрлі үрдісіне айналуы заңды да. Өмір салтына орай, көшіп-қонып, жол үстінде жүретін адамның шөлдейтіні, қарны ашатыны белгілі. Сол себепті жолаушыны күтуді әр қазақ өзіне міндет санады. Өзі танымаса, білмесе де, шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп, ат басын тіреген бөгде адамды «құдайы қонақ» деп құрметтеп, барын алдына тосып, риза ғып аттандырып, батасын алуға тырысты.
Асыл дінімізді уағыздаушылар: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін» деген хадис барын алға тартады және Пайғамбарымыз «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақ түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді» деп, қонаққа арналған мал сойылып, мүшеленіп бітпей жатып-ақ сол шаңырақтың жақсылыққа кенелетінін ескерткенін айтады. «Үйге бір кісі қонақ болып келсе он ырыздығымен келеді, соның біреуін жейді, тоғызын сол үйге қалдырып кетеді» дейді.
Қонақжайлық туралы шариғатта не айтылғанынан бабаларымыздың хабары болды ма, жоқ па, қайдам, бірақ имандылық табиғатына тумысынан тән дала даналары бұл жағынан алғанда онсыз да ешқашан жолынан жығылмаған, әдетінен танбаған. Қонақ күткеннен дастарханы ортайып, несібесі кеміп қалмайтынын, керісінше ырзық-несібесі артатынын жақсы білген. Бір жағынан, мейман адам да қонақ әдебін сақтаған. Апталап жатып алып ауырлық тудырмау, ұсынылған дәм-тұзға қанағат ету, сұғанақтық танытпау шарт болған.
Мұның бәрі – ежелгі дәстүр, ата салтымыздан тарқатылған сыр. Ал қазақтың бүгінгі қонағы, заманауи қонақжайлығы қандай? Қазір арқаны кеңге салатын кез бе?! Дегенде, күмілжіп қалатынымыз рас...
Қымбатшылық қысып, жұрттың айлығы шайлығына жетпей жатқаны мынау. Бірақ қарасаң – Алматының іші-сырты, маңайы толған мейрамхана. Иелері – көбіне өзге ұлт өкілдері. Ал той жасап жатқан – тек қана қазақ. Жақын-жуығына шағын той істесе бір жөн ғой. Жоқ, қазақ сол баяғыдай алты Алашқа сауын айтып, дүйім жұртты жинап, аста-төк дастарқан жасап, дүбірлетіп тойламаса көңілі көншімейді. Шамасы келсін-келмесін, жұрттан қалғысы келмей, тіпті асып түсуге тырысып, шашылып-төгілетіндерді де көріп жүрміз. Одан қалса, қаладағы қазақтың демалысты қонақ күту үшін күтетіні тағы бар. Басқа жұрт сенбі, жексенбіде тауға шығып, орман аралап, су жағалап тынығуға кетсе, қазақ ол күні үйінде құда күтіп, одан қалса, туған-туыс, дос-жаранын қонақ қып, шабылады да жатады.
Біздің қонақжайлығымыз, көп жағдайда, шектен тыс ысырапшылдық, құр даңғойлық. Отау тігетін жастардың дені оны түсіне бастады. Жуырда бір танысымыздың ұлы үйленерде ата-анасына: «бізге той жасаудың қажеті жоқ, одан да сол ақшаны өзіміз бір кәсіп ашуға жұмсайық», – деп азар да безер болды. Бірақ «ел-жұрттан ұят» деген үлкендер оған көне қойсын ба?!
Рас, «Той – Құдайдың қазынасы» дейміз. Өмірімізді қонақсыз, той-думансыз елестете алмаймыз. Дегенмен, қонақжайлықтың да заманға сай жөн-жорасын, әдебін қалыптастыруға болады ғой. Көрпесіне қарап көсілсе, бүгінімен ғана өмір сүрмей, болашағын да ойласа, одан қазақтың берекесі кетіп, ризығы кеміп қалмас. Елдік тұрғыдан алғанда да, «қонақжайлықтың жөні осы екен» деп бей-берекетсіз шашылып, көрінгенге жем болғаннан көсегеміз көгермегені белгілі. Жалпы, осы қазіргі кезде ата салтымыз, керемет қасиетіміз деп, қонақжайлықты насихаттағанда, дәріптегенде шектен шықпаған да жөн-ау...