Қала әкімдігі жоспардан тыс тексерулер барысында бұзушылықтар анықталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде заңсыз құрылыс салуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Спикердің мәліметінше, қала аумағында 823 объектінің (бюджеттік 240, коммерциялық 583), оның ішінде 155 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс объектілерінде 383 құрылыс компаниясы, 138 техникалық қадағалау ұйымы жұмылдырылған.
“Бақылау функциялары шеңберінде 2023 жылы 740 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, жалпы сомасы 187 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынған 956 бұзушылық анықталды”, - деп хабарлады ол.
Бұзушылықтарды жоюға 779 нұсқама берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін 312-бап бойынша 35,7 млн. теңге сомасына 47 мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды, оның ішінде:
- бюджеттік объектілер бойынша 9 млн. теңге сомасына 14 мердігер ұйым;
- коммерциялық объектілер бойынша 27,6 млн. теңге сомасына 33 мердігер ұйым.
Ағымдағы жылдың басынан бастап соттарға заңсыз салынған объектілерді бұзу туралы 53 талап-арыз жолданды (17 қанағаттандырылды, 36 қарауда). Заңсыз салынған 19 объект бұзылды (оның ішінде 2022 жылғы шешімдер бойынша). Лицензиядан кейінгі бақылау қорытындысы бойынша 20 құрылыс лицензиясының қызметі уақытша тоқтатылды, 247 лицензиясының күші жойылды.
2022 жылдан бастап Басқарма Алматы қаласының таулы аймақтарында заңсыз құрылыстың 52 фактісін анықтады, оның ішінде:
- Бостандық ауданы 21 нысан;
- Медеу ауданы 24 нысан;
- Наурызбай ауданы 7 нысан.
Анықталған 52 объектінің ішінен:
- сотқа 42 талап арыз берілді (16-дан сот шешімі бар. Оның ішінде: бұзуға – 10, нұсқаманы орындауға - 6);
- сотқа 7 талап - арыз дайындалуда-;
- 3-уі бойынша тексеру шаралары жүргізілуде.«Бүгінгі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекциялау шеңберінде объектіге кедергісіз кіру құқығынан айырылғаны және тексерулер ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштер негізінде ғана жүргізілетіні белгілі. Алматы қаласы әкімінің бастамасы бойынша Президенттің қолдауымен тексеру жүргізу тәртібін қайта қарау және салынып жатқан объектілерге бақылауды күшейту жөнінде түзетулер енгізіледі. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілді», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, спикер жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлап отырған Алматы тұрғындарына жүгінді. Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын салынып жатқан ТҮК-нің құжаттарының толық пакетін қала құрылысын бақылау басқармасының жедел желісінің +7 705 89 66 000 WhatsApp нөмірі бойынша тексеру қажет.