Қазақстан дамыған және дамушы елдерден озып кетті

Қазақстан дамыған және дамушы елдерден озып кетті ranking.kz

Ағымдағы жылдың басында әлемдегі ең ірі сақтандыру компанияларының бірі — Allianz 71 елдің зейнетақы жүйесі талданған Жаһандық зейнетақы есебінің жаңа басылымын жариялады. Бұл есепте зейнетақы жүйелерінің рейтингісі көрсетілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Allianz (API) зейнетақы индексі зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығы мен жеткіліктілігін кешенді бағалау үшін жасалған. Ол үш субиндекстен тұрады және 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша бағаланатын 40 параметрді ескереді, мұндағы 1 — ең жақсы нәтижені білдіреді.

Бірінші субиндекс демографиялық өзгерістердің қарқынын, мемлекеттік қарызды және жалпы өмір сүру деңгейін бағалайды. Екінші субиндекс — зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын, ал үшіншісі қартайған шақта зейнетақы жүйесінің өмір сүруге қаншалықты жеткілікті екенін бағалайды.

Мәселен, Қазақстан осы рейтингте 8 сатыға көтеріліп, көптеген дамыған және дамушы елдерден озып, 26-шы орынға шықты. ҚР Индонезия, Сингапур, Австрия, Қытай, Түркия, Испания, Румыния, Венгрия, Катар, Сауд Арабиясы, БАӘ және т.б. елдерден басып озды. Елге 3,5 деген баға берілді, бұл 71 елдің орташа көрсеткішінен жоғары (3,7). Қазақстанға үшінші және екінші субиндекс бойынша үздік бағалар берілді — тиісінше 3,2 және 3,6 балл. Бұл — егде жастағы жандарды тиісті зейнетақымен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты зейнетақы жүйесі бар екенін білдіреді.

Сондай-ақ бұл шолуға Орталық Азия мен ЕАЭО елдерінің ешқайсысы, оның ішінде Ресей де кірген жоқ. Демек, рейтингке ілінудің өзі — зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің ілгері әрі жоғары деңгейде дамып келе жатқанын білдіреді. Қазақстанға берілген бұл баға елдің өркендеп, дамып келе жатқан елдердің қатарына кіретінін айқындайды.

Рейтингтегі алғашқы 10 орынды иеленген елдер: Дания (2,3 ұпай), Нидерланды (2,6), Швеция (2,6), Жапония (2,7), Жаңа Зеландия (2,8), Израиль (3,0), Аустралия (3,2), Ұлыбритания (3,2), Норвегия (3,2) және АҚШ (3,2).

Рейтингтегі ең төменгі орындар Лаос, Малайзия және Шри-Ланка елдерінің зейнетақы жүйелеріне тиесілі (4,6 ұпайдан 5 ұпайға дейін).

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны 2,5 млн адамды құрады.

Қазақстанда 1998 жылы реформаланған көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Бұған дейін елде Кеңес Одағынан қалған ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген таратушы жүйе жұмыс істеді. Алайда посткеңестік кезеңдегі экономикалық қиындықтар мен демографиялық жағдай жүйені реформалауды талап етті. Енді ол таратушы және жинақтау модельдерінің элементтерінен тұрады әрі тұрақты.

Төлемдер зейнетақы жүйесінің үш деңгейінен тұрады және зейнетақы шоттарындағы жеке жинақтарға байланысты:

Бірінші деңгей — мемлекеттік бюджет есебінен жасалатын төлемдер (ортақ және базалық төлемдер).

Екінші деңгей — (БЖЗҚ есебінен жасалатын төлемдер): міндетті жинақтаушы жүйе, оған қызметкерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) кіреді.

Үшінші деңгей — (БЖЗҚ есебінен жасалатын төлемдер): ерікті жинақтаушы жарналар (ЕЖЖ).

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа құрамдас бөлік — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖБМЗЖ) енгізілді. Жарналар 2024 жылы 1,5%-дан 2028 жылы 5%-ға дейін біртіндеп ұлғаяды және тек 1975 жылы және одан кейін дүниеге келген жұмысшыларға қолданылады.

Айта кетерлігі, соңғы бірнеше онжылдықта әлемнің зейнетақы жүйелері таратушы жүйеден жинақтаушы жүйеге көшіп жатыр. Егер 2000 жылы таратушы жүйе 65%-дан астам болса, қазір ол 50%-дан аз. Яғни, жинақтаушы құрамдас бөлік әлемде өз үлесін жылдан жылға сенімді түрде арттырып келеді. Бұл орайда Қазақстан үлкен қадамдар жасап, ТМД елдері арасында бірінші болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті.

Allianz сарапшылары демографиялық тенденцияларды ескере отырып, жинақтаушы құрамдас бөліктің артықшылығы мен маңызын атап өтті. Мәселен, есепте халықтың қартаю мәселесіне ерекше назар аударылады және БҰҰ-ның соңғы болжамдарына сәйкес, алдағы 25 жылда 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны 2 есеге жуық өседі — бүгінгі таңдағы 857 миллионнан 2050 жылы 1 578 миллионға дейін. Бала туу деңгейінің төмендеуі еңбекке қабілетті жастағы халықтың өсуін баяулатады және ғасырдың ортасына қарай 15 пен 64 жас аралығындағы әрбір 100 адамға 65 жастан асқан 26 адам келеді, ал қазіргі уақытта олардың саны 16 адамды құрайды. Осыған байланысты сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік зейнетақы жүйесін жинақтаушы бөлшекпен толықтыру — демографиялық өзгерістердің зейнетақы жүйесіне әсерін жұмсартудың бір жолы болып табылады.

Есепте мынадай қорытынды келтірілді: «Мінсіз» зейнетақы жүйесі — мемлекеттік зейнетақы жүйесі (pay-as-you-go) мен жинақтаушы зейнетақы жүйесі арасындағы дұрыс теңгерім. Осы екі құрамдас бөлікті үйлестіріп отырған елдер демографиялық өзгерістерге және ұзақ мерзімге зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін қамтамасыз етуге жақсы дайындалған. Алайда тиімді жұмыс істейтін еңбек нарығы кез келген зейнетақы реформасын табысты іске асыру үшін қажетті шарт болып табылады. Бұл дамушы нарықтарда ресми жұмыспен қамту үлесінің ұлғаюын және өндірісі дамыған елдерде қартайған жұмыс күшінің қажеттіліктеріне бейімделуді білдіреді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

22:05

21:50

17:54

17:42

17:25

17:12

16:50

16:15

16:07

15:44

15:31

15:19

15:12

15:09

15:08

14:52

14:30

13:29

13:14

12:56

12:37

11:54

11:14

11:05

10:55