Жуырда қайтыс болған үлкен кісінің үйіне көңіл айтып бардық. Қыс мезгілі. Жылап-сықтаған жандар. Көңіл айтып келушілер үздіксіз кіріп-шығуда. Әр адаммен бірге сырттан құшақ-құшақ суық аяз да кіріп жатыр. Едендегі төсеніштің бәрі жинап алынған. Сырттың аяқ киімімен тапталып қалмасын дегені. Өлім болған үйдегі қалыпты ахуал.
Көз жұмған кісінің сүйегі төргі бөлмеге қойылған екен. Есігі жабық, әрине. Кешкі қонақасыға дастархан мәзірі жасалып жатқаны байқалады. Әйел заты болғасын жан-жағыңа қарайсың дегендей, бір-екі келіншек үлкен табаққа екі қолды молынан салып жіберіп салат араластырып тұр екен. Әңгімелері де қолайсыздау, жеке шаруаларын қаузап тұр, арасында күліп қояды. Бұл көрініс көңіліме көлеңке түсірді. «Тамақ арсыз, күлкі арсыз» деген сол-ау. Жабырқап қалдым. «Үлкен кісі ғой, арты той болсын!» деген күнде де, марқұмның жамбасы әлі жерге тиіп үлгермеген үйде салат жасалып жатқаны қалай десек те ақтап алуға келмейтін жағдай.
Жалпы, бұған дейін де «Кісі қайтыс болған үй Құран оқытқанда дастархан үстінде шыны (кесе) қоятын орын таппайсың. Үйіп-төгіп жеміс-жидек те, салат та жасап қояды. Бұл дұрыс емес» немесе «Әркім өзі біледі, не қойғысы келсе де!» деген сынды пікірлерді естіп жүрміз ғой. Бәлкім, бізге ас беру мәдениетін енгізу керек шығар деген ой да келді осы сәт.
Осы тақырыпта дін өкілдерінің ой-пікірін білмекке Алматы Орталық мешітін бетке алдық. Бізді қарсы алған мешіттің баспасөз өкілі «өзекті мәселе, дәл қазір көтеріле бастаған тақырыпты айтып тұрсыз» деді. Сөйтіп бізді Алматы қаласы Орталық мешітінің жанына ашылған «Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Талғат Дайрабайұлымен жүздестірді
Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Алматы қаласы Орталық мешітінде осы «Qamqor-sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының өкілдігі ашылыпты. Бұл орталық бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отырған жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр, әдептерді жүйелеу бағытында жұмыс істейді екен. Демек, біз көкейдегі сауалдарымызға нақты жауапты аламыз деп қуандық. Ендігі сөз тізгінін сол кісіге берейік.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
– Бисмилла рахман-рахим, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауаттар болсын! Мынау қасиетті Құран кәрімде Алла тағала айтады, сіздің туысқаныңыздан, жақыныңыздан біреу жан тапсырса, яғни раббысына қайтса, онда сізге төрт нәрсе міндет болады. Біріншісі – жуындыру. Екіншісі – кебіндеу. Үшіншісі – марқұмның бұл жалған дүниеде біліп те, білмей де істеген күнәлері болса кешірім сұрап, жаназа намазын оқу. Төртіншісі – жер қойнауына тапсыру. Осы төрт нәрсені орындасаңыздар, сіздер Алланың және марқұм болған кісінің алдындағы өз міндеттеріңізді орындағандарыңыз дейді. Ал сіз айтып отырған ас беру ол адамдардың өзінің шама-шарқына, мүмкіндігіне қарай жасалады, шариғатта ол міндеттелмейді. Шариғат дегеніміз – ол Құран мен хадис.
ҚҰРАН БАҒЫШТАҢЫЗ
– Бірде Пайғамбарымыз саллаллаху ғалейхи уассаламға бір адам келді. «Иә, Расул алла, бір кісі маған көп жақсылық жасады. Сол жақсылықтарын өскенде қайтарам деген ой болды. Күндердің күнінде мен де өсіп, өз қолым өз аузыма жеткен кезде әлгі жақсы адамым о дүниелік болып кетті. Мен енді оған не істей аламын?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаху алейхиуассалам үн-түнсіз қалды. Үнсіз қалғаны – ол өздігінен сөйлемейтін еді, Алладан хабар күтті. Пайғамбарымыз біраздан кейін тіл қатты. «Сен оған Құран оқытып жақсылық жасай аласың, оның азығы да, тамағы да – Құран» деді. Демек, үйге бір имамды шақырып, мүмкіндігіне қарай бір тоқтысын сойып, сонымен Құран бағыштаса болды емес пе? Ең маңыздысы – Құран хатым оқыту.
ЖЫЛҚЫ СОЮ КЕРЕК...
– Біздің қазақта «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Аста-төк дастархан жаюға біреудің жағдайы келсе, екіншілері бір айлықтан екінші айлыққа әрең жетіп жүрген болуы мүмкін. Бірақ қиналып тұрса да жылқы сояды. Қазір жылқының өзі кемі бес жүз, алты жүз мың теңге тұрады. Иә, одан кейін дастарқаны бар, басқасы бар. Оның барлығы шындап келгенде ысырапшылдыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан әр нәрсені өзіндік нормалармен атқарған дұрыс.
Иә, мысалы, адамы қайтыс болып жатқан үйге барсаңыз, кейде бала-шағасын таппай қаласыз. Бірі жылқыға кеткен, екіншісі «Алтын ордаға» азық-түлік әкелуге кеткен болып шығады. Демек, бәрі той өткізетіндей шапқылап жүр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш күнге дейін қаза болған үйден тамақ жемеуді бұйырған. Қазақ сол дәстүрді ұстап, ертеректе алыстан келген сапаршыларға ғана, оның өзінде көршілері ас-суын ұсынған.
Ал қазір туысынан айырылып жатқан адам біреуден қарыз алса да дастархан жасаумен әуреленіп кетеді. Сол алған қарызын өтеу үшін қанша мехнат шегетінін ескермейді. Бұл, әрине, үлкен қателік.
ҚОНАҚАСЫ
– Бірақ біз ешкімге дастархан жайма деп тағы айта алмаймыз. Себебі, мәйіттің иелері өзі біледі. Дегенмен, қазір бүкіл республика бойынша ас беру мәдениетін қалыптастыру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Жүрген жерімізде ысырапшылдыққа жол бермеуді насихаттаймыз. Біраз өңірде, әсіресе, ауыл, аудандарда жергілікті ақсақалдар кеңесінің, имамдардың шешімімен астың дастарқанына қойылатын тағамдар тізімі бекітілген.
Айтпақшы, біз қазір Алматыда мейрамханаларға дүркіретіп тұрып жүз, екі жүз адамға қонақасы беруді тоқтаттық. Енді қоғам болғасын, бірлі-жарым адамдар кездесіп қалады. Болашақта олар да көпшілікпен ниет біріктіреді деп сенемін.
Алдағы уақытта асты тойханаларда емес, мешіттер жанынан ашылған асханаларда берілетін жағдайға жететін боламыз. Құранның мешітте оқылғаны абзал ғой. Иншалла, оған да жетеміз. Мысалы, еліміздің бірқатар өңірінде, атап айтсам, Алматы, Қызылорда облыстарында мешіт жанынан ас беру дәстүрі қалыптасып келе жатыр. Негізгі мақсатымыз, тағы да қайталап айтайын, ысырапшылдыққа жол бермеу.
ДАНДАЙСУҒА БОЛМАЙДЫ
– Иә, ауылды жерлерде ас беру мәдениетіне мән берілуде. Себебі, ауыл деген жақсы ғой, аузы дуалы, бетке ұстар ақсақалдары, бетке тұтар имамы бар дегендей, халық оларды тыңдайды, сөзге тоқтайды. Ал біздің Алматы алып мегаполис болған соң, бақылау жасау, ысырапшылдыққа жол бермеу керек деген жақсы ниетімізді көпшілікке түсіндіру, жеткізу қиындау тиіп тұр әзірге. Себебі, барлық кафе, мейрамханалардың ойы мол табыс, ақша табу ғана. Оларға дастарханға неғұрлым мол тағам қойылса, табыс та соншалықты көп түседі. Айналып келгенде ысырапшылдыққа жол беріліп жатыр. Ал ысырапшылдық – Алла тағала сүймейтін іс. Ысырапшылдық – тірнектеп тапқан дүниені аяусыз шашып, бардың бағасын білдірмейтін мінез кеселі. Демек, орынсыз жұмсалған барлық нәрсені ысырап ретінде бағалауға болады. Ал Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киіңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайысуға жол бермеңдер».
ҚҰРМЕТ
– Әрине, өзіміз мұсылман болғандықтан дәстүрімізді жоғалтпай, марқұмның қырқын, жылын беруді біз қолдаймыз, берген дұрыс. Бірақ ысырапшылдыққа жол бермеген абзал. Мысалы, бір кісі айтады, «әкеме көзі тірісінде ештеңе жасап бере алмап едім, тым болмаса асы дұрыс өтсін» деп жеміс-жидектің де түр-түрін қояды. Бұл – ысырапшылдық әрі өзі үшін мақтангершілік. Яғни өзін көрсеткісі келіп тұр. Құрметті әке-шешемізге көзі тірісінде көрсеткеніміз абзал.
Ал енді жылдық асын қалай өткізсе де, әркім көрпесіне қарай көсіліп бере берсін, қарсы емеспіз. Той қылып, ат шаптырып, көкпар тартқызып өткізе ме, өз еркі. Оның барлығы біздің дәстүрімізде бұрыннан бар.
«ТОЙ ДАСТАРХАНЫ ЕМЕС...»
Әлеуметтік желі оқырмандарының да пікірінбілмекке парақшамызға сауал қалдырған едік. Біз алған жауаптар төмендегідей.
Айнакез Ақмолданова:
– Біздің ауылдың молдасы халыққа «Асқа салат, жеміс-жидек, тәттілер мүлде қойылмайды, дастарханға тек алыстан жол жүріп келгендер ғанакіреді. Ауылдың адамдары үйлеріне қайта береді. Тыңдамасаңыздар, жаназа оқымаймын» деді. Ақыры айтқанын жасатты. Ауылдың бір келіні өзітуып-өскен ауылындағы тәртіптің осындай екенін, «есесіне шығын аз» деп әңгімесін айтып отырса, бір сыныптасы айтады дейді: «Онда сендергебарып өлу керек екен, ә?» – деп. Әзілі болса да, ащы шындық!
Заида Орақова:
– Қазір көп жерде шектелді, бұрынғыдай емес, аз-маз ғана ас мәзірі қойылады.
Зәуре Зақанқызы:
– Тойдағыдай бес-алты сағат отырып, билеп келіп, қайта ішіп-жейтін жер емес. «Артылса, пакеткесалып әкетеді, сарқыт қылып, жұғысты болсын»дейтін де жөні жоқ. Сондықтан өлімде қайыстырыпүстел жасау дұрыс емес. Көңіл айтуға, тие берсіндеп ауыз тиюге ғана келеді ғой жұрт. Сондықтандастарханға шелпек, бауырсақ, ал шәйға тәтті, бөтелкедегі су ғана қойылып, табақты ет турап қанатарту керек. Өкінішке орай, мұны жатқа емес, жақыныма да ұқтыра, істете алмай келемін. Бәрініңайтатыны – «ел күледі». Өлімде дастарханғакүлетін қай қасиетсіз қазақ екенін?!
Сейфолла Шайынғазы:
– Қайтқан кісі асының той емес екенін түсінукерек. Оны түсінсеңіз, жаназада қуанудың керекемес екенін түсінуіңіз керек. Оны түсінсеңіз, қазағаберілген аста жалмаңдап неше түрлі тамақ жеудіңжараспайтынын түсінуіңіз керек. Той дастарханы мен қайтқан адамға жайылған дастархан бірдейболмауға тиіс.
Қасиет Тобықты:
– Шынымды айтайын, мен, мәселен, анамқайтқанда дастарханға бәрін салдым. Өміріміздетүрлі жағдайлар, оқиғалар болды, сондықтан көзітірісінде жарқыратып бір той жасап бере алмадық, тым болмаса соңғы сапарына той сияқты жасапшығарып салғымыз келді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әркім жағдайына қарасын.
Ақайша Аманова:
– Қазалы үйден тамақ дәмететіндер көбейіп кетті, аш адам құсап. Біреу қайғырып отырса, үй жап-жақын бола тұрып сол үйден шәйін ішіп, оданқалды үйге алып кетем дейтіндер де бар. Ұят-ай!
Қазына Молдабек:
– Жағдайы бар адам туысын жақсы жөнелткісікеледі. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Бірақ жағдайы жоқ адам оған қарап, «мен қалып қоймадым ба» деген оймен ол да тыраштанып жақсы дастархан жасауға ұмтылып, қиналып қалмай ма? Мәселе сонда. Сондай-ақ, мақтангершілікке жол бермеу керек. Кейде таныстарымыздың арасында «пәленшенің қонақасын немесе қырық күндік асын пәлен деген дәу мейрамханада берді, балалары мықты екен!» деп жатады. Бұл жерде, меніңше, өлген кісіні емес, балаларының аты аталып тұр. Демек, елден ұят болмасын деп өзімізді көрсетіп қалғымыз келіп жатқан сияқты ма, қалай?!
Жанат Райымбекова:
– Ия, дұрыс айтасыз. Тіпті, қарт кісі емес, қыршынжас өліп, жақындары қан жұтып отырғанда да, тойдың дастарханында отырғандай, ішіп-жеп, саңқ-саңқ күліп әңгіме айтатындар да бар, көріп жүрміз. Баяғыда өлген үйде қазан көтермеген ғой қазақ. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Біреудің жағдайы келсе, енді біреу зорға күнін көріп отыр, оған өлік шығып жатқан үйдің дастарханын жаудай талап жатқандарды қосыңыз.
Гүлжанат Ихсанова:
– Біздің ауылда (Шығыс Қазақстан облысы) шектеу бар. Арнайы бекітілген тағамды ғана қоямыз. Жеміс, салаттар салынбайды дастарханға. Ел-жұртсол талапқа ұйыған.
Алматы қаласы Орталық мешіті «Qamqor-sharapat»
салттық қызмет көрсету орталығының
директоры Талғат Дайрабайұлы