Қазақ кітабы: жаңа авторлар, жаңа формат, жаңа дәуір

Қазақ кітабы: жаңа авторлар, жаңа формат, жаңа дәуір Алматы қаласы әкімдігі

Ұлттық кітап күніне орай, А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада «Кітап – рухани байлық бастауы» атты «Дөңгелек үстел» отырысы өтті. Алқалы жиында қазақ кітабының бүгінгі жай-күйі, кітап оқудың пайдасы, электронды кітап пен қағаз кітаптың бүгінгі таңдағы ара салмағы, өзара ерекшеліктері талқыланды.

Журналист Мұрат Мұқаш жүргізген бұл шараға ҚР Ұлттық кітап палатасы библиография бөлімінің басшысы Жібек Жапсарбайқызы, белгілі ақын, баспагер Ақберен Елгезек, жазушы, маркетолог Мирас Кесебаев, аудармашы Баян Хасанова, «Білгім келеді» клубының мүшелері Самараддин Керімбай, Иманғали Нүптеке, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының жетекшісі Аян Темірбекұлы, сондай-ақ кітап оқуды насихаттап жүрген Назым Сапар, Әсем Ахмат сияқты жастармен қатар, №147 мектеп-гимназия оқушылары қатысты.

Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, жалпы, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар жаппай кітап оқитын ұлтқа айналудың артықшылығы сөз болған жиынның түйінді тұстарын қатысушылардың ой-пікірімен сабақтауды жөн көрдік.

 

Жібек ЖАПСАРБАЙҚЫЗЫ, ҚР Ұлттық кітап палатасы библиография бөлімінің басшысы:

 Әдебиетті қолдау – мәдениетті қолдау

Қазақ кітабының бүгінгі жай-күйі еліміздің мәдениеті мен тілінің дамуы үшін маңызды. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде көптеген өзгерістер орын алуда. Елімізде кітап шығару саласы дамып келеді. Жаңа авторлар мен шығармалар пайда болып, баспалар қазақ тіліндегі әдебиетті насихаттауда белсенділік танытуда. Сонымен қатар, классикалық әдебиетті қайта жариялау жұмыстары да жүргізілуде. Цифрландыру үрдісі кітаптардың электронды форматта шығуына ықпал етуде. Бұл әсіресе жастар арасында кітап оқуды қолдау үшін тиімді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті пәндері бойынша жаңа бағдарламалар енгізілуде. Бұл студенттер мен оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыра түскені анық.

Тағы бір құптарлық жайт, елімізде әдеби байқаулар мен фестивальдер өткізу арқылы талантты авторларды қолдау және әдебиетті насихаттау шаралары жүзеге асырылуда. Осы орайда, ҚР Ұлттық кітап палатасының «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау деп айтуға болады. Сыйлық 6 номинация бойынша беріледі және оған қазақстандық авторлардың барлығы қатыса алады. Ал «Үздік кітап дизайны» аталымына елімізде тіркелген баспа мекемелері соңғы 3 жыл көлемінде жарық көрген кітаптарын ұсына алады.

Жақында Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен жас қаламгерлер үшін «Ерлік пен еңбек дастаны» атты жаңа байқау жарияланды. Бұл кәсіби шеберлігімен қажырлы қызмет етіп, еліміздің әл-ауқатын көтеруге, дамытуға үлес қосып жүрген жандарды ұлықтауға мүмкіндік береді. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылған бұл шара кеншілер, фермерлер, құрылысшылар сияқты басқа да түрлі мамандық иелерінің еселі еңбегіне құрмет білдіру мақсатын көздейтіні мәлім.

Жалпы, кітап оқу арқылы ұлттың рухани құндылықтары сақталып, жаңғырып отырады. Білімді, мәдениетті қоғамда адамдар арасындағы түсіністік пен ынтымақтастық артады. Жаппай кітап оқитын ұлт жан-жақты дамыған, тұрақты қоғам болып қалыптасады.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, «Абай» баспасының директоры, ақын:

Кітап – адам санасын кеңейтетін ең қуатты құрал

Қалай болғанда да, біз қазіргі заманға бейімделуіміз керек. Өйткені көз алдымызда өзгеріп жатқан шынайы әлемге ілесу – енді таңдау емес, қажеттілік.

Бұрын бір жаңалықтың, бір идеяның бізге жетуіне ондаған жыл кететін. Мысалы, 1960 жылдары Америкада жарық көрген бір кітап алдымен орыс тіліне аударылатын. Содан кейін ол кеңестік ортада таралып, танымал бола бастайтын. Одан кейін барып, бір университеттің студенті немесе әскерден келген біреу ол туралы айтып, «осындай кітап бар екен» деп қазақстандық ортада сөз ете бастайтын. Сөйтіп жүріп ол кітап бізге жеткенше кем дегенде 50-60 жыл өтетін. Қазір бұл уақыт қысқарды. Бірақ дегенмен де, біз әлі де бір трендті, бір заманауи идеяны 10 жыл кешігіп қабылдап жатырмыз. Әлемде қандай да бір жаңа тенденция пайда болса – ол мейлі жасанды интеллект болсын, мейлі, философиялық тұжырымдар болсын, біз оны толық түсініп, талдап, қажетімізге жаратамыз дегенше, ол өзектілігін жоғалтып, басқа бір жаңалықпен ауысып үлгереді. Сөйтіп біз тағы артта қалып қоямыз.

Егер заман ағымына бейімделмесек, дамыған елдермен арадағы алшақтық күн сайын ұлғая береді. Ал бейімделудің жолы – тек сыртқы технологияны меңгеру емес, ең алдымен ойлау жүйемізді жаңарту. Сол үшін білім, классикалық әдебиет, бәрі де маңызды. Себебі ішкі рухани дайындықсыз ешқандай жаңалықты қабылдай алмаймыз.

Эйнштейннің бір сөзі бар екен: «Адамның санасы бір кеңейсе, ол қайта орнына келмейді» деген. Ал кітап – адам санасын кеңейтетін, жан дүниесін тереңдететін ең қуатты құрал. Көп жағдайда біз кітаптың әсерін бірден сезбей қалуымыз мүмкін. Алайда, адам бір шығарманы оқып шыққаннан кейін-ақ ішкі әлемінде көрінбейтін өзгерістер басталады. Шын мәнінде, оқылған әрбір кітап – нейрондарды байланыстырып, ми жасушаларының жұмысын өзгертетін мықты қозғаушы күш. Жаңа түсініктер пайда болып, ойлау қабілеті өзгереді. Адамның рухани табиғаты, көзқарасы жаңарып, ол мүлде басқа болмысқа айнала бастайды. Сол үшін іздену, оқу, ойлану – тоқтаусыз жүретін өмірлік үдеріс болуы керек.

Кітап оқу – жай хобби емес, бұл – өзіңді сақтаудың, дамытудың, тереңдетудің, тазарудың жолы. Өз басым 5-6 кітапты қатарынан, бір мезгілде оқуға тырысамын. Себебі бұған дейін өмірімде бос кеткен, зая кеткен уақыттар көп болды. Сол жоғалған уақыттың орнын толтыру үшін қазір кітаппен өмір сүруге тырысамын. Қазір кешке жатарда бір кітап, таңертең оянғанда тағы бір кітап оқимын. Бір жылдың өзінде бірнеше кітапты сіңіруге тырысамын. Өйткені кітапсыз өмір сүру – ойсыз өмір сүрумен тең.

Бүгінгі жастардың білім деңгейі мен таным көкжиегі жоғары. Егер өз-өзімді дамытпасам, 5 жылдан кейін солардың жанында өзімді жарамсыз сезінуім мүмкін. Жастар жаңа дәуірдің тілімен сөйлейді, олардың сөз саптауы, таным көкжиегі басқа. Бірақ соған қарамастан, классика, рухани мазмұн, ішкі тереңдік ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Екі дүние – жаңа мен ескі, технология мен руханият – қатар жүруге тиіс. Сол ғана бізді толыққанды тұлғаға айналдырады.

Кейде қарапайым әңгімеден үлкен ой туады. Жақында бір танысым: «Бүкіл әлем электронды кітапқа көшіп жатыр», – деді. Иә, бұл ешкімге жаңалық емес. Көптеген елдер, әсіресе дамыған мемлекеттер электронды кітаптарды әлдеқашан негізгі құрал ретінде қабылдап қойды. Бізде бұл үрдіс әлі де жүйесін таппай келеді. Алайда сол танысымның әңгімесіндегі: «Егер әлем толықтай электронды кітапқа өтсе, біз ормандарды сақтап қаламыз» деген ой маған маған қатты әсер етті. Бұл – терең ой. Ойлаңызшы, жыл сайын миллиондаған кітап басып шығарамыз. Оның ішінде құнсызы қаншама?! Көбі – макулатура, ешкім оқымайтын, шаң басып, сөреде тұратын кітаптар. Ал орман ше? Әрбір парақ үшін бір бұта, бір ағаш кесіліп жатыр. «Табиғатты сақтайық!» деп ұрандатып жүріп, оны өзіміз жойып жатқан жоқпыз ба? Жапырақ үзіліп кетсе, жүрегім ауырады. Ал миллиондаған ағаш кесіліп жатса ше? Бұл – жай ғана өндіріс емес, табиғатқа қиянат.

Сондықтан менің ойымша, біз қоғам болып бір тізім жасап, қандай кітаптарды қағаз күйінде қалдыру қажет екенін белгілеп, қалғандарын электронды форматқа көшіруіміз керек. Рас, электронды кітаптың өзіндік қиындығы бар. Оқығаның тез ұмытылады. Алайда, студенттер мен ізденушілердің арасында мұның да тиімді әдісін тауып жатқандар бар. Құрылғыларға көшіріп алып, қайталап оқып, маңызды тұстарын белгілеп отыру – қазіргі оқырманның жаңа әдеті. Жаңа уақыт, жаңа амалдар.

Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан біз де соған бейімделуге тиіспіз. Бірақ қай форматта оқысақ та, ең бастысы, оқу, даму, тереңдеу керек.

 

Баян ХАСАНОВА, «Alqa publishing» баспасының бас редакторы:

Заманауи әдебиет – классикаға апарар алғашқы баспалдақ

Жас оқырманға әуелі өз заманының әдебиетін ұсынған жөн

Жақында бір ғылыми мақала оқыған едім. Маған онда жүргізілген сауалнама ерекше ой салды. Қазіргі жастардан: «Қандай кітаптарды ұнатасыңдар?» деп сұрағанда, көпшілігі бұрынғы классикалық әдебиетке қызығушылық танытпайтыны белгілі болған. Себебі, жастардың айтуынша, ол шығармалардағы кейіпкерлер – баяғыда өмірден өткен, қазіргі заманмен байланысы жоқ адамдар. Яғни, олардың өмірі бүгінгі жастарға қызықсыз. Бұл, бір жағынан, заңды да. Себебі қазіргі жас оқырман өзіне жақын, өз ортасынан шыққан, замандас кейіпкерлерді іздейді. Олар – бүгінгі күнмен тыныстайтын, қазіргі тілде сөйлейтін образдар.

Мысалы, жастар арасында суперқаһармандар – «Капитан Америка», «Темір адам» секілді кейіпкерлер өте танымал. Неліктен? Себебі олар дәл қазіргі қоғамда «өмір сүріп» жатыр. Олар интернетті пайдаланады, жаңа технологиямен жұмыс істейді, бүгінгі проблемамен бетпе-бет келеді. Сондықтан да көрермен солардың жанынан өзін көреді, солармен бірге «тыныстайды».

Бүгінгі табысты әдеби жобалардың көбі де – заманауи өмірді бейнелейтін шығармалар. Мысалы, Илон Маск, Джефф Безос, Цукерберг сынды миллиардерлер туралы жазылған кітаптар. Өйткені олар – қазіргі жастарға етене таныс, нақты өмірде бар адамдар, осы ғасырдың, осы технология дәуірінің кейіпкерлері. Ал XIX–XX ғасыр басындағы классикалық кейіпкерлер жастарға аңыз сияқты көрінуі мүмкін. Олар үшін бұл – тым алыстағы әлем. Сондықтан жас оқырман ең әуелі өз заманының әдебиетін оқиды, кейін ақырындап өткенге үңіледі. Өз ұлтының тарихын, әдебиетін, тұлғаларын біртіндеп танып, сол арқылы классикаға келеді.

Сол себепті жастарға: «Неге Абай жолын оқымайсың?!» деп ренжу орынсыз. Кітапқа деген сүйіспеншілік бірден келмейді. Ол – қалыптасатын, өз орнымен дамитын құндылық. Жастар алдымен өзіне ұқсайтын кейіпкермен байланыс орнатуы керек. Содан соң барып әдебиеттің тереңіне бойлайды.

Қысқасы, кітапты насихаттау үшін жастарды әуелі өздері сияқты кейіпкерлермен «кездестіру» керек. Оларға таныс орта, таныс мінез, таныс түйткіл арқылы әдебиетке жол ашуға болады. Осындай заманауи кітаптардан кейін, уақыт өте келе, жастар өздері-ақ күрделі, классикалық шығармаларға бет бұрады. Оған дейін кітаппен дос болу керек. Асықпай, қиналмай, қызыға оқи отырып, рухани жетілуге қадам басу қажет. Ал әдебиет – адамды тереңдікке жетелейтін шексіз жол.

 

Иманғали НҮПТЕКЕ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті:

Кітап – жан мен жүректің шынайы азығы

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Жақсы адам болу үшін ең алдымен жақсылық істеуге әдеттену керек», – дейді. Яғни адам жақсылықты қайталап, соны өмірінің бір дағдысына айналдырғанда ғана шын мәнінде ізгілік жолына түседі. Дәл осы секілді, кітап оқу да – әдетке айналуға тиіс қасиет. Шәкәрім тағы бір өлеңінде:  

«Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,  

Кім шыдап отыра алар оны термей?  

Дағды қылсаң дап-дайын істің бәрі,  

Адамзат тұра алмайды әдетке ермей», – дейді. Яғни, ақын ойды, ізденісті, білімге ұмтылысты күнделікті рухани әдетке айналдыру керек екенін айтады. Шынайы оқу – тек ақпарат алу үшін емес, жанды тәрбиелеу үшін жасалатын әрекет.

Бүгінде барлығы кітап оқиды. Бірақ кітапты әркім әртүрлі оқиды. Біреулер жай бет парақтап өтсе, енді біреулер тереңінен ой сүзіп, жүрекпен қабылдайды. Ал шынайы оқу дегеніміз – оқығаныңды талдау, ой елегінен өткізу, оны өміріңе енгізу. Тек көлем үшін оқылған кітап – жатталған сөз ғана. Ол көкіректе тұншыққан күйі ұмытылады. Ал жүрекпен талдап, оймен қорытып оқылған кітап – санада сақталып, рухани сапаға айналады. Жай ғана кітап оқып, оны көкірегіңе сақтап қою жеткіліксіз. Керісінше, сол алған рухани нәрді басқалармен бөлісу, сол арқылы ізгілік дәнін себу – нағыз рухани оқу нәтижесі.

Біз Қазақ ұлттық университетінде студенттермен бірге «Қадам» атты кішігірім клуб құрдық. Бұл жерде кітап оқу – жаттанды процесс емес, талдау, пікірлесу, ортақ түсінікке келу арқылы жүзеге асады. Себебі әр адам – өзінше әлем. Әркім бір кітаптан әртүрлі мағына табады. Ал бірге талдағанда сол мағыналар бірігіп, ортақ ақиқатқа айналады.

Шүкіршілік дегеніміз де – тек алған нығметке рақмет айтып, қол қусырып отыру емес. Шынайы шүкір – сол нығметті қайтадан Жаратушы жолында пайдалану. Мысалы, сіз кітап арқылы ой түйсеңіз, рухани қуат алсаңыз – оны ішіңізде тұншықтырмай, басқалармен бөлісу, адамзат игілігіне жарату – шын шүкірліктің көрінісі. Себебі кітаптан келген ізгілік сіз арқылы өзгеге де баруға тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:47

18:17

18:12

17:49

17:40

17:26

17:13

16:53

16:31

16:17

16:06

15:59

15:56

15:31

15:20

15:10

14:39

14:28

14:13

14:05

12:34

12:30

12:13

11:57

11:36