Қазақ даласындағы ашаршылық тарихы: Қолдан жасалған қасірет

Қазақ даласындағы ашаршылық тарихы: Қолдан жасалған қасірет Сурет: Egemen.kz

Апат айтып келмейді дейді қазақ. Бұл сөз көбіне табиғат апаттарына қатысты айтылады. Алайда ХХ ғасырдың басында қазақ даласын жайлаған аштық апаттарының табиғи себептен емес, қолдан жасалған саясаттың салдары болғаны бүгін анық. Аштық қазақ тарихында үш рет қайталанып, оның әрбірі елді орны толмас қайғыға ұшыратты.

Сурет: ҚР орталық мемлекеттік кино, фото және аудио құжаттар мұрағаты, № 5-3621 сурет
                                  

I ашаршылық (1916–1918 жж.)

                 Себебі:

Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, патшалық Ресейдің қазақтарды майданға қара жұмысқа алу саясаты, ауыр салықтар және азық-түлік тапшылығы.

                 Салдары:

                 1918 жылғы «Наша газета» басылымының мәліметінше, Сыр өңірінде халықтың 30 пайызы аштықтан қырылған.

                 Әлихан Бөкейхан 1914 жылы қазақ саны 6 млн 470 мыңға жеткенін жазады.

                 1916–1918 жылдары кемінде 1,5–2 млн адам көз жұмған.

                 300 мыңнан 1 млн-ға дейін қазақ босып кеткен (Қытай, Ауғанстан, Түркия және оңтүстікке қарай).

 

II ашаршылық (1921–1922 жж.)

                 Себебі:

                 Азамат соғысы мен Кеңес билігінің әлі тұрақталмаған кезеңі.

                 Азық-түлік диктатурасы мен тәркілеу саясаты (1918 жылдан бастап).

                 Мал басының 80 пайызы қырылған жұт.

                 Төрт түліктен айырылған халық азық-түліксіз қалды.

                 Қатар келген жұқпалы аурулар: сүзек, тырысқақ, оба, дінгене.

                 Салдары:

                 С.Мендешевтің 1922 жылғы баяндамасында: 2 832 000 адам аштыққа ұшыраған.

                 Мұхтар Әуезов мәліметі бойынша, 1,7 млн адам қайтыс болған.

 

III ашаршылық (1930–1933 жж.)

                 Себебі:

                 Сталиндік-голощекиндік саясат.

                 Ұжымдастыру, жеке шаруашылықты тәркілеу.

                 Көшпелі өмір салтына нұқсан келтіру, отырықшыландыру науқаны.

                 Малдың жаппай тартып алынуы, еріксіз жерге қондыру.

                 Салдары:

                 Түрлі мәліметтер бойынша:

                 Ресми деректер: 2,4 млн адам қырылған.

                 1937 жылғы санақта: 3,6 млн адамның орнына 2,3 млн адам тіркелген – 1,3 млн кеміген.

                 Санақ жүргізгендер ату жазасына кесілген, құжаттар құпия сақталған, жойылып кеткен.

                 1980 жылдары құжаттар ашылып, зерттеу жүргізіледі. Кеңес одағы кезінде жүргізілген сол жылдардың солақай саясаты жайлы біртіндеп айтыла бастады.

Сурет: Egemen.kz

                 Қазақ зерттеушілерінің мәліметтері:

                 Жұлдызбек Әбілхожин, Манаш Қозыбаев, Мақаш Тәтімов: 1,75 млн адам қырылған, кейін: 3 млн деп нақтылайды.

                 Ханкелді Әбжанов: 4 млн адамның өмірі қиылды дейді.

                 Шетел ғалымдары:

                 Роберт Конквест: 2,3 млн адам.

                 Марта Олкотт: 1,5 млн, оның ішінде 1,3 млн – қазақтар.

                 Сара Кемерон да осы санды қолдайды.

                 Ұлттық құрамы бойынша: Қайтыс болғандардың 80-90%-ы қазақтар болған.

                 Бұл оқиға қазақты өз жерінде 1990 жылдарға дейін аз ұлтқа айналдырды.

Сурет: adebiportal.kz

Жалпы қорытынды және салыстырмалы мәліметтер

                 Тәуелсіздік жылдарында жарияланған мәліметтер:

                 1920–1930 жылдары 4–4,5 млн қазақ ашаршылықтан көз жұмған.

                 Демограф Мақаш Тәтімов:

«Азамат соғысы, аштық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 3,85 млн қазақ қырылды».

                 Смағұл Елубай Тұрар Рысқұловтың дерегін келтіреді:

1918–1919 жылдары 1 млн 214 мың адам аштықтан қаза тапқан.

                 1992 жылғы Парламенттік комиссия:

1931–1933 жылдары 2,3 млн адам аштан өлген.

                 Алаштанушы, көрнекті жазушы, ғалым Бейбіт Қойшыбай:

1917–1933 жылдары аралығында 4,5 млн адам құрбан болған.

                 Ғалым, тарихшы Манаш Қозыбаев:

1931–1933 жылдары 2,1 млн адам, оның 1,75 млн-ы қазақтар.

Кейін бұл санды 4–5 млн деп нақтылайды.

                 Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов:

Кемі 3 млн қазақ қырылды деп мәлімдейді.

 

Сурет: astana-akshamy.kz

Мыңғырған малдан тышқақ лақ та қалмаған кез

Қаз дауысты Қазыбек би айтқандай қазекем ешкімге соқтықпай, мал бағып жатқан халық еді. Мыңдаған жылдар бойы табиғатпен етене байланыста күн кешіп келген қазақтың бар байлығы, бар пұлы – мыңғырған малы еді. Дархан далада жайылып жүрген үйір-үйір жылқы, отар-отар қой көзден әп-сәтте бұлбұлдай ұшты.   

«Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» 1928 жылы 28 тамыздағы қаулы күштеп тәркілеуге ұласып, совет өкіметі ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып алуға көшті.

Бұл советтік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты.

Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында одан бар болғаны 4,5 млн бас қалды.

Жұт жеті ағайынды. Ашаршылықтан көз ашпаған халық басына туған келесі зобалаң - репрессия болды

Өлгені өліп, бұл апаттан қалғандары тірі өлік болып жүрген кезде бас сауғалап, тарыдай шашылған халық басына келген келесі қасірет саяси қуғын-сүргін «жығылған үстіне жұдырық» болды.

Сурет: adyrna.kz

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің басталуы мен салдары

Қазақстандағы алғашқы саяси қуғын-сүргін 1928 жылдан басталды. Бұл оқиға КСРО-ның орталықтандырылған билігінің ұлт республикаларындағы саясатын күшейтуінің нәтижесі болды. Әсіресе, қазақтың ұлттық интеллигенциясына қарсы бағытталған бұл науқан – ұлт рухын, елдің ой-санасын жаншу әрекетінің көрінісі еді.

«Кіші Қазан» – қазақ даласындағы қасіретті бетбұрыс

1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ф.И. Голощекин тағайындалды. Ол республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысып шыққан соң, «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек», – деген теріс қорытындығы келді.

Осылайша, кеңестік жүйе елге күштеп енгізілді. «Кіші Қазан» саясаты ұлтқа апат әкелген қатігез реформалар мен қуғын-сүргіннің бастауы болды. Бұл саясаттың ең алғашқы құрбандары – қазақтың оқыған, көзі ашық зиялылары болды.

Алғашқы репрессия

1928 жылдан бастап Голощекиннің бастамасымен республикада репрессиялық шаралар жүзеге аса бастады. Кеңес билігі ең алдымен санасы ояу, халықтың сүт бетіндегі қаймақтары - ұлтжанды зиялылардан бастады. Олардың қатарына мынандай тұлғалар кірді:
 • Әлихан Бөкейхан
 • Жақып Ақбаев
 • Әлімхан Ермеков
және басқа да елге белгілі, Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер.

1930-жылдардағы жаппай қуғын-сүргін

1930 жылдары Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанда:
 • 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады.
 • 25 мың адам ату жазасына кесілді.

Осы жылдар – қазақ халқы үшін рухани, мәдени, ғылыми және саяси тұлғаларынан айырылған қасіретті кезең болды. Атылғандардың қатарында:
 • ғылым,
 • мәдениет,
 • саясат салаларында қызмет еткен,
 • ұлттық болмыс пен тәуелсіздік үшін күрескен бетке ұстар зиялы қауым өкілдері болды.

1930–1953 жылдар аралығындағы Кеңес ауқымындағы репрессия

Бұл кезең — бүкіл Кеңес Одағындағы халықтар үшін ең ауыр кезеңдердің бірі ретінде тарихта қалды:
 • 1930–1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшырады.
 • Бұл репрессия Кеңес Одағы құрамындағы барлық ұлттардың интеллигенциясына бағытталды.
 • Қазақтардың 40 пайызы осы кезеңде қаза тапты.

Қазақстан аумағындағы лагерьлер және депортацияланған халықтар

Сталиндік режимнің тағы бір қайғылы беті — депортация және лагерьлер жүйесі.

Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударылғандар қатарында кәрістер, поляктар, Еділ бойы немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері бар еді.

Cурет: "Зұлмат.Геноцид в Казахстане" деректі фильмінің кадры 

Олар Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге (мысалы, АЛЖИР, Степлаг, Карлаг және т.б.) қоныстандырылды. Бұл лагерлерде қамауға алынғандардың ішінде жазықсыз жандар көп болды.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін Кеңес империясының ұлттарды басып-жаншу, рухани азаттықты жою, тоталитарлық билікті нығайту жолындағы ең қатыгез әрекеттерінің бірі болды.

Голощекин бастаған «Кіші Қазан» саясаты қазақ даласына ашаршылық пен репрессия әкелді. Ел еңсесін көтеріп үлгермей жатып, зиялыларынан, малынан, еркіндігінен айырылып, мәңгүрттендіру кезеңіне түсті.

Бұл қасіретті тарих – тек өткеннің сабағы емес, тәуелсіздік құнының қандай ауыр болғанының айғағы.

1920–1930, 1937–1938 жылдары 125 мың адам репрессияға ұшыраған, оның 25 мыңы атылған.

Бұл тарихи қасіретті ашық айту — елдің жадын жаңғыртып, өткеннен сабақ алу үшін маңызды. Ашаршылық — табиғи апат емес, қолдан жасалған қырғын. Ол — ұлттың тарихи жарасы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
4
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:55

17:51

17:48

17:20

17:10

16:45

16:19

15:58

15:51

15:40

14:53

14:48

14:27

14:24

14:23

14:03

13:01

12:39

12:36

12:33

12:26

11:45

11:42

11:21

10:55