«ALMATY AQSHAMY» – 35
– Қали Қошқарұлы, сіз, «Алматы ақшамының» тарихында үшінші бас редакторсыз. Сізге дейін басылымға басшылық еткен азаматтар арамызда жоқ. (Арда азаматтардың иманы саламат болсын). Сондықтан «Ақшамның» шежіресін шерту жауапкершілігі сізге жүктеліп отыр. Кезінде өзіңіз он бес жылдан астам уақыт басқарған «Алматы ақшамы» газетінің жарық көргеніне, міне, 35 жыл толу қарсаңында сізбен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіменің әлқиссасын басылымның шежіресінен бастасаңыз.
– Тоталитарлық тәртіптің жіпсіген шағында жылт еткен сәуледей болып «Ақшамның» жарық көруі керемет жаңалық болды. Дегенмен, бұл басылымның жарыққа шығуы оңайға соққан жоқ. Қылышынан қан тамған кеңестік дәуір Алматыдай аймаңдай қалаға қазақ тілінде газет шығаруды қажет қылмады. Сексенінші жылдың орта шенінде жасанды түрдегі қайта құрулар ескі қоғамның іріп-шіріп бара жатқанын аңғартқандай.
Ежелден еркіндік сүйгіш қазақ қоғамы іштен тынып жатқан шақ бұл. Ұлт рухының жоғалмағандығын дүниені дүр сілкінткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі дәлелдеп берді. «Айдаһарды кескілесең де, кесірткедей қауқары бар» демекші, қанды шеңгел қаншама басып-жаншыса да, қазақ рухын өлтіре алмады. Өлгеніміз тірілгендей, арыстарымыздың ақталуына, салтымыздың сақталуына мұзда жанған алаудай қаһарман ұл-қыздарымыздың азатсүйгіштігі дем берді. Жаңалықтың жаршысындай қалалық басылымның жарық көруіне де алдымен осы Желтоқсан жаңғырығы әсер етті деп білемін.
– Ақжарылған ақындар да қоғамның мұңын мұңдап, Алматыда қазақ тіліндегі қалалық газет керектігін тілге тиек еткен деседі...
– 1987 жылдың шамасында, белгілі айтыс ақындары Әселхан Қалыбекова мен Әзімқұл Жанқұлиев арасында болған өнер сайысында сол кездегі астанамыз – Алматыда қазақ тілінде шығатын газеттің жоқтығы өлеңмен өрілді. От ауыз, орақ тілді айтыскерлердің жыр шумақтары қоғамға әжептәуір ой салды, білем. Дегенмен, тоталитарлық қоғамның әлі де тіресіп тұрған шағы. Газеттің жарыққа шығуына қарсылық аз болған жоқ.
Қазақ тілінде газет шығару оңайға соқпады. Компартияға арқа сүйеген өз ішімізден шыққан «жаулар» да жалаңдап шықты. Тіпті, газет атауына қатысты пікір қайшылығы туған шақ. Не дегенмен, кеңестік дәуір кезі, «Ақшам» атауын діни ұғым, ескілікті көксеу деп күпінгендер болды. Бұған сол шақта Ташкенде, Бакуде «ақшам» сөзімен сабақтас қалалық кешкі газеттердің шығатыны алға тартылды. Осының бәрін Өз-ағаң, Өзбекәлі Жәнібеков бастап, қазақтың зиялы қауымы қолдап, газет жарыққа шықты.
Газет алғашқыда бірер жыл «Вечерняя Алма-Ата» газетінің қосымшасы ретінде шықты да, ұзамай өз алдына шаңырақ көтерді. «Алматы ақшамы» «Вечерканың» қосымшасы ретінде шыққан шақта осы газеттің редакторы Максим Сәрсенов болатын. Исламғали Бейсебаев ағамыз редактордың орынбасары лауазымында жүрді. Қосымша болса-дағы газетті алғаш шығарушы жігіттердің еңбегі ересен-тін.
Сағынтып жеткен газетте олар күн-түн демей еңбек етіп, жанкештілікпен басылымды аяғынан тік тұрғызды, таралымын арттыруға күш салды. Жалын жігер журналист қыз-жігіттер «Алматы ақшамының» ел көлемінде таралуына үлес қосып, таралымын арттырды. Кейін газеттің бас редакторлығын Ерғали Сағат ағамыз қолына алды. Бұл кезде басылым аударма сипаттан біржола айырылып, бұрынғыдан гөрі белсенді әрекетке көшіп, оқырман санын көбейте түскен.
– «Ақшамға» келгендегі ұстанған бағытыңыз қандай болды?
– Сол кездегі оппозициялық басылым санатындағы «Жас Алаштан» «Ақшамға» келдім. Бұл – 2005 жылғы 23 ақпан болатын. Оған дейін жастар басылымында бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарғанмын. Алғашында біртүрлі қарағандар болды. Ол кезде «Жас Алаш» таралымы артып, атынан ат үркетін кез-тін. Келе сала, жұмысты жапыра істеп, жандандырып кеттім десем, жалғандық болар. Өзім де бір кезде корректорлықтан, секретариат жұмысынан бастаған адаммын. Бірталай басылымда тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болғаным бар.
– «Жас Алаштың» ұстаханасынан шыққанбыз» деген тәмсілді жиі еске аласыз. Сол басылымда басшылықта да болдыңыз. Өзіңіз де талай шәкіртті баулыдыңыз емес пе?
– Былайғы жұрт бұл газетті «әкімдіктің газеті» десе де, басылымның өз бағыт-бағдарын анықтап алу қажет болды. «Әкімдіктің газеті» деген ұғым бер жағы, қаржыландыруы бар, тапсырмасы болмай тұрмайды. Оның бәрі түсінікті нәрсе. Бірақ осындай газетті де жайнатып, жасандырып, қыңыр емес, қоңыр газет жасауға болатынына да көзім жетті. Ол үшін аянбай еңбек ету керек.
Журналистика – өнер. Бұл мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеру керек. Сол себептен, жаныма жанкешті жұмыс істейтін журналистерді жинадық. Басылымда бұрыннан істейтін қыз-жігіттер де болды. Газеттің интеллектуалды деңгейін қалыптастыру мен үшін маңызды еді. Жұмыста басылымда қалыптасқан дәстүрлі сабақтастыққа мән бердік. Аға буынның бай тәжірибесін пайдаландық. Бұл буын орта буын, жас буынмен қатар жүріп, жұмысын өрбітті.
Жеңіс Шыныбеков, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Өтеш Қырғызбай, Өмірзақ Мұқай, Әшірбек Амангелді, Ермек Зәңгіров, Нұрғали Ораз, Нұржамал Байсақал сынды тәжірибелі аға буынның орта, жас буынға шығармашылық әсері мол болды ғой деп ойлаймын. Оған қоса, сан алуан тақырыпта жазатын қаншама авторларды тарттық. Қаламақы төлеу жағы да біршама реттелгендей болды. Соның арқасында жеткен жетістігіміз де жаман болған жоқ. Оқырман іздеп жүріп оқитын сан түрлі жанрдағы материалдардың молайғаны да осындай дәстүрлі сабақтастықтың, жан-жақты қам-қарекетіміздің нәтижесі.
– Ұмытпасам, 2004 жылы болуы керек, аракідік «Алматының 150 жылдығы» аталып, жымын білдірмей, жиын өткізу болып тұрғаны есте. Сонда деймін-ау...
– Бұл өзі негізінен В.Храпуновтан басталған әңгіме. Алматының тарихын Верный қамалынан бастау бұл кісінің оң жамбасына дөп келгендей. Тіпті, «әй-шәй жоқ» тапсырмасын орындауға бейіл тарихшылардан топ құрғаны мәлім болды. Соған қарағанда, осы шаруаны өзінше тиянақтағысы келген болуы керек. Сол тарихшылардың қорытындысымен Мемлекет басшысына арнайы хат та дайындалған.
Міне, осы тұста еліміздің ҰҒА Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев атойлап шықпағанда, кім біліпті не боларын. Мынадай сорақыға шыдамаған танымал тарихшы Қойгелдиев өз атынан Мемлекет басшысына жеделхат жолдады. Президент Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовке мұның ақ-қарасын анықтауға тапсырады. Содан 150 жылдықты өткізбеуге нүкте қойылды. Қысқасы, бұл жөнінде «Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым» атты мақаламда жан-жақты айтқанмын.
– Осы кезде газеттің маңдайшасындағы «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» ұрансөзін жаздырғаныңыз есімде.
– Басылымға басшылыққа келісімен бұл мәселе мені қатты толғантты. Тарихшы-ғалымдарға, археологтарға ұсыныс жасап, тікелей жұмыс істеуге көштік. Газеттің әр нөмірінде «Мың жасаған шаһар» айдарымен материалдар беріліп отырды. Алматының мыңжылдығына қатысты сан мәрте халықаралық жиын өтті. Нәтижесінде Алматының мыңжылдығы ЮНЕСКО аясында бекітілді. Бүгінде бұл шаруаға титтей болса да үлесіміздің болғанын мақтан көреміз.
– Басылымдағы ел назарын аударар жобаларды тарқата айтсаңыз.
– Басқаны былай қойғанда, «Алматыны басқарғандар» жобасы жөнінде қысқа айтайын. Тілшілерді арнайы рұқсатпен қаладағы мұрағаттарға жіберіп, біржолата бұл жұмысқа ден қойдық. Бұл қала дегеннің өзі қайнаған тіршіліктің ортасы. Қала мәдениеті деген ұғым бар. Тарихын тереңге тартқан бұл шаһар, шыны керек, от пен судың ортасында тұр. Жаратқанның өзі «сақтанғанды сақтайды» дегендей, қауіп-қатерді алдын алмаса болмайды. «Бұл қала ұйықтамайтын қала» деп те жігіттер жазды. Шыны сол, «Алматыны басқарғандар» жәй ғана хронологиялық тізбе емес, мұнда қаланың даму тарихы, шаһарды басқарғандардың портреті бар. Сонау Павел Зенков заманынан бастап қаланы басқарғандарды түгендедік. Бұл кісі – Верныйды аралап жүріп өздігінен «Орысша-қазақша сөздік» жасаған адам. Мұны да мұрағаттан тауып, жарияладық. Әрине, түрлі жобалар жүзеге асты, оқырманнан қолдау тапты. Ол әңгіменің бәрін айтып отырсақ, бір сұхбаттың аясына сыймайды.
– Журналистің от пен оқтың ортасында жүретіні де бар. «Ақшамда» Алматыны басқарған Заманбек Нұрқаділовпен сұхбаттың орны бөлек болды. Тіпті, сұхбат газетке басылуға шақ қалғанда ол кісі кенеттен жұмбақ жағдайда көз жұмды ғой...
– Өкініштісі, ол кісі бұл сұхбатты оқи алмады. Сұхбат атышулы қала мэрі қайтыс болғаннан кейін араға бірнеше апта салып шықты. Газеттің түгел таралымы сатылып кетті. Міне, оқылымды материал деген осы.
– Сіз еркін ойды жақсы көресіз. Еркіндікті шектеу дегенді қалай түсінесіз?
– Әкімшіліктің газеті – «Ақшамға» еркін ойлы басылымнан келгенімді айттым ғой. Еркін ой деген ойыңа келгенді айту емес. Шығармашылық еркіндікті айтып отырмын. «Ақшамда» шығармашылық еркіндігім шектелген жоқ. Газеттің ұстанған позициясынан бөлек, шығармашылыққа да еркіндік бердік. Соның арқасында элиталық, интеллектуалдық деңгей қалыптасты. Бастысы, оқырман тұрақталды. Газетке оқырман жинаудың сан түрлі тәсілі бар. Шыны керк, біз де түрлі тәсілге бардық.
– Мәслихат депутаты ретінде газеттің таралымын арттыруға мүмкіндік тапқан боларсыз?
– Үш рет, 5, 6, 7-шақырылымда Мәслихат депутаты болдым. Алматының Алатау ауданы бойынша. Онда қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдар бар. Басылым оқырманының басым бөлігі де солар ғой.
– Әріптестеріңіз сізді әзіл-шыны аралас «басылымды басқарып жүріп әкімдіктің тілін, оқырманның ойын тапқан» десті. Осыған не деріңіз бар?
– Қандай жетістік болса да, еңбегімізбен жеттік деп білемін. Атақ пен абырой бағасын еңбекпен алады. Әкімдіктің тілін тапты дедің, демек, бұл белгілі бір деңгейде биліктің газетпен санасқанының көрінісі. Бұған бір мысал, Тасмағамбетов пен Есімовтің «Ақшамды» аудан әкімдеріне, құрылым басшыларына үлгі еткен кезі аз емес. Жетістікке жеткеніміз еселі еңбектің, шынайы шығармашылықтың арқасы. Жалғыз ағаш – орман емес, жетістікке ұжыммен бірге жеттік. Әрістестеріме айтар алғысым шексіз.
– «Ақшамның» тұрақты айдарлары жайлы жұрт жиі айтады.
– Кезінде «Тұлғатану», «Алаштың айымдары», «Алматының айымдары», «Өнер-өмір» «Біздің қаланың тұрғындары», «Тазарғың келсе, театрға бар», «Есімде бәрі», «Сағындым, Алматымды» айдарларымен талай материал жарық көрді. «Тазарғың келсе, театрға бар» айдарымен қазақ өнерінің корифейлері Сәбит Оразбаевтың естеліктері, Асанәлі Әшімовтің күнделігі, театр қайраткерлері Есмұхан Обаевпен сұхбат, Әшірбек Сығаевтың өнер тақырыбындағы мақалалары жазылды. Айта кетерлігі, осы жазбалар кейін кітапқа айналды. Өнердің өміршеңдігі осыдан көрінер. Оқырман осы тұлғалардың жазғандарын, айтқандарын іздеп жүріп оқитын. «Тұлғатану» айдарымен шыққан мақалалардың ешбірі елеусіз қалған емес. Ең бастысы, баспасөзді бөспесөзге айналдырмауды ойладық.
– Сіз, газет шығаруды өнер ретінде бағалайтын сияқтысыз?
– Біз барша жетістікке мақсатты түрде жұмыс істеудің нәтижесінде жеттік. Расында, газет шығару – өнер. Ал бас редактор бас режиссер тәрізді. Газетті шығарудың өзі бір спектакль қойғанмен бірдей.
– Өзіңіздің сүйікті «Ақшамыңызға» тілегіңізді білдіре кетсеңіз.
– Мереке құтты болсын! Әріптестеріме «Дендерің сау болып, шығармашылықтарың шарықтай берсін!» дегеннен басқа айтарым жоқ.
Сұхбаттасқан Айнабай МӘДИ.