«Almaty aqshamy» 35 жыл бойы жаңалықтың, жақсылықтың жаршысына айналып келеді
Бағыты байсалды, қазақ медиакеңістігіндегі орны бөлек басылым деген тұжырымды «Almaty aqshamy» газетіне қарата айтуға болар. «Газеттен газеттің не айырмашылығы болушы еді, тәйірі, бәрі негізінен елдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайлар мен қоғам өмірі туралы сөз қозғайды емес пе» дерсіз. Иә, солайы солай ғой, бірақ айтудың да түрі, жазудың да жөні бар.
Бір қарағанда, жәй ғана ресми басылымдардың санатына жатқыза салуға болатын баспасөз түрін несімен айшықтап,несімен ерекшелер едік. Енді соған аз-кем тоқтала кетсек.
Қазақта «қолына қан шеңгелдеп туған бала» туралы айтылатын әфсаналар аз емес. Шыр етіп дүниеге келген кезде көзін ашпай жатып-ақ ел назарына іліккен ондай балалар тегін болмаған. «Almaty aqshamy» газетінің тағдыры да тура сондай.
Бұл әуелі халықтың құрсағында жатты. Қанша күн, қанша ай, тіпті қанша жыл жатқаны бір Құдайға ғана аян. Толғағы да аз болған жоқ. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғына таман Алматыда жергілікті халықтың үлес салмағы біртіндеп арта бастаған болатын. Оның үстіне, қылышынан қан тамып тұратын Кеңес Одағында да сол уақыттарда түрлі оң өзгерістер болып жатты. Жариялылық, қайта құру деген саясаттар Одақта бас қосқан барлық республикаларға да қозғау сала бастағандай болды.
Бұл орайда, әсіресе, біздің Қазақстанымыздың зиялы қауым өкілдері ерекше көш бастады. Ұлтымыздың тарихы мен болашағы жайында батыл ойлар айтылып, жазыла түсті. 80-жылдардың аяғына қарай елдегі саяси жағдайдың бағыт-бағдарында болып жатқан өзгерістер өзінің мол ықпалын тигізді. Ел бостандығы мен ұлттық мүдде жолындағы талпыныс нышандары біртіндеп орталық бұғауын бұзуға жол аша бастаған еді. Не керек, сол кездегі астанамыз – Алматыға қазақ тіліндегі қалалық газет қажет екені үлкен мәселе болып көтеріліп жатты. Осындай қозғалыстардың арқасында «Almaty aqshamy» газеті дүниеге келген болатын. «Ақшам» деген сөздің өзіне сол кезде үрейлене қарағандар да болмай қалмады. Оны дінге қатысты атауға балап, аяқтан шалғысы келді. Бұл мәселеге Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі нүкте қойды. Республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде «Ақшам» деген бет баяғыдан бері бар болатын. Сол тұста ол да тірек болды. Әйтеуір қазақтың әлімсақтан келе жатқан арда сөзін қазақ зиялылары әрең дегенде арашалап қалды.
Газет ең алғаш 1988 жылы 1 шілдеде «Вечерканың» ішіндегі қосымша аудармасы болып жарық көрді. Бюллетень секілді хабарландыру, ресми ақпараттан көз сүрінетін айқара беттер оқырман есінде болар. Газет екі жылдан соң, 1990 жылы 17 ақпанда ғана дербес отау болып бөлініп шықты. Қазіргідей газет пен журнал қаптаған заман емес, ол жылдары қазақша басылымның жарық көруі деген сенсация, дүмпуге айналатын. «Алматы ақшамы» арпалыспен, азаппен жарық көрді. Әлі де Мәскеудің мысы басып, соған қарап қол жайып, бата сұрайтын кез. «Ақшамның» жеке-дара газет болып жарыққа шығуында қоғам мен қауымды дүр сілкінтіп келген айтыс өнері үлкен рөл атқарып кетті. 1989 жылы наурызда өткен айтыста Әселхан мен Әзімбектің сөз сайысына «Алматы ақшамы» арқау болды. Әселхан Қалыбекова:
Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы,
Әйтсе де, басылмайды даулар жағы.
Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой,
Күніге «Вечеркадан» аударманы, – дейді. Сонда Әзімбек Жанқұлиев:
Жеңеше, жібердіңіз оталдырып,
Шын қайны Әселханға атандырып.
Сол «Ақшам» шіркін, жеңеше,
шықса, қайтер,
Бөлініп өз алдына отау құрып, – дейді жұлып алып. Осыдан кейін Сырбай Мәуленов пен Рахманқұл Бердібаев бастаған ынталы топ құрылып, осы мәселеге қайта кіріседі. Міне, «Almaty aqshamy» осындай тартыспен, ұлтжанды азаматтардың табан тіреп, қажырлылық танытуының арқасында дүниеге келген басылым. Оған белгілі журналист, білгір басшы Исламғали Бейсебаев редактор болып тағайындалды. Содан бері үзіліссіз шығып келе жатқан басылымға 1992–2005 жылдар аралығында қарымды қаламгер Ерғали Сағат жетекшілік етті. 2005–2020 жылдар аралығында көрнекті көсемсөзші Қали Сәрсенбай бас редактор болды. «Ақшамның» алғашқы толқынының өкілі, газетіміздің тағдырында өзіндік орны бар талантты журналист, өзі өмірден ерте озса да қайталанбас қолтаңбасымен қазақ поэзиясының антологиясына енген белгілі ақын Қайрат Әлімбек жырлағандай, «Еліміздің бақ-сәнін кіргізіп, талай-талай «ақтаңдақтарды» ашып, өмірге келген, халқына нұрын төккен «Almaty aqshamy» содан бері 35 жыл бойы жаңалықтың, жақсылықтың жаршысына айналып келеді.
2020 жылдан бері газетіміз өзінің бауырлас басылымы «Вечерний Almaty» газеті екеуі жаңадан құрылған «Alatau Aqparat» медиахолдингінің құрамына кірді. Бас директор Төлеміс Күлмұхамедов қос газеттің бағытын уақыт талабына сай жаңа арнаға бұрып, оқырманмен арадағы жанды байланысқа барынша көңіл қойды. 2023 жылғы сәуірде медиахолдингке жас буынның танымал өкілдерінің бірі Ержан Қалымбайұлы бас директор болып келісімен ұжымның жаңа стратегиялық бағдары қалыптасты, дәстүрлі журналистикаға да, заманауи өркениетті журналистика мен креативті көзқарасқа да сұрапыл серпін беретін тың бастамалдар мен ілкімді өзгерістер, қоғамдық сананы селт еткізер үмітке толы үрдістер қолға алынып жатыр. Бұлар – бөлек әңгіме желісі. Келешектің кілті.
Қоғамның сан саласын қамтитын 100-ден астам айдары бар «Almaty aqshamy» газеті бүгінде халық пен биліктің арасындағы шын мәнісіндегі алтын көпірге айналып отыр. Оқырмандармен екі арада да түрлі игі шаралар ұйымдастырып келеді.
«Alatau Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерінің тұрақты оқырмандарына арналған байқау, жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу де қос басылымның дәстүріне айналған. Қала тұрғындары ұтысқа қатысып, бақтарын сынайды.
Иә, газет тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр. Жанашыр оқырман көп болсын дейміз.
Оқырманмен байланыс дегеннен шығады, газетіміздегі «Ақшам» арқылы айтамыз» деген айдарымызды оқырмандардың өздері шығарып тұрады деуге болады. Қалада қандай мәселе бар, үйіңіздің жанында қандай өзгеріс болып жатыр – бәрі осы айдарымыздың жүгі. Қала тіршілігінің жақсылығы да, әттеген-айы да қатар өріліп отыратын бетте көтерілген мәселелерге орай тиісті орындар жауап беріп тұрады. Жанды байланыс, кері байланыс деген нәрселерді осыдан да аңғаруға болады. Жалпы, «Ақшам» кейінгі кезде оқырмандары ой салатын басылымға айналып келеді.
Төрехан
ДАНИЯРОВ