Паншердегі 240 күн

Паншердегі 240 күн Талғат Алпамысовтың жеке архивінен

Бүгін – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Осынау, датаға орай Ауған соғысының ардагері, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері, арнайы қызмет майоры, атақты «қара майор» атақты «қара майор» Борис Керімбаевтың сарбазы Талғат Алпамысовпен арнайы жолығып, сұхбат құрып едік.

-       Аға әңгіменің басын туған жерден бастасақ. 

- 1963 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шилібастау елді мекенінде жарық дүние есігін ашыппын. Шаттығы мол шаңырағымыз алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы болды. Әкем Әлдибай қолына қару алып, Отан қорғау жолында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азамат. 1943-1945 жылдары жастық шағын қан майданда өткерген майдангер. Ал анам Мәрия он баланың анасы ретінде «Батыр ана» атанған асыл жан.

Біздің Шилібастау ауылы теміржолдың бойында орналасқан шағын елдімекен. Әкем де, анам да осы теміржолда қызмет атқарған қарапайым еңбек адамдары. Ол заманда шойын жолдың бойында орналасқан шағын ауылда мектеп қайдан болсын. Сондықтан Алматы қаласындағы Абай атындагы №46 мектеп-интернатта білім алдым.

Еңбек адамының үйінде дүниеге келдім деп бекер айтып отырған жоқпын. Күн-түн демей еңбек еткен адам баланың тәрбиесінде қалыс қалдырмады. Әке – шешеміз балаларының білімді болғанын қалады. Сондықтан біздерді интернатқа жіберерде барынша алаңдамай білім алыңдар деген ақылын айтып отырды. Десек те, бала санасы қзақты болжай қоймайды ғой. Ауылда жалаңаяқ алаңсыз өскен бала ата-ана құшағынан ұзап, қалаға келгенде алаңдаулы болғаны да жасырын емес. 

Ауылда да бауырмал болып өскен біздер мұнда келген соң да бауырмалдықты одан әрі түйсіндік. Бір-бірімізді іздеп, қуанышымыз бен қайғымызды ортаға салдық. Өмір – қызық. Бірде қыл бұрауын босатып, кеңдік болып қалады. Ал енді кейде құрасауын тартып, жаныңа қысым түсіріп қояды. Интернат – осының барлығында жол тауып, өз сүрлеуіңнен сүрініп кетпеуді үйретті.

- Аға, осы интернатты аяқтай салысымен бірден әскерге алындыңыз ба?

- Енді жасымыз жеткен кезде әскерге шақырылдық. Қазіргілерді білмеймін, ол кезде әскерге бару өте үлкен абырой болатын. Сондықтан бәріміз әскерге баруға асығатын едік. Алғаш Қапшағайға түскенде десантшы болатын болдым деген қуаныш кеудемді кернегенін айтып тауысу қиын. Десантшы болу – әрбір ер жігіттің арманы ғой. Күнделікті жанкешті жаттығу, тынымсыз дайындық барысында «не үшін, қайда дайындап жатыр?» деп еш ойламаппыз. Ол кезде бейбіт заман еді ғой. Десантшы болдым деп тақиямды аспанға атып жүрген кездер ғой. Ауған жайлы әңгіме болған жоқ. Ауғанға ауып кетуіміз мүмкін деген ой ешкімнің миына кіріп те шыққан жоқ. Десантшы болғанымызға мәзбіз.

Күніне қырық шақырым жүгіртеді. Саяси сабақтан бастап, түрлі-түрлі арнайы оқу-жаттығулар жүргізіледі. Біз шымыр боламыз деп мәзбіз. Тынымсыз жаттығу.

-        -  Парашютпен де секіртті ме?

- Ең бірінші парашютпен секірген кезім есімнен кетпейді. Бір күні Байсерке аэродромына алып келді де, парашют кигізе бастады. Парашют кидім деген сөз секіру керек деген ұғым. Енді қысылтаяң шақ. Биіктен төмен құлдыйлайсың? Толқисың ғой... Ол кездегі сезімді айтып жеткізу оғай емес.

Алғашқы сезім, бірінші секірген кезде аспанда ұшып келе жатып бір-бірімізге айқайлап, қол бұлғап мәз болдық. Ал жерге табанымыз тигенде талайымыз тоңқалаң астық қой. Қалай аунап түскеніңді білмей қалған соң, қайтадан секіргің келіп тұрады. Вертолеттен, «кукурузник» деп аталатын АН-2 ұшағынан секіру арқылы десанттық өмірдің нағыз шыңына жеткендей болдық.

Жаттығулар мен дайындықтардың негізгі мақсаттары және талаптары сарбаздарды әртүрлі жағдайда ұрыс жүргізу тәсілдері мен әдістерін жетік білуге, бекітілген қарудың ұрыстық қасиеттері мен құрылысын таныстыруға және оны еркін қолдана алуды үйретуге бағытталған болатын. Сонымен қатар оқу бағдарламасынан тыс, соғыс жағдайына жақындатылған, жауынгерлерді тосын, төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ете алу бағытында жаттығулар мен дайындықтар да жүргізілді.

-       -  Ал Ауған баратыңызды қалай естідіңіз?

- Жаттығуды ойдағыдай тапсырып болған соң, Талдықорған қаласының маңайына картоп жинауға алып барды. Бір ай жиын-терімге атсалысып, қарапайым жұмысшыларға қолғабыс тигізіп келген соң, қазан айында әскери парадқа дайындалып жүргенбіз. Бір күні үлкен жиналыс болып, Балқашқа әскери жаттығуға баратынымыз туралы бұйрық оқылды. Бар-жоғы үш сағаттың ішінде апыл-ғұпыл жиналып, бүкіл қару-жарақ, техникамызды вагондарға тиеп, пойызға отырдық.

Сарбаздардың арасында «Ауғанға баратын болдық» деген сыбыстар шыға бастады. Ашып ешкім ештеңе айтпайды, бәрі құпия. Пойыз Шуға келгенде оңға бұрылмай, тік кеткенде бірден алда Ауғанстан екенін ішім сезді. Сарыағашқа жеткенде комбат барлық вагондарды аралап, сарбаздарға: «Балалық өтті, жігіттік жетті. Алдымызда Ауғанстан. Балалықпен қоштасып, есейетін кез келді. Сын сағатта сынып кетпеңдер. Ер, еркек, азамат болыңдар, бізді соғыс күтіп тұр», - деп хабарлады.

Кушкада бір күн түнеген соң Әмудария станциясы арқылы пароммен таңғы бес жарымда Ауған елінің шекара сызығын кесіп өттік. Шекарашылар ұйымдастырған дәліз арқылы Ауған жеріне аяқ бастық.

Біздің жасақ Анхойға келіп табан тіреді. Арада төрт сағат өтпей жатып моджахедтер тағы да тұтқиылдан шабуыл жасады. Нағыз соғыстың дәмін татып үлгермеген біздің жасақты бұл қанды қасаптан дер кезінде көмекке келген Құндыздық барлау батальоны тағы да құтқарып қалды.

Сол атыс, соғыстан алғашқы сабағымызды алдық. Сол жерде алғашқы өлімді көрдік. Бізді қарсы алған Құндыз батальонының жауынгер жігіттері оққа ұшыпты. «Груз-200», мырыш табыт дегеннің не екенін сол күні көзбен көріп, түйсігімізге түйдік. Осыдан кейін бәріміз де Ауғанстанға қыдыруға келмегенімізді түсіндік.

-        - Атақты Паншер шатқалына жол қалай басталды?

- Негізінен тоғыз жылдан аса уақытқа созылған бұл соғыста Паншер шатқалы басты назарда болды. Бір шеті Пәкістанмен шектесіп, екінші шеті Ауғанстанның орталығына жол бастайтын Саланг асуымен астасып жатқан аймақта көтерілісшілердің орталық ошағы орналасқан. Пәкістанның содырлары мен шет мемлекеттердің жалдамалы жауынгерлері дәл осы дәліз арқылы ауған соғысында атой салған. Қойны қонышы толы қазба байлықтың көмегімен Ахмад Шах Масуд қарамағындағы көтерілісшілерді қару-жарақтың түр-түрімен қамтамасыз етіп отырған.

Бұл содырларға Ауған мемлекетінің өз әскерінің қауқары жетпегендіктен Кеңес Армиясының араласуына тура келді. Ең басты мақсат партизандардың орталық ошағының көзін жою болды. Өйткені Кеңес әскерлерінің Ауғанстанға енуіне жол ашатын Термез-Кабул күре жолы Масудтың қарамағындағы моджахедтердің қатаң бақылауына көшкен. Оның үстіне Саланг асуын аспай Ауғанстанның орталығына бас сұғу мүмкін емес еді. Таудың ең биік ұшар басынан бастап тау-тас, жартас-жақпарлардың, үңгірлердің барын топ-топқа бөлініп алған содырлар жайлап алған.

Паншердің негізін Ауғанға ауып келген өзбек, тәжік, түркімен ұлтының өкілдері құрайтын. Изумруд пен лазуриттің, мол қазбасының арқасында бұл мекенді Ахмад Шах Масуд сркін билеп тұрған. «Мал айдаса жаудыкі, ысқырса желдікі» скенін жақсы білетін жергілікті халық Масудқа қатты табынатын. Соған қарамастан жеке жасақтың барлаушылары Паншер өзенін жағалап өзегі талмай отырған слдің бетін өздеріне қарата білді. «Сақтықты соқырдан, кішілікті түйеден үйренген» әккі Ахмад Шах Масуд барлаудың бар қыр сырын бес саусағындай меңгеріп алса да жеке жасақ барлаушыларын еріксіз мойындап, басын иді.

Партизандық соғыстың тәсіліне әбден төселіп, барлау жұмысын жан-жақты жолға қойып алған Масудты мойындату оңай шаруа емес екенін моджахедтерден бұрын қарапайым халық тез түсінді. Соның нәтижесінде қанішер Паншерде сегіз ай бойы соғыс болған жоқ.

Ауызша екеуара келісімнің нәтижесінің негізінде көп ұзамай қағаз жүзінде келісімшартқа қойылды. Тоғыз баптан тұратын шарттың мазмұнына көз жүгіртіп көрелік:

1. Барлық Кеңес және Ауған армиясы Паншер алқабын босатуы тиіс. Тек Анаба қыстағында екі елдің армиясынан бір-бірден батальон ғана тұрақтай алады. Армияның алқап жұртының ішкі жұмысында шаруасы болмауы керек.

2. Моджахедтер Анабаға орналасқан әскери құрылымға және оларға келіп кететін әскери коллонаға шабуыл жасамайды. 3. Моджахедтер Анабадағы әскери базалар-ды тексеріп бақылауға алуға құқылы. 

4. Осы екі батальонға азық-түлік таситын жүк көліктерінің келіп кетуі жайлы толық ақпаратқа ие болуы міндетті.

5. Осы шатқалдағы жайлаған елді мекен арасындағы миналарды Кеңес армиясы толық залалсыздандыруы қажет.

6. Шатқалдан тыс аумақта Кеңес Армиясы кез келген әскери асыруына болады. 

7. Екі жақтың жауынгерлері еш кедергісіз қарсы жаққа өтуіне мүмкіншілік бар. Өз еркімен берілгендерден басқа тұтқындар түгел алмастырылуы тиіс.

8. Паншер, Шутал, Санджан және Андара-баның бір бөлігі мен жоғарғы Гүл-Бахар аумағында соғыс тоқтатылады.

9. Анабада орналасқан моджахеттер тобы Паншер басшылығының құзырында болады. Бейбіт тұрғындардың Кабул MCH Паншер арасында емін еркін қатынас жасауына ықпалын тигізеді. Моджахедтер жергілікті халықтың ішкі тыныс тіршілігіне араласпайды.

Екі жақты келісімнің зор пайдасы болғанмен Ахмад Шах бұл шартты өз игілігіне тиімді пайдалана білді. Соғысты тоқтата отырып ол Кеңес әскерінің жойқын шабуылдарына тегеурінді тойтарыс беремін деп тентіретіп алған өз содырларын қайта жинақтап жауынгерлерінің санын арттырып әскери әлеуетін күшейтіп алды. «Паншер арыстаны» деген атағына сай осы шатқалда емін еркін жүріп тұруға мүмкіндік алды.

Ал Кеңес армиясы үшін бұл келісімнің пайдасына келсек, ең бірінші кез келген уақытта кез келген оппозицияның қаруланған топтарымен осы елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру үшін әскери шиеленісті, қажеті жоқ қақтығысты тоқтату мақсатымен әрқашан бейбіт келісімге дайын екендігін көрсетті.

Осылайша шатақ шатқалдың бейбітшілігін сақтау үшін бар жоғы бір айға қалдырылған біздің жасақ сегіз ай соғысты тоқтатып, тыныштықтың тірегі болды.

1983 жылдың наурыз айында біздің жасақ Руханы Ахмад Шахтың өзіне тапсырып, шатақ шатқалды тастап шықты. Келісім шартта көрсетілгендей барлық миналанған аумақты көрсетіп, сызба картасын қолдарына ұстатып кетті. Қу түлкінің ізіндей созылып жатқан жол бойында қаһарлы қару жарақтарын асынып, тізіліп тұрған моджахедтер арнайы мақсаттағы жеке жасақтың жанкешті жауынгерлерін бір оқ атпастан үнсіз ғана көзбен шығарып салды. Олардың көздерінде өшпенділік тұнып тұрғанмен бойларында құрмет сезімі де бар еді. Өйткені «бес арыстан елінің» тұрғындары арыстан жүректі азаматтарды алақанына салып, батырлық пен батылдықты, ерлік пен елдікті, ар мен абыройды, даңқ пен айбынды мойындайтын халық еді.

Сегіз айға дейін оқ атылмаған, от шарпыл-маған аймаққа наурыздан кейінгі сәуір айы тәуір ай болмады. Өкінішке орай 13 сәуірде соғыс оты қайта тұтанды.

-       - Ал әйгілі «қара майор» Сіздерді басқарды ма?

- Әрине, ол кісіге бізді о, баста басқарыпты. Ол кісі тапсырма береді, біз екі етпей орындап отырдық қой. Өте қатал, талапшыл адам. Даусы гүр-гүр деп келе жатқанда тығыла беруші едік. Ең бастысы өте әділ азамат. Жоғарыда айтқан Паншер шатқалында Ахмад Шах Масудпен кездесуге үш рет барды. Паншерде «қара майор» Ахмад Шах Масудпен кездесуге үш рет барды. Сол кездесудің біреуіне менің де қатысым болды. Түн ортасында таудың ішінде орналасқан бір қышлақта кездесу болды. Қараша айы болатын ұмытпасам. Біз артынан усилениеге, күшейтілген қорғаныс күші қажет жағдайда жедел көмекке ұмтылатын жәрдем тобы болып бардық. «Оқ тек бұйрық бойынша ғана атылуы тиіс» деген тапсырма бар. Алда-жалда байқаусызда айдаладағы бірсу оқты аспанға атып жіберсе бітті, нағыз қырғын соғыс басталып кетуі әбден мүмкін еді.

Сол шатақ шатқалда «Паншер арыстанын» тізе бүктіріп, келісімге көндірген біздің комбат «Паншер патшасы» атанды. Сонымен қатар «Қара майордың» қол астында қызмет атқарған сардарлардың төртеуі генерал шеніне ие болды.

- Әр күннің өз айтары болатынын ескерсек, Сіздің атақты шатқалда өткерген әр күніңіздің бір кітапқа арқау болатынын бүгінгі әңгіме барысында көз жеткізіп отырмын. Алдағы күндері мұндай сызды күндер болмасын. Ұрпағыңыз, балаларымыз көрмесін деп тілеймін! Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:44

17:33

17:09

16:18

14:24

13:13

12:42

12:28

12:12

11:41

11:11

10:50

10:10

09:09

08:13

07:17

20:17

18:57

18:38

17:59

17:48

17:37

17:21

17:15

17:06