Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді.
Атаулы күн қарсаңында Aqshamnews.kz редакциясы 32 жылдық тарихы бар төл теңгеміздің қалай жасалғанын, оған қатысты қызықты деректерді топтап көрді.
КСРО ыдырап, рубльмен қоштасқаннан кейін Қазақстанға өз валютасын тез арада енгізу қажеттілігі тұрды. 1992 жылы теңге жасау туралы шешім қабылданып, оның бірінші шығарылымы Англияда басылды. Дизайнды әзірлеу қазақстандық суретшілер тобына тапсырылды, олар банкноттарға ұлттық колоритті енгізіп, тұңғыш теңгенің бет-бейнесін жасап шығарды.

Сурет: Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі
Бірінші теңге банкноттарында Абылай хан және Әл-Фараби сында қазақ тарихының ұлы тұлғалары бейнеленді. Монеталарда мемлекеттің символикасы көрініс тапты, ал “теңге” атауы кездейсоқ таңдалмады. Ол ежелгі түркі сөзінен шыққан, мағынасы – “ақша” немесе “салмақ”. Бұл дәстүр жалғастығы мен тарихи тамырға оралу символы болды.
Теңге дағдарыстарды қалай өткерді?
Осы кезге дейінгі тарихында теңге бірнеше рет экономикалық соққыларға куә болды, ел ішінде де, әлемдік деңгейде де.
- 1998 жыл. Азия қаржылық дағдарысы Орталық Азияға әсер етті, Қазақстан да бұдан тыс қалмады. Валюта құнсыздана бастады.
- 2009 жыл. Жаһандық қаржылық дағдарыс кезінде Ұлттық банк теңгені девальвациялады: доллар бағамы 120-дан 150 теңгеге дейін өзгерді.
- 2015 жыл. Қазақстан еркін ауытқитын бағам жүйесіне өтті, бұл валютаның тағы да төмендеуіне әкелді. Доллар бағамы 300 теңгеге жетті.
Теңгеге қатысты қызықты деректер
- Бірінші теңге банкноттары жасырын шығарылды. Құпиялылықты сақтау үшін банкноттарды Англиядан Қазақстанға әскери ұшақтармен тасымалдаған.
- Банкноттардың ең жақсы дизайны. Қазақстандық теңге бірнеше рет әлемдегі ең көркем дизайнмен танылды. Мысалы, 2011 жылы 10 000 теңгелік банкнота халықаралық марапатқа ие болды.
- Ең ірі монета. 2018 жылы 1 килограммдық алтыннан 500 000 теңгелік монета шығарылды. Бұл Қазақстанның ең қымбат коллекциялық монеталарының бірі болды.
- Алғашқы монеталар Германияда соғылған, олар латунь және нейзильбер (мыс, никель және мырыш қоспасы) металдарынан жасалған.
- Теңге - әлемде мәтіндері екі тілде берілген жалғыз валюта.
Теңгенің құнсыздануы
Теңге пайда болған кезде доллар бағамы 4,75 теңге болды. Жылдар өте оның бағамы келесідей өзгеріп отырды:
- 1993 жыл: 4,75 теңге / доллар
- 2000 жыл: шамамен 140 теңге / доллар
- 2010 жыл: 150–180 теңге / доллар
- 2020 жыл: 400 теңгеден астам / доллар
- 2024 жыл: доллар бағамы 500 теңгеге жақындады
- 2025 жыл: көк ақшаның теңгеге шаққандағы құны 500 теңгеден асып кетті.
Осылайша, 31 жыл ішінде теңгенің долларға қатысты құны 100 еседен астам төмендеді.
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 1993 жылы бір килограмм нанның орташа бағасы 0,67 теңге болған (бір бөлке нан шамамен 0,47 теңге тұрған). Бір килограмм сиыр етін 7 теңгеге, қой етін 6 теңгеге сатып алуға болатын. Ал бір литр сүттің орташа бағасы 10 теңге болған.
1995 жылы қоғамдық көлікпен жүру құны Алматыда - 10 теңге, Ақмолада (Астана) - 7 теңге болған.
Тағы бір қызық дерек, 90 жылдары 100 теңгеге бір қой, ал 400 теңгеге бір сиыр келетін еді.
Ал қазір 1 теңге тұрмақ, 100 теңгеге көрінетін зат немесе азық ала алмайсыз. Еске сала кетейік, Ұлттық банк биыл маусым айында 1 және 2 теңгелік ұсақ монеталарды шығаруды ресми түрде тоқтатты. Десе де, Ұлттық банк төрағасының мәлімдеуінше, бұған дейін айналымда жүрген монеталар бар және олар қолданыста қала береді. Бірақ оларды қосымша соғу жоспарда жоқ.
Сарапшылар болжамынша, жаһандық экономикалық сынақтар мен шикізат нарығындағы өзгерістер жағдайында теңге бағамы мұнай бағасына және әлемдік экономикалық жағдайға тәуелді бола береді.